Атырау, 23 желтоқсан 10:33
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Арулардың құрметіне арналған көрме

9 036 просмотра

Ақпанның 22-сі күні «Ақжелкен» шығармашылық орталығында алғаш рет жергілікті арулардың көркемсурет және қолөнер көрмесі ашылды. Мұндай құрмет - әйел аналардың алдағы күнгі 8-наурыз мерекесіне орай өткізіліп отыр.

Көрме залына кірген жанның көзі де, көңілі де жайнап, жадырап шыға келеді екен. Айнала толған қанық бояулы ашық түсті реңк беретін нәзік қиялға толы жұмыстар... Қыз жанының еңбектенген қолтаңбасы екенін бірден аңғарасыз. Көрмені тамашалауға келген суретші ағаларымыз да осыны айтып жатты.

Көрмеге барлығы 20 өнерлі қыз-келіншектің жұмыстары қойылған екен. Қарап тұрсақ, әр суретшінің өзіндік стилі қалыптасқандығы аңғарылады. Оларға жеке-жеке тоқталсақ та артықтық етпес еді. Дегенмен, қолданбалы-сәндік өнермен айналысып жүрген Эвелина Югайды ерекше атап өтуге болады. Теңіз бақалшақтарына тіл бітірген бойжеткен қыстың күні қайыршақ іздеп әуре болмаймын, себебі жазда бәрін жиып қоямын дейді. Негізінен, қағаз бетіне бейне салып алып барып, барынша табиғи материалдарды қолдануға тырысады. «Жаныма жаз мезгілі жақын. Жұмыстарым да көңілді шығатыны содан болар. Қазір жұмысымды жиып қойып, өзіме демалыс жарияладым. Бірақ, енді Наурыз мейрамына дайындық басталмақ» деген Эвелина бір жұмысының бағасы ең қымбат дегенде 70 мың теңге шамасында тұратынын айтады. Алайда, жұмыстарын сатуға асықпайтынын, себебі, Астанада көрме өткізгелі отырғанын мәлім етті. Ал қолөнерші әрі суретшіЛюбовь Агеева болса, соңғы кездері икон кескіндемесі мен танымал қылқалам шеберлерінің суретін салуға қызығушылық танытып жүр. Ол қаладағы №22 мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. Алдағы уақытта Мәскеу қаласында өтетін көрмеге барғысы келеді. Көрменің салтанатты ашылуына келген суретші Исім АРЫСТАНОВ нәзік жанды әріптестері жөнінде былай дейді:

- Қыздардың жұмыстарына қарап, басым бөлігінің әуесқой екендігін байқадым. Олар бейнелеу өнерінің саласындағы ережеге бағынбай, қиял еркіндігіне ерік беріпті. Ол әрі қарай дамуға жақсы. Біздер шеңберде қалып қойдық. Бізді оқытқанда, белгілі бір ережеден аттамауға үйретті. Біз аруларымыздың сурет салып жүргендеріне риза болуымыз керек.

Осылай деп лебізін білдерген суретші Эвелина Югайдың еңбегінен бөлек, Гүлшат Иманғалиева мен Лаура Тілекпайдың бейнелеу шеберлігін айрықша атап өтті.

Ал әлемнің бірнеше сурет көрмесін қызықтап үлгерген шетелдік қонақтар мистер және миссис Грегорилер суретші Жазира Мухсиеваның «Көктем» атты жұмысына тәнті болғанын айтып отыр. Бұл жерде ең басты назар аудартып отырғаны – суреттің таза әйнек бетінде салынғаны. Сурет бояулары арқылы әйнектен ішке түскен түрлі түсті сәуле бөлменің ішін әдемілендіре түседі, бұл жұмыс сонысымен қызық, дейді олар. Айтпақшы, шетелдік ерлі-зайыптылардың екеуі де өнерлі екен. Әйелі сурет салуды, ері ән шырқағанды ұнатады. Екеуі де «Достық-Атырау» мектебінен келіп отыр.

Көрме наурыздың 10-на дейін созылады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

24 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.