Атырау, 27 желтоқсан 00:43
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Домбыраның дүлдүлін еске алу сайысы

5 946 просмотра

Облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда халық әртісі Рыспай ҒАБДИЕВТІ еске алуға арналған «Күй қағаны» атты І республикалық сайыс болып өтті.

Cайысқа 38 домбырашы қатысты. Олардың арасында ең жасы – Павлодар қаласының өнер колледжінен келген 16 жастағы оқушы Дидар ОЛЖАБАЙ болды. Қазылар алқасы оған және бірқатар жастарға күйші Әзидолла Есқалиевтің арнайы ақшалай сыйлығын тапсырды. Өзге де қатысушылар күй шебері Қаршыға Ахмедияров атындағы және қазылар алқасына төрағалық еткен композитор Айтқали Жайымов атындағы сыйлықтарға ие болды.

1-орын Алматы қаласының Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқып жатқан біздің жерлесіміз Нұржан ТӘЖІКЕНОВКЕ бұйырды. Бас жүлде ақтаулық Абылайхан ТІЛЕПБЕРГЕНОВКЕ (суретте) табысталды. Ол да Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқиды. Жасы 22-де.  

- Жеңісің құтты болсын! Өзің туралы айтып өтсең...

- Менің кіндік қаным тамған жер – Маңғыстау да, ал Атырау да маған алыс емес. Себебі, әкем Ганюшкинода туған, сонда бала күні өтті. Сайысқа келсек, тартысты да қызықты өтті. Мен мұнда уайыммен келдім. Өйткені, сайыстың талабы бойынша қатысушылар Рыспай ағаның орындауындағы күйлерді орындаулары тиіс болды. Мұның өзі күрделі шығармашылық емтихан болып есептеледі. Күйлерді Рыспай аға секілді орындау тіптен мүмкін емес. Ол кісінің домбырада күй шерту стилі ерекше болған. 15 жыл бұрын Рыспай аға Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында шеберлік класын өткізген. Сол кезде оның күй тартысы түсірілген бейнетаспа бар. Біз сол таспаны қарап, оның күй тартысындағы ерекше тұстарын үйренуге тырысамыз.

- Өзің қандай күйлерді орындадың?

- Сайыстың бірінші кезеңінде халық күйі «Ел айырылғанды», Құрманғазының «Терісқақпайын», Дәулеткерейдің «Қос ішегін» орындадым. Екінші кезеңде Жантөренің «Шалқыма» күйін, Құрманғазының «Байжұма» күйін, ал үшінші кезеңде Атыраудан Қаршыға Ахмедияровтың «Атырау» күйін, Маңғыстаудан Еспай күйшінің «Терісқақпайын», Динаның «Бұлбұлын» орындап шықтым.

- Сайыс әділ өтті деп ойлайсыз ба? Себебі, біз мұнда қазылар алқасының берген бағасы әділ емес деп санаған жас сайыскерлердің бірін кезіктірдік.

- Бас жүлде иегері атанған соң айтып отыр деп ойлай көрмеңіз, бірақ, қазылар алқасы толық әділ болды деп ойлаймын.

Айта кету керек, Абылай осы жылы мамырда Атырауда өткен Әзидолла Есқалиев атындағы республикалық сайыста да бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Әнуар Әбілғазиев

31 қазан 2012, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.