AZATTYQ.ORG «"Билікке тосын сый". Жастардың "оянған" һәм билікке талабы артқан жыл» - 2019 жылы Қазақстан жастары саяси тұрғыдан “оянып”, билікке нақты талаптар қойып, өз құқықтары мен бостандықтары үшін белсенді күрес жүргізді. Олар елде саяси реформа жүргізу талабымен түрлі акциялар ұйымдастырды. Ал 2019 жылды “Жастар жылы” деп жариялаған билік бұл белсенділікке әртүрлі реакция білдірді.
«Өзбекстанның жаңа имиджі. Онда Ислам Каримовқа орын бар ма?» - Өзбекстан Батыс елдерін реформа жолына түскеніне сендіру үшін кең көлемді пиар науқанын ұйымдастырды. Шавкат Мирзияев әкімшілігі ескі жүйеден алшақтауға тырысқанымен, бірінші президент қазасынан бері үш жыл өтсе де, мемлекет Ислам Каримовтің көлеңкесінен арыла алмай келеді.
«Шыңжаңдағы қуғын-сүргін және Орталық Азия үкіметтерінің үнсіздігі» - Халықаралық ақпарат құралдары осы аптада Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдері, оның ішінде этникалық қазақтардың құқығының бұзылуы туралы жазып, «қайта тәрбиелеу лагерьлерінде» тұтқында болған азаматтардың бастан кешкен оқиғаларын жариялады. Баспасөзде Нұр-Сұлтан мен Пекин қарым-қатынасы және АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Шыңжаңдағы жағдайға байланысты үнсіз отырған Орталық Азия мемлекеттеріне сапарының кейінге қалуы талқыланды.
«Азаттық журналистеріне кедергі көбейген жыл» - Азаттық Радиосы журналистерінің жұмысына 2019 жылы кедергі көп кезікті. Билікке қарсы митингілерден хабар тарату кезінде тілшілерге түрлі шабуыл жасалды. Камераны көлегейлеген бейтаныс адамдар көбейді. Полиция басшылары бұндай кедергілерді “көре тұра көрмеді”. Редакция шағымданса да Қазақстан құзырлы органдар әлі үнсіз. Ұсталған, жауапқа тартылған ешкім жоқ.
«Иран генералының өлімі: Тегеран наразылығы мен әлем елдерінің реакциясы» - АҚШ Ирак астанасы Бағдатта әуе шабуылын ұйымдастырып, Иранның әл-Құдыс элиталық жасағының қолбасшысы, генерал Касем Сулейманиді өлтірді. Иран билігі "аяусыз кек алатынын" мәлімдеді. Ирак премьер-министрі елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне алаңдайтынын білдірді.
AZATTYQ-RUHY.KZ ««Тізерлеп тұрып рақмет айтыңдар». 2019 жылы аңдамай сөйлеп аты шыққандар» - Ашық та жасырын камераларға түскен биылғы «атақты» цитаталардың авторлары мен сөздерін бір еске алайық.
«КВН-шы Президент, Huawei-дің ауыр хәлі, түңілген Тунберг – 2019 жылы дүниені дүр сілкіндірген оқиғалар» - «Azattyq-Ruhy» 2019 жылы дөңгеленген дүниені дүр сілкіндірген оқиғаларға шолу жасады.
ZHASALASH.KZ. «Әбділдин ұлттың лидері еді» - Алматы халқы Жамбыл атындағы филармонияда мемлекет және қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын ӘБДІЛДИНДІ ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсіміне саясаткердің туған-туыстары, ғылымдағы және саясаттағы әріптестері, шәкірттері келді.