Атырау, 18 желтоқсан 18:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

«Қазақстан спортында ақша табу мүмкін емес»

4 239 просмотра

«Атырау» ерлер волейбол командасы келер жылғы мамыр айында клуб командалары арасында Иранда өтетін халықаралық Азия кубогы чемпионатында Қазақстан атынан ойнайтын болады.
Естеріңізге сала кетсек, «Атырау» ерлер волейбол командасы биыл тағы да Қазақстанның кубогын жеңіп алған еді. Оған дейінгі республика кубогы өткен қыркүйекте Өскемен қаласында еліміздегі Жоғары А және Жоғары Б лигаларының 12 командалары арасында өтіп, финалға хромтаулық «Казхром», оралдық «Конденсант», петропавлдық «Есіл» және «Атырау» командалары шыққан болатын. «Казхромды» 3:2 есебімен ұтқан атыраулықтар, финалда «Есілмен» кездесіп, 3:2 есебімен ел кубогын қанжығасына байлады.

- Енді алдымызда ҚР чемпионатының 1-ші туры, - дейді команда директоры Жеңісбек Мұхамбетжанов.

Команданың аға жаттықтырушысы Александр Запеваловтың айтуынша, «Атыраудың» жаңа құрамы болашағынан үміт күттіретін команда.

- Командадағы 9 ойыншы - Р.Паненко, С.Смирнов,  К.Коновалов, В.Деревянко, Д.Семеев, Д.Жуков, С.Саранчук, И.Гафаров, М.Адырышев халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Ал биыл Азия чемпионатындағы ойындары үшін қазіргі команда капитаны Нариман Сүлейменов халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алса, А.Хилимов, Е.Тунов, Б.Жумагазиев, Д.Завгородний спорт шебері атанды.

Александр Запеваловтың айтуынша, биыл команда бұрынғы «Нефтяник Башкортстана» қазіргі «Урал» ойыншысы В.Пономорев, «Казхром» командасының ойыншылары А.Ожиганов, М.Мамедов тәрізді Ресейдің супер лигасының тәжірибелі  волейболшыларымен толыққан.  

- Біз команда құрамына оған көмегі тиеді деп санағандарды шақырып отырмыз. В.Пономоревті  командада көргеніме қуаныштымын, - дейді аға жаттықтырушы.

Команда ұлттық лигаға екі командамен, яғни, жастардан құралған «Атырау-2» командасымен бірге қатысқан.

- Бұл Александр Семеновичтің ұсынысы болды. Қауіпке қарамастан жас команда «Атырау-2»  волейболдың  шеберлерімен күш сынасты. Олар 7-ші орынды иеленді, ал бұл үлкен аренаға шықпағандар үшін үлкен жетістік. Қазіргі команда құрамындағы 22 волейболшының тек 9-ы ғана жергілікті ойыншылар. Сондықтан болар, журналистер «неге жергілікті балаларды баптамасқа, облыстық спорт мектебінің үлесі қайда?» деген сауалдар тастады.

Бұған жауап берген команда директорының сөзіне сүйенсек, бойы ұзын ойыншыларды табу қиынның қиыны. Өйткені, волейбол ойынының бұл спецификалық талабы.

Ал команданың қаржы көзі мен бюджетінің көлемін Жеңіс-бек Мұханбетжанов жасырған жоқ: «әрине біздің бюджетіміз футбол командасымен салыстырғанда жұпыны. Жыл сайын облыстық әкімдіктен 120 млн. теңге бөлініп отырады» деді ол.

Бірақ директордың ойынша,  Қазақстандағы үлкен спортта шығыннан басқа дәнеңе жоқ.

- Қандай керемет менеджер болсаң да Қазақстан спортында жүріп ақша табу мүмкін емес. Шетелдерде спортқа оның дамуына мүдделі аса бай адамдар демеушілік танытады. Тіпті Батыста мұндай командаларды ТВ-дан көрсету үшін ақша төлейді. Өйткені, аса қызықты матч кезіндегі көрсетілімге жарнама орналастыру арқылы телевидение үлкен табыс табады. Оған Қазақстанда әлі жете қойғанымыз жоқ, - деп мұңын шақты Жеңісбек Мұханбетжанов.

Команда директоры «Сіз білесіз бе, Ресейдің «Зенит» командасындағы бір ойыншының келісімі 1 млн. долларды құрайды. Ал ондай келісім шартпен ойнап жүрген ойыншылар ол құрамда алтау» дегенді де айтты. Бірақ «Атыраудың» жаңа ойыншыларының келісім құны коммерциялық құпия дейді. 

Ал Ресейдің мақтаулы ойыншысы аталып отырған В.Пономаревтің айтуынша, олармен келісім 1 жылға жасалған, оның ары қарай қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді.

Сания ТОЙКЕН

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.