Жақында Атырауға Қазақстанда жаңа Демократиялық партия құру бойынша ұйымдастыру комитетінің өкілдері келді. Еске салсақ, өткен 16 қазанда белгілі журналист, қоғам қайраткері, 2017 жылы жабылған «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакторы Жанболат МАМАЙ, белгілі журналист, публицист Сергей ДУВАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген ЖҮКЕЕВ Қазақстанда жаңа саяси партия құратындарын мәлімдеген еді.
СКАЙППЕН СӨЙЛЕСУ
2017 жылғы қыркүйектегі сот шешімімен Алматыдан шығуға және қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салынғандықтан Жанболат Мамай өңірлерге бара алмады, бірақ барлық жерде ол интернет арқылы байланысқа шығып, саяси ұйымның мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп берді.
- Батысқа барып, тікелей өздеріңізбен көрісіп, пікір алмасып, сұрақтарға жауап беріп, барлық мәселелерді бірге талқылаймыз ба деген ой болды. Бірақ пробация қызметі қаладан шығуға тыйым салып отыр, Алматыда жіпсіз байланып отырмын. Сондықтан сіздермен скайп арқылы байланысқа шығуға тура келді, - деді Жанболат Мамай. - Осыған дейін Орал мен Ақтөбеде болдық. Біз өз күресіміз, саяси бағыт-бағдарымыз туралы, партия болашағы туралы ашық айтқымыз келеді. Бізді қудаламай жатыр деген әңгімелердің жүріп жатқанын білемін, ол бос сөз, өйткені, қудалаудың эпопеясын жеке басымнан өткіздім, әлі күнге бостандығым шектеулі. Біз кездесулерді жабық жерлерде ұйымдастырып отырмыз. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Тоғжанов белсенді Бақыт ЖАНШАЕВАНЫ шақырып, партияға қосылма, ұйымдастыру комитетіне араласпа, азаматтарды жинауға көмектеспе, біз саған қолдау көрсетеміз депті. Ол да қудалау, ол да қысым. Біздің басты қарсыласымыз – бүгінгі билік. Қазақстанды жемқорлыққа батырып келе жатқан 30-жылдық жүйе. Қарасаңыз 162 адам бүкіл Қазақстанның 55 пайыз байлығын иеленіп отыр екен. 2 млн адам әлеуметтік көмекке зәру, демек, кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Біз бір-бірімізбен емес, жүйемен, билікпен күресуіміз керек. Осы мақсатта бірге жұмылуымыз керек. Саяси партия құру – бірлікке шақыру. Партия сіз қолдасаңыз ғана, Қазақстанға осындай саяси партия керек, саяси өзгерістер керек десеңіздер ғана құрылады.
Демократиялық партия құру бойынша Орал қаласындағы штаб өкілі болып Жанат ЕСЕНТАЕВ, Ақтөбеде Бақыт ЖАНШАЕВА тағайындалды. Партияның басты акцияларының бірі – саяси тұтқындарға бостандық әперу.
- Мұхтар Жәкішов, Макс Боқаев, Арон Атабекке бостандық алып беруіміз керек, олардың бостандығы үшін күресуіміз керек. Егер 2016 жылы Атырау халқы дүр етіп көтерілмегенде, қоғамды оятпағанда жердің тағдыры қалай болар еді, біздің тағдырымыз қандай болар еді – ол үлкен сұрақ. Макс ақталу керек, оған Халық қаһарманы атағын беру керек, - деді Жанболат Мамай. - Сонымен қатар, қарастырылатын мәселелердің қатарында жер мәселесі де тұр - 2021 жылдың соңында жерге қатысты мораторий аяқталады, одан кейін жердің тағдыры қалай болатыны тағы белгісіз. Жер шетелдіктерге ешқашан сатылмайды да, жалға да берілмейді деген мәселені анық айтуымыз керек.
Партияның алға қойған мақсаттарының ішінде Қазақстанды парламенттік республика ретінде өзгертетін жаңа Конституция қабылдау да бар.
Өз пікірін жиналыстың модераторы болған белгілі қоғам белсендісі Талғат АЯН білдірді:
- Бір апта бұрын Әлібек МУСАҰЛЫ екеуміз Макс Боқаевқа барып келдік. Сол кезде Жанболаттың партия ашып жатырғанын, бағдарламасы туралы жеткіздім, бір адамның басына табынушылықты жою, халықтың қамын ойлайтын ұйымға айналдыру бағытын айтып түсіндірдім. Макстен ақыл сұрадық. Ол Жанболатқа бір ғана талап қойды – экран алдында тұрып, «мен сіздерді тастап кетпеймін, қандай қысым болса да, ашық айтамын» деп ерлерше уәде берсін деді. Жанболат 18 жасынан бері саясатта жүр, Жаңаөзен оқиғасы кезінде де өзін көрсетті. «Трибуна» газетін шығарып, билікке қарсы тұлғалардың мақалаларын ашық жариялады. Мен Жанболатқа сенемін, қолдаймын. Маған әлі бір жарым жыл қоғамдық іспен айналысуға тыйым салынған, алайда жанашыр жан ретінде көмек беруге дайынмын.
40 МЫҢ ҚОЛ ЖИНАУ КЕРЕК
Жаңа партияны тіркеу рәсімдерін Ғалым АГЕЛЕУОВ айтып берді – ең алдымен облыстардың үштен екісінен, республикалық маңызды қалалар мен астанадан 1000 қол жинау керек. Әрі қарай құрылтайшылық съезд өтіп, партияның жарғысы, бағдарламасы және басқа да негізгі құжаттар қабылданады.
- Осыдан кейін бізге 40 мың мүше жинау үшін 4 ай уақыт беріледі. Егер жинай алсақ, әділет министрлігіне тіркеуге құжат тапсырамыз,- дейді Ағелеуов.
Белсенді, журналист Инга ИМАНБАЙДЫҢ сөзі сезімге толы шықты:
- Соңғы жылдары әлемге күлкі болатындай деңгейге жеттік - кез келген шетелдік журналистің елімізге келгендегі алғашқы сұрағы - «Сіздерде екі президент бар екені рас па?». Біз әлемде диктатураның, авторитарлық режимнің феноменіне айналдық. Әр адам Қазақстанның астанасы Нұр-сұлтан қаласына келу үшін алдымен Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға тоқтайды, Назарбаев даңғылымен баратын жеріне барады. Сіздерден біреу Астананың атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыруды сұрады ма, жоқ, Тоқаевты президент етіп сайлаймын деп сұрады ма, жоқ, Назарбаев әкелді де отырғызды. Ойыншық, бұрмаланған сайлау арқылы оны заңдастырып берді. Бірақ дәл қазір Тоқаев бір министрді де өз еркімен қоя алмайды. Осының бәріне көніп отыра беретін заман өтті. Ал неге партия керек дейсіз бе? Бізге жүйе керек, Алматыда бір топ, Ақтөбеде бір топ, Атырауда бір топ күресіп жатады, бірақ жеке-жеке. Жақында Дианара МУКАТОВАНЫ 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Біз не істей алдық? Ештеңе. Себебі, біз саяси күш емеспіз. Ал біз партия аясында кем дегенде 1000 адам біріксек, съезімізді өткізіп, бағдарламамызды қабылдап, сол арқылы халыққа насихат жүргізіп, 40 мың жақтасымызды жинай алсақ, сол 40 мыңның біреуін тағы да 5 жылға соттайтын болса, біз күш болып қорғай аламыз.
«СІЗДЕРГЕ ҚАЛАЙ СЕНЕМІЗ?»
Әрі қарай залдан сұрақтар қойылды. Жас жігіттердің бірі Жаңаөзен оқиғасы кезінде митингіге шыққан жұмысшыларды қолдаған Жанболат Мамай мен Владимир КОЗЛОВ туралы сұрақ қойды:
- Козловты сотқа тартып, сізді куәгер ретінде шақырғанда «ауырып жатырмын» деп келмедіңіз. Алайда өзіңіз Алматыда өткен баспасөз конференциясына қатысып жаттыңыз. Козловты жеті жылға соттады. Сын сәтте тек қарабасыңыздың қамын ойлап кеттіңіз, енді сізге қалай сенуге болады?
- Атырау әкімдігі бұл кездесуге жақсы дайындалған сияқты,- деп күлді Мамай. – Жас жігітсіз, осындай арандатуға қатысқаныңыз үшін мен ұялып отырмын. Ал Козловқа келсек, біздің қарым-қатынасымыз жақсы, үнемі араласып отырамыз, оның маған қояр кінәсі жоқ. Екіншіден, мен ешқандай қысымға қарамастан халықтың мүддесі үшін соңына дейін тұрамын.
Кездесуге жиналғандар азаматтық белсенді, 2016 жылғы «жер» митингісінен кейін қудалауға ұшыраған Әлібек Мусаұлын Демократиялық партияның жергілікті ұйымдастыру штабының өкілі ретінде бірауыздан сайлады.
Келесі күні ұйымдастыру комитетінің мүшелері Жаңаөзен қаласына кетті.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор