Атырау, 23 қараша 02:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Киелі қобыз сырлары

9 689 просмотра

29 қазанда Атырауда алғаш рет облыстық қобызшылар сайысы өтті. Сайыс Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясындағы қобыз класының ұстазы Сұлухан ҚОЖАНТАЕВАНЫҢ құрметіне орай ұйымдастырылды. Сол күні сайыспен бірге Құрманғазы мәдениет сарайында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің қобыз тобының жетекшісі Жазира ӘУЕЗОВАНЫҢ (суретте) «Киелі қобызсырлары» атты концерті өткізілді.

Сұлухан Қожантаева өзінің еңбек жолын Дина Нұрпейісова атындағы ұлттық аспаптар оркестрінен бастады. Кейін Балықшыдағы балалар музыка мектебінің қобыз класында сабақ беріп, жүзге жуық қобызшыларды дайындап шығарды. Ал 1997 жылы Кіші өнер Академиясына сабақ беруге келді. Ол зейнет жасына шыққанына көп болса да, өзінің сүйікті ісімен қоштасқысы келмейді.       

- Бала күнімде домбыраға жақын болғам. Бірақ, мені көрген ұстаз қобызда ойнауға бейімсің деді де алып кетті. Қазір ойлап қарасам, мінезімнің салмақтылығына қарап айтқан болар деймін. Себебі, қобыздың өзі қоңыр үнді болған соң, оған үйрену үшін үлкен шыдамдылық керек, - дейді Сұлухан апай.

Академияда C. Қожантаеваның өзі жетекшілік ететін «Сұлужан» қобызшылар ансамблі бар. Олар да концертте Астанадан келген қонақтармен бірге бір сахнада өнер көрсетті.

Қазақ ұлттық өнер университетінің қобыз кафедрасының доценті Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВТЫҢ жетекшілік ететін «Тілеп» квартеті мен «Қорқыт ата» атындағы қазақ халық аспаптарында орындаушылар ансамблі Атыраудың өнерсүйер халқын ғажап туындылармен тәнті етті. Әсіресе, Ә. Қазақбаевтың «Тілеп сарыны», «Күлтегін» шығармалары мен Қорқыттың жыры «Қарағай» естен кетпес ерекше әсер қалдырды. Ә. Қазақбаевтың айтуынша, әр шығарманың артында үлкен ізденіс, үлкен еңбек, үлкен зерттеу жатыр. Мәселен, «Тілеп сарыны» күйі Тілеп бақсының өмірін зерттеу кезінде туған. Ол осы саз әуенінің алғашқы ноталарын түсінде көрген. Ал «Күлтегін» шығармасы кәдімгі көне түркі Күлтегін ескерткішінің дәл көшірмесін Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне әкеліп қондырған кезде туған дүние екен.

Облыстық қобызшылар сайысына қайта оралсақ, оған облыстық балалар саз мектептерінің 32 қобызшысы қатысты. Әлқуат Қазақбаев төрағалық еткен қазылар алқасы бас жүлдеге Сұлухан Қожантаеваның шәкірті - Дамира ӨТЕСІНДІ лайық деп таныды.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Зинат ОРЫНБАСАРОВА

6 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.