22 қарашада Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында драматург Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» пьесасы бойынша сахналанған спектакльдің премьерасы болып өтті.
Сахнада үш-ақ кейіпкер: орманшы (актер Асылбек БӘДЕЛ) және қос ғашық - жасы елулер шамасындағы дәрігер Марат (Елтай ШАМАНОВ) пен оны құлай сүйген сұлу бойжеткен Айна. Бұл рөлді Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, актриса Нұршат АРАЛБАЙ сомдады. Бұл оның үлкен сахнадағы алғашқы рөлі.
Қалың орман ішіндегі бір аралда көліктері бұзылып қалып, түнге қалып қойған қос ғашықтың басындағы шым-шытырық оқиға қызықты басталады. Тәтті сезім құшағында алаңсыз сықылықтап күлген олар алдарында нендей қиындықтың күтіп тұрғанын еш сезбейді. Бәрі қас-қағым сәтте өзгеріп шыға келеді – бақыттан басы айналған Марат Айнаға ыстық ас әзірлеп бермекші болады. Бірақ, азық салған дорбасын сарқырамаға түсіріп алып, өзі де аяғын, белін ауыртып алады.
Ассыз, аш қалған олар күрделі жағдайға тап болады. Оның үстіне, Марат өздігінен қозғала алмайтын күйге жетіп, жерден тұра алмай қалады. Осы кезде менсінбей қуып жіберген орманшы естеріне түсіп, одан ас-су және ауруын басатын дәрі-дәрмек сұратады. Орманшы оларға көмектесуге келіседі, бірақ... көп ақша сұрайды. Марат қалтасынан қалыңдатып доллар шығара бастайды. Орманшы әйелінің өліміне кінәлі Мараттың істегенін алдына келтіруді көптен күтіп жүрген.
Орманшының әйелі қатты ауырып, ауруханаға жатады. Марат онда хирург болып жұмыс істейтін. Ол орманшы әр келген сайын «дәрі- дәрмектер үшін, операция үшін, күтімі үшін» деп бүкіл ақшасын сұратып тауысқан. Бірақ, орманшының әйелі бәрібір қайтыс болады.
Марат ол әйелдің өліміне өзінің қатысы барын бірден мойындамайды. Орманшы оның беретін ақшасы қалмағанда құнның орнына жанында шырылдап жүгіріп жүрген Айнаны беруін сұрайды. Қара басының қамы үшін уайым жеген Марат оған келісе қояды. Осы сәтте орманшының жапқан жаласына әуелі сенбеген Айна сүйіктісінің қандай бейшара адам екенін түсінеді.
Ол Маратты қалың орман арасына жалғыз өзін тастап, орманшымен бірге кетіп қалады.
Осылайша, бұл спектакльде адамдардың арасында бір-біріне деген адалдық пен сенім болмаса, сатқындық пен опасыздыққа баруға аянбайтындары анық көрсетілген.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев