- Жақсы тергеуші болуды армандаймын. Ата-анам ол мамандықтың болашағы бар дейді. ҚР ІІМ жоғары және орта оқу орындарына түсудің талаптары қандай?
Телефон арқылы
ІІД баспасөз қызметіндебізге хабарлағандай, ҚР ІІМ оқу орындарының (Алматы Академиясына, Қарағанды Академиясы мен Ақтөбе заң институтына) күндізгі бөліміне құжаттар 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Оқуға ҚР-ның жасы 25-ке дейінгі, бойы 170 сантиметрден кем болмайтын жалпы орта білімі, орташа техникалық білімі бар, ішкі істер органы қызметкеріне қойылатын талаптарға жауап бере алатын, әскери қызметке денсаулығы жарамды, сондай-ақ, ҚР қарулы күштері қатарында әскери борышын өтеген тұлғалар қабылданады.
ҚР ІІМ жоғары оқу орындары «050303» -мамандығы бойынша мамандарды дайындайды. 3 кәсіпті қарастыратын құқық қорғау қызметі: 1) тергеу-криминалистік; 2) оперативті-іздестіру; 3) әкімшілік-құқықтық мамандық.
ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсу үшін жалпы білім беретін мектептердің 11 сынып оқушылары міндетті түрде ҰБТ (кәсіби пәні «Бүкіл әлемдік тарих» балып табылады) тапсырады. Жоғары оқу орындарына өту баллы-50 баллдан кем болмауы керек (балл екі міндетті пән «Қазақстан тарихы» мен «Математика» және кәсіби пән «Бүкіл әлемдік тарих» пәні бойынша есептелетін болады). Мектеп бітіруші түлектер оқуға қабылдау жөнінде Атырау облысы ІІД бастығының атына өтініш жазуы керек. Содан кейін төмендегідей құжаттар пакетін жинастыратын болады:
-әскери комиссариаттан тіркелу куәлігі немесе әскери билет;
-3,5х4,5 (бұрышы жоқ)көлемдегі фотосурет– 8 дана;
- 9х12 (костюм, ашық түсті жейде және галстук таққан)көлемдегі фотосурет– 1 дана;
- жеке бас куәлігінің, туу туралы куәліктің, СТН және ӘЖК көшірмелері;
- 3 тоқсанның қорытындылары бойынша елтаңбалы мөр соғылған табель;
- орта білім туралы аттестат немеседиплом;
- елтаңбалы мөр соғылған мектеп, училище, әскери қызмет орынының немесе жұмыс орынынан мінездеме; ПИК немесе селолық округтан, мекен-жай бюросынан отбасы құрамы туралы анықтама;
- учаскелік полиция инспекторынан анықтама-мінездеме;
- мінездеме (көршілерден 2 пікір);
- мектеп, училище немесе жұмыс орынынан жиналыс хаттамасы.
Содан кейін үміткерлер ҚР ІІМ оқу мекемелерінің күндізгі бөлімінің тыңдаушылары ретінде әскери қызметке жарамдылығына дәрігерлік тексеруден өту үшін округтік әскери-дәрігерлік комиссияға жіберіледі.
ҚР ІІМ оқу мекемелерінде оқу мерзімі жедел әскери қызметтен өту мерзіміне есептеледі де ҚР ІІБ-дағы қызмет өтіліне есептеледі. Оқу мерзімі 4 жыл. Оқу барысында тыңдаушылар казармалық жағдайда тегін тамақ, киіммен қамтамасыз етіледі. Шәкіртақы алады. Түлектер міндетті түрде облыстық ІІБ-ның аумақтық бөлімшелеріне жұмысқа орналастырылады. Ол жерде 5 жылдан кем емес уақыт жұмыс жасауға тиісті. Анықтама алу үшін облыстың ІІД-нің кадрлармен жұмыс басқармасына хабарласу керек. №101, 103бөлме,телефон: 98-20-63.