AZATTYQ.ORG «Өзбекстан билігі Әндіжан қырғынын талқылауға дайын ба?» -Өзбекстан билігінің өкілі 2005 жылғы Әндіжан қырғыны туралы сөз қозғады. Жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапқан оқиға жайлы айтуға көп жыл тыйым салынып келген. Үкімет 1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері Өзбекстанда болған ең қайғылы оқиғаның бетін аша бастады деп үміттеніп жүргендер көп.
«Сапарбаевтың бесінші рет әкім болуы кадр тапшылығынан ба?» - Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы жанжалдан кейін Ақорда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевты Жамбыл облысының әкімі етіп тағайындады. Бұған дейін төрт облысты басқарған 67 жастағы шенеуніктің жанжал шыққан аймақ басшылығына тағайындалуын Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "саяси жүйенің кемшілігі, резерв тапшылығы" деп бағалайды.
«Құпия құжат: Шыңжаң мұсылмандары "сақал өсіріп, хиджап кигені" үшін қамалған» - Ұлыбританиялық ВВС арнасы мен америкалық Associated Press ақпарат агенттігі редакциясына түскен 137 беттік құпия құжатта Шыңжаңның 311 тұрғынының жеке өмірі, отбасы, діни ұстанымы туралы ақпараттар және не үшін лагерьге қамалғаны жайлы деректер бар. Құжатта 311 тұрғынның екі мыңға жуық туыстары мен көршілері жайлы да ақпарат келтірілген.
«"Бұл - өш алу". Полиция соттасқан блогер тағы да тергеуге алынды» - Полицейлердің жол ережесін бұзғанын видеоға түсірген оралдық блогер Айболат Бөкенов сотқа тартылды. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті оның үстінен "ар-ожданы мен іскерлік беделін қорғау" бабы бойынша сотқа шағымданған. Блогерге қарсы тағы бір талап арыз әкімдік қаржысына жұмыс істейтін газеттің қызметкерінен түскен. Былтыр осы адамның арызы бойынша блогер әкімшілік сотқа тартылып, қамауда отырып шыққан. Ақпанның 18-і күні Бөкенов тергеуге алынғанын естіді.
ZHASALASH.KZ. «Бақауовтың бақуатты туыстары: Тұтқындалған әкімнің династиясы туралы» - ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабының 4-тармағының 3-бөлігі («Билігі мен қызметтік құзыретін асыра пайдалану») бойынша қамауға алынған Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовқа үй қамағына ауыстырылды. Осыған байланысты Жас Алаш газетінің 21 қаңтар күні шыққан №3 санында жарық көрген «Бақауовтың бақуатты туыстары: Тұтқындалған әкімнің династиясы туралы» атты мақаланы сайтымызға жариялауды жөн көрдік.
INFORMBURO.KZ. «"Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?» - Заң жобасында журналистердің қызметіне қатысты сегіз тыйым бар. 17 ақпанда Алматыда бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасы талқыланды. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің өкілдері және азаматтық белсенділер қатысты. Олар министрлік ұсынған заңның шикі екенін алға тартып, құжатты дәл осы күйінде қабылдауға қарсылық білдірді.