Атырау, 29 наурыз 13:06
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Абақтыдағы «жұмыс беруші» немесе алаяқтың түрлі айласы

Сурет
3 862 просмотра

Коронавирус пандемиясы еңбек нарығына айтарлықтай нұқсан келтірді. Мұны нақты өмірде де, виртуалды кеңістікте де «жұмысқа орналастыруды» кәсіп қылған тәжірибелі алаяқтар пайдаланып қалуда.


«СЕНІП ҚАЛДЫҚ»

Жақында қала тұрғыны Максим алаяқтардан зардап шегіпті. Жұбайы Анастасия өздерінің Павлодардағы тергеу абақтысында жатқан алаяқтардың құрбанына қалай айналғанын толық айтып берді.

- Мұның бәрі бірер күн бұрын танымал сайттан жүргізуші жұмысын іздеуден басталды. Күйеуім хабарландырулардың біріне тоқтады (суретте). Қоңырау соқты, тұтқаны өзін «кадрлар бөлімінде жұмыс істейтін Лейла Тахировнамын деп таныстырған әйел көтерді. Ол бәрін дұрыстап түсіндіріп, жүргізуші санатын сұрап, негізгі құжаттар тізімін (суретте) берді. Жұмысы - «АтырауФудСнаб» сауда компаниясы бастығының жеке жүргізушісі ретінде оны Toyota Camry 70 көлігімен тасу керек екен. Жалақысы хабарландыруда айтылғандай, бәрі келісімшарт бойынша, ресми, зейнетақы жарнасы аударылатын, жақсы жұмыс көрінеді. Дүкендерге «Газельмен» азық-түлік таситын тағы бір жұмыс бар екен, бірақ «С» санаты болмағандықтан, бұл жұмыс үйлеспейтін болды, - деп әңгімелейді Анастасия.

«Кадр бөлімінің» өкілі міндетті түрде санитариялық кітапша мен 086 үлгідегі анықтама керек екенін айтқан. Бұл құжаттар үміткерде болмапты. «Алаяқтық» осы жерден басталған. Телефонмен сөйлесу кезінде болашақ жүргізушіге дәрігер Владимир Васильевичтің көмегі ұсынылады, ол бұл шаруаны тез бітіріп бере алады екен. Айта кету керек, ол рөлін өте мықты ойнаған, әр сөзі қонымды болыпты. Телефонмен нағыз зиялы тұлға сияқты сыпайы сөйлескен. Ол үміткердің наркологиялық және психиатриялық диспансерде тіркелген-тіркелмегенін тексеру үшін жеке куәлігін ватсап арқылы жіберуді өтінеді. 10 минуттан кейін кері қоңырау шалуды сұрайды. Екінші рет шалған кезде санитариялық кітапшаның бағасы - 5200 теңге мен 086 үлгідегі анықтамасы үшін - 3800 теңге төлеу керектігін айтып, нөміріне төлеуді және түбіртектерінің суретін міндетті түрде жіберуді өтінеді. Бұл ресми бағасы екенін, оларды есеп беру үшін алып отырғанын жеткізеді. Сол кезде ерлі-зайыптылардың ойына: «Сонда бәрі ресми болса, бұдан оған не пайда?» деген ой келеді. Бірақ оның жауабын кеш біледі. Ал сол кезде оны пайымдауға мұршалары болмаған.


ФЛЮОРОГРАФИЯ ДА БАР

Сайып келгенде ерлі-зайыптылар алаяқтардың кесірінен 20 мыңнан астам теңгесін жоғалтады. Терминалдар комиссия алады, 9 мыңның орнына 9700 теңге төлеуге тура келген. Келісім бойынша түбіртектердің суретін күйеуі ватсап арқылы «дәрігерге» жіберген. Әрі қарай құжаттар дайындалып жатқанына сеніп, ол айтқан нұсқаумен әрекет етеді. Макисм 3х4 көлемдегі суретке түседі (екеуі «дәрігерге», екеуі «кадрлар бөліміне»). Сотталмағандығы жөніндегі анықтаманы электронды үкімет сайтынан жүктеп алады. Еңбек кітапшасы мен жеке куәлігінің көшірмесі болған. Бір сөзбен айтқанда, әзір отырады. Сол кезде Владимир Васильевичтен «қайта қоңырау шалыңыз» деген хабарлама келеді. Әңгіме кезінде «дәрігер» флюорография туралы сұрайды. Үміткерде рентген суреті болады, тек оған Алматыда түскен екен. Дәрігер Атырау облысының дерекқорында бұл мәліметтердің шықпай тұрғанын айтады. Проблема болмау үшін флюорографияға түсу керек (қазіргі уақытта емханаға бару қауіпті) немесе «дәрігердің» шотына тағы 2870 теңге лақтыру керек. Ол рентгенге түскені жөнінде бұрынғы датамен мөрді өзі қойып береді екен. Максим тағы да терминалға асығады. Жол бойында «дәрігерден» жаңа хабарлама алады. Ол өз көмегі үшін сыйақы күтетінін айтады. Оның не үшін осылай тырысып жатқаны енді түсінікті болды деп ұйғарады ерлі-зайыптылар. Күнделікті шаруа деуге болады, бірақ олар мұндай сыйақыны беріп көрмеген екен. Еңбегі үшін оған 5 мың теңге беруді ұйғарады. Максим флюорография үшін терминалға 3000 теңге жіберіп, «дәрігерге» түбіртегін жолдайды. Әлгі адам дереу қоңырау шалып, сыйақы туралы тағы да еске салады. Максим кездескен кезде беретінін айтады. Жауап ретінде: «Жоқ, маған бірден нөмірге жіберіңіз, әйтпесе, бізде күзет тексереді» дейді. Комиссиясын төлеп, «дәрігердің» қалтасына тағы 6000 теңгені жібереді. Осыдан кейін ғана облыстық кардиоорталық ғимаратының жанында бетпе-бет кездесу жөнінде келіседі.

ВЛАДИМИР ВАСИЛЬЕВИЧ МАМАНДЫҒЫН ӨЗГЕРТЕДІ

Айтылған мекенжайға келгеннен кейін Максим «Владимир Васильевичке» қоңырау шалады, әлгі төменге түсетінін айтады. Сөйтіп, бірнеше рет қайталайды. Басқаларды күттіріп үйренбеген аңғал адам «Лейла Тахировнаға» қоңырау соғып, кідіріп жатқанын ескертеді. Әйел құжатымен бірге күтетінін айтып сендіреді. Үшінші рет қоңырау соққаннан кейін дәрігердің телефонынан қысқа гудоктар естіле бастайды. Күйеуіне Анастаси көмекке келеді. Алғашқыда ол төменге түсіп келе жатқанын айтып, кейін жауап бермей қалады. Келесі қоңырауларды екі адресат та көтермейді. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар ерлі-зайыптылардың телефон нөмірлерін бұғаттап тастайды. Өзінің болжамын тексеру үшін жүргізушілікке үміткер болған Максим өзінің жұмыс берушілері болуы тиіс болған кеңсе ғимаратына таксимен барады. Күзетшімен сөйлесіп, ол жерде мұндай компанияның жоқ екенін және ешқашан болмаған біледі.

Үйіне келген соң, бәрін екшеп-текшеген соң ерлі-зайыптылар адамдардың психологиясын жақсы білетін адамдар екен деген қорытындыға келеді. Олар жақсы жұмысқа тұрғысы келген үмітпен адамдардың шаттанып, ойланбастан шалыс басатындарын жақсы түсінеді. Максим де 20 мың теңгесін маңызды жұмыстары үшін картасына сақтап қойған еді. Жоспары өзгеріп, ақшасы картасында қалып, құжаттар үшін төлемдерді жаңа жұмысқа кірсем деген үмітпен төлеген еді.

АҢҚАУ АДАМДАР БАРШЫЛЫҚ

Полиция департаментіндегілер жыл басынан бері алаяқтықтың 501 жағдайы тіркелгенін, олар аса ауыр (121), орташа ауыр (276) және аса ауыр емес (104) деген түрге бөлінетіндігін айтты. Бірінші санатқа көптеген эпизодтан тұратын алаяқтық жатады. Мәселен, алаяқтар он және одан көп адамға ақшасына үй кезегін жылжытамын деп уәде береді.

Осы жағдайдағыдай, интернет-алаяқтық орташа ауырлықтағы қылмысқа жатады. Оларды ашу оңай емес, салыстыру үшін, егер аса ауырлықтағы алаяқтық бойынша қылмыстың ашылуы – 71,75% болса, орташа ауырлық бойынша – 20%. Интернет-алаяқтардың көп болуы да содан

Құрбан болған жандар қылмыскерлердің шынайы аты-жөндерін білмейді, олардың сыртқы түрлерін сипаттап бере алмайды.

- Интернет-алаяқ құрбандарына түрлі тауарлар – көлік, қосалқы бөлшектер, заттар, сонымен қатар, бір нәрсені дайындау немесе жұмысқа орналастыру үшін делдалдық қызметін ұсынады. Олар өз облыстарынан тысқары «жұмыс істеуді» жөн көреді. Ол үшін өз хабарландыруларына басқа өңірлерді көрсетеді немесе өз құрбандарының тұрған жерін телефонмен сөйлесу кезінде анықтап алады. Осындай қылмыстарды тергеу барысында алаяқтардың ақша түсіріп алған өңірлеріне іссапарға шығамыз, - деп әңгімелейді ПД криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы Абай ЖҰМАБАЕВ.

ПД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша жақында тек бір күн ішінде жұмысқа орналастыруға қатысты алаяқтық әрекеттер бойынша 5 шағым түскен. 1971 жылғы әйел үш қала тұрғынын алдаған. Ол жақсы жұмысқа орналастырамын деп, әрқайсысынан 30 мың теңгеден алған. Тағы бір 1997 жылғы алаяқ Атырау тұрғынынан лайықты жалақысы бар жақсы жұмысқа орналастырамын деп 200 мың теңге алған. Ал осы бес шағымның бірінде Анастасия әңгімелеген «АтырауФудСнаб» компаниясы бой көрсетеді.

САҚ БОЛЫҢЫЗДАР!

- Біз де алдымен ҚІІБ-не арыз жазғымыз келді. Максим тергеушімен бірге кабинетке кіріп кетті. Ал мен сыртта өз-өзіме келе алмай отырдым. Жұбайым 5-7 минуттан кейін шығып, алаяқтардың арбауына түскен жалғыз біз еместігімізді айтты. Олар жоғарыға көтеріліп келе жатқанда тергеуші болған оқиғаның желісін өзі айтып берді. Максимге тек растау ғана қалды, - деп әңгімелейді Анастасия. – Тергеушінің айтуынша, оларда ақшамен алданғандардың шағымдары бар. Айтқан телефон нөмірлері де сол екен. Ұлы телефон нөмірінің Павлодар облысында тіркелгені, ал оның иесі тергеу абақтысында отырғаны белгілі болды. Оның телефоны әркімнің қолында жүруі мүмкін. Тіпті сол адамды тауып, істі павлодарлық полицияға тапсырса, ерлі-зайыптыларды Павлодарға шақырады. Әрине, оған шығын кетеді. Ол жақта қандай адамдардың отырғанын түсінемін, ар-ұят туралы айтпаса да болады. Басқа біреулерге сабақ болар деген оймен осы жерде бөлісіп отырмын.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Әлеуметтік желіден алынған суреттер

9 маусым 2020, 16:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.