Облыс әкімдігінде Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТЫҢ төрағалығымен «Мемлекеттік қызметтің кадр саясатының негізгі бағыттары» тақырыбында кеңейтілген кеңес өтті. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Салауат МҰҚСИМОВ баяндама жасады. Атап айтқанда, ол өткен жылдың соңында «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстары үшін әкімдердің жауапкершілігіне қатысты толықтырудың мәнін қатысушыларға жеткізді.
Бұрын бұл қағида сөз жүзінде айтылып жүрді, енді заң жүзінде ресімделді. Заңда 60-бап («Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен шығарылуы») 3-1-тармағымен толықтырылды. Сонымен, 1) өзінің орынбасары, аппарат басшысы не облыс әкімдерінің бірі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – орталық мемлекеттік органның басшысы отставкаға кетуге өтініш береді; 2) өзінің орынбасары, аппарат басшысы не аудан әкімдерінің бірі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – облыс әкімі; 3) өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары; 4) өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – облыс әкімінің орынбасары; 5) өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде аудан әкімі отставкаға кетуге өтініш береді.
Егер басшыны тағайындаған сәттен бастап оның қарамағындағы адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағанға дейінгі уақыт 3 айға жетпесе, бұл заңнамалық норма қолданылмайды. Тағы бір маңызды тұсы: отставкаға кету туралы өтініш соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін (күнтізбелік он күн ішінде) немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қысқартылғаннан кейін ғана беріледі.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ