Атырау, 19 қараша 00:30
 ашықВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Людмиланың бақыты

2 532 просмотра

Молдағалиев көшесіндегі 26 үйдің бір бөлмелі пәтерін Людмила ата-анасының Шалқымадағы екі бөлмелі пәтеріне ауыстырып алған еді. Алайда, мекен-жайын ауыстырғанмен ештеңе өзгермеді: айналасындағы ішімдікке салынғандар мен нашақорлар оған сиыр жапасына үймелеген шыбындай ұшып барды: бұрынғыша кездейсоқ көңілдестердің, маскүнемдердің, нашақорлардың тізбегі. Доза үшін ақша іздеу, одан кейін есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін жаза арқалап, темір тордан бір шықты, қысқасы өмір емес, азап болды

Бір кездері ішкен күйі ұйқыдан тұрмастан анасы өмірден озды, артынша жыл өткен соң әкесі кетті. Інісін, бақытына қарай бұл азаптан интернат құтқарып қалды.

Алайда, Людмиланың өмірі жалғаса берді. Бірде оған, апиынға тиыны жоқтарға ұсынылатын «крокодилды» ұсынды. Шамалы айдың ішінде оның денсаулығы сыр бере бастады.

...Уколдың орны жазылмады. Уланған күретамыры мен сіңірі жұмыс істеуден қалды: енді аяғын аттаған сайын ауру оны әбден қысты. Миы қоймалжыңға айнала бастады, сөйтіп, 33 жастағы әйел тірі өлікке айналды. Оған ешкім аяушылық танытпады, тіпті, одан иттер де қашатын. 2009 жылдың алдында оған тағдыр өзінің тағы бір кезекті тосын сыйын сыйлады. Пәтері өртенді.

Өрт сөндірушілер кеткеннен соң Людмила  өзінің терезесіз қалған ашық-шашық мекенінен азар дегенде орнынан тұрды. Ал, сол жылғы қыс қатты болды. Екі күннен кейін бөтелкелес көршісі оны аяп, үйіне шақырды. Екі ай өткен соң қайырымдылық аяқталып, әйел тағы да далада қалды. Есірткіден денесінің «сынуы» және суықтан нашақор қыз ешкімді көмекке дауыстап  шақыра алмады – дауыс желбезегі де сол сәтте бұлшық еттері секілді семіп қалды.

 

СОҢҒЫ ҮМІТ

…Қардың үстінде бүк түсіп жатқан адамға қарауға көбінің дәті бара қоймас. «Бәлкім, осы дұрыс болар», - деп ойлады өз терезелерінің пердесін қымтай жапқан үй тұрғындары. Алайда, оларды кінәлауға болмас. Осы уақыт ішінде оның пәтерінен шыққан тәулік бойғы айқай мен төбелес, ұрыс-керіс, есіктің тарс-тарс жабылуы көршілерінің берекесін қашырған еді. Людмиланың ең бір аяушылық танытқан көршісі жәдел жәрдемнен тағы да ұрыс естіді: «Үсіп өледі деген қандай диагноз? – деп диспетчер жүйкесін тоздырды, - Онда оны жылытыңыздар! Сіз бізге жұмысқа кедергі келтірмеңіз...». Қаңғыбастар үйі құжатсыз қабылдамайды, ал, қалалық ІІБ тіпті, сөйлеспей қойды. Оған енді құдайдан басқа сөзіне құлақ асатын адам қалмады. Ақыры шіркеуге хабарласты. Әкей қаладағы танымал бизнесмен Николай Белкинді жұмсады. Ол аталған мекен-жайға келіп, есірткіге елірген Людмиланы Балықшыдағы наркологиялық диспансерге орналастырды.

Таза жаймалар, ыстық тамақ, күтім мен емдеу шараларының пайдасы тиді, бір жарым айдан соң ол диспансерден шықты. Алайда, «крокодилді» қолданудың салдары сұмдық болды. Людмила азар дегенде сөйлеп, әрең қимылдайтын болды, ал сырқаты оның өмірлік серігіне айналды. 

Диспансерде жатқанда оның құтқарушысы мекеме сыртында күтіп жүрді. Дәрігерлер Людмиланың өмірімен алысып жатқанда, ол оның пәтеріне терезелерін қондырып, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жүргізді, тіпті, әжетханаға жаңа кафель төседі. Ал, кейін ол оның өмірінен ғайып болды. Сөйтіп бәрі өзінің бұрынғы қалпына қайта оралды.

 

МАХАББАТ ПЕН КӨГЕРШІН

Сауық-сайран жалғаса берді. Қонақтар арасынан Людмиланың көзі оған түсе берді. Владимир ДАНИЛОВ не ішпейді, не шекпейді. Алайда оның тарсылдаған жүрісі, күмілжіген әңгімесінен  Людмила өзінің «әріптесін» көргендей болды. Жас жігіттің махаббаты мен ықыласы Люда үшін  қара түнектегі сәуледей болды. Жүрегі езіліп, көзінде жарқыл пайда болды. Алғаш рет Людмила өзіне басқа жағынан қарады.

Пеш үстінде шәйнек қайнап жатты. Кештердің бірінде Володя өзінің сүйіктісін қолынан жетектеп балконға апарып, төменгі жақтан кекілді аппақ екі көгершінді алып шықты. Дәл жас жұбайларша олар күлімдеп тұрып көгершіндерді жұлдызды аспанға ұшырып жіберді. Мұндай татулық пен бақытты Людмила ешқашан сезініп  көрген емес: осынау романтикалық кездесуден соң олардың өз өмірлерін мәңгілік байланыстырамыз деген шешімдері қабылданды.

Володя өз сүйіктісін нашақорлық құрсауынан үлкен қиындықпен алып шықты. Ол өзінің басынан өткерген қатаң тағдырына қарамастан қолынан іс келетін жігіт болып шықты. Оны ешкім де жұмысқа алған жоқ. Бірақ, ол отбасын асырау үшін не жұмыс болса да жасады - балық аулады, жөндеу жұмыстарын жүргізді, вагон түсірді, техниканы жөндеді, өзіне ұсынған қай жұмыстан да бас тартқан жоқ. Әйелінің жүкті екендігі туралы хабарды ол жаратқанның сыйы деп қабылдады, әйелдер кеңесінің дәрігері болса, бұл жаңалыққа қуана қоймады. Алайда, тоғыз айдан соң Людмила егіз баланы дүниеге әкелді. Қыз баланы олар Каролина, ал, ұлды –Николай деп атады.

Бұрын бүкіл үйдің мазасын қашырған олардың пәтеріне бақыт қонды деуге болады. Интернаттан оқып келген Людмиланың інісі Владимирге көмекші, әпкесінің қамқоршысына айналды.

«Өзімнің отбасым үшін кімнің болсын басын жұлып алуға бармын, - дейді отағасы өз сәбиінің бетінен сүйіп. – Оларды ешқашан тастап кетпеймін, олар жақсы азаматтар болып өседі... Ол үшін мен қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын».

Людмила күйеуінің сөзін күлімсірей ғана қостап қояды. Ол да бір нәрсе айтқысы келеді, алайда, дауысы қарлығып ештеңе естілмейді. Оның не айтып тұрғанын түсіну үшін маған «max» және есту белгісін басып, ішкі түйсігімнің көмегіне иек артуға тура келеді. Бірақ, онымнан пайда болмады. Шамасы, Владимир түсінетін сияқты. Людмиланың сөзін түсінетін жалғыз адам сол.  

- Люда - өмірдегі ең қымбат нәрсе бала дейді, - деп ол аударып берді. Ол да өзінің шамасына қарай тырысып жүр.

Олар келісе қоймас деген оймен: - Сіздердің аты-жөндеріңізді мақалада атауға бола ма? Суретке түсіруге бола ма? – деп сұрап қоямын.

- Әрине, - дейді олар бастарын шұлғып. Бәлкім, біздің басымыздан өткен оқиғалар біреулерге сабақ болар. Анасының сақауланған өтініші бойынша Каролина бұрышта жалғызсырап отырған  пүліш  қоянды алып, әкесінің тізесіне өрмелеп отырып, қимылдамастан  фотоаппаратқа қарап қалды.

- Сіз нені армандайсыз?

- Ұлымды спорт мектебіне, ал, қызымды биге берсем деймін...

- Өзіңіз ше?

- Емделсем деймін, әйелімді адам қатарына қосып, дұрыс бір жұмысқа орналассам деймін. Бірақ, енді бұл ешқашан болмайды... – Коляны көңілсіздік басты, кенет сиқырлы таяқшаны сілтеп қалғандай оның жүзіне күлкі үйіріле қалғаны:

- Мен сіздерге өзімнің кептерханамды көрсетейін бе? Олардың қандай трюктер жасайтынын көрсеңіздер ғой, сенбейтін боларсыздар...

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

7 қараша 2012, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.