Жақында өткен брифингте Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айгүл ТӘШЕНОВА еліміздің басқа қалаларындағы ауыр науқас балаларды емдеуге ересектердің жетекшілігімен қайырымдылық садақасын жинаған кәмелетке толмағандардың қызметі заңсыз болғанын хабарлады.
Нәтижесінде кәмелетке толмаған «еріктілерді» басқарған ересектер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабы бойынша («Кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тарту») жауапқа тартылған. Бұдан басқа, сот істің мән-жайын анықтау үшін прокуратураға жеке қаулы шығарды.
Мен бұл «AЖ» бірнеше рет жазған «Үміт жарығы» қоры емес пе екен деп, тексеруді ұйғарып, Айгүл Тәшеновамен кездестім. Сөйтсек, сол «Үміт жарығы» болып шықты.
Сот төрағасының айтуынша, ішкі істер органдары Атырау облысының тумасы және «Үміт жарығы» қорының Атырау филиалының еріктісі, он сегіз жастағы Айлин К.-ға қатысты әкімшілік іс қозғаған.
Істі тергеу барысында Айлин ерікті-балалар жинаған барлық ақшаны, оның айтуынша, Украинада ма, әлде Беларуссияда ма, жүрген әлдебір Никита ДЖАППАРИДЗЕНІҢ банктік картасына аударғанын айтты. Айлин оның байланыс деректерін бере алмады.
- Жалпы, «Үміт жарығы» қорының барлық заңды құжаттары бар, ол тек Алматыда жұмыс істейді. Ол өзін Атырау филиалының еріктісі ретінде таныстырды, бірақ мұндай филиал жергілікті әділет органдарында тіркелмеген. Сондықтан ішкі істер органдары оны заңсыз қызмет еткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салды, - дейді Айгүл Қуанышқызы.
Айлиннің өзімен хабарласу мүмкін болмады, ол ақыры телефон тұтқасын көтермеді.
- АЛ НИКИТАНЫ БОЛА МА?
- НИКИТА ЖОҚ.
Әрі қарай қордың Алматыдағы басшылығымен хабарласуды ұйғарып, оларды үркітіп алмас үшін мұқият әрекет етпек болдым. Әріптесімнен басқа қайырымдылық қорының өкілі ретінде ол жерге хабарласуын өтіндім. Әріптесім «Үміт жарығы» қорының сайтында көрсетілген ұялы нөмірге қоңырау шалып, оның басшылығына Атырауда жоспарланған-мыс қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысуға шақырмақ болды. Тұтқаны өзін Бақтиярмын деп таныстырған ер адам көтерді:
- Өкінішке орай, біз қазір Атырауда жұмыс істемейміз, бірақ жақын уақытта қайта іске қосуды жоспарлап отырмыз.
- Бізге сіздің телефоныңызды жақында ғана берді. Сіздердің Атыраудағы белсенді қорлардың бірі екенін айтқан еді...
- Біз сіздің қалада біраз уақыт жұмыс істедік. Қазір бізде қызметкерлеріміз ауысып, басшылық өзгеріп жатыр. Біз қайта іске қосыламыз. Қазіргі уақытта сіздің қалаңызда жоқпыз.
- Өкінішті-ақ…
- Шара қай уақытқа жоспарланған?
- Шамамен қарашаның ортасында.
- Бәлкім, сол уақыттарда болып қалармыз...
- Сіз қор басшысысыз ба әлде...?
- Мен бұл қорға жетекшілік етемін.
- Сіздердің қалай жұмыс жасайтындарыңызды көру үшін сайттарыңыз бар ма, мүмкін сіздің тәжірибеңізді қолданармыз.
- Сіз маған Whatsapp-қа қандай қордың өкілі екеніңізді, аты-жөніңізді жазып жібересіз бе, мен сізге біздің сайтымыз бен Instagram парақшасына сілтеме жіберемін.
- Түсінуімше қайырымдылық жәрмеңкесіне қатыса алмайсыздар ғой?
- Әзірге сізге нақты уәде ете алмаймын.
- Сізде Никита (Джаппаридзе) жұмыс істеді ғой, бұрын біздің қыздар онымен жұмыс істеген еді...
- Ол қазір жұмыс істемейді.
«ДӘЛЕЛДЕНБЕГЕН ЖАҒДАЙ»
Ал, «Үміт жарығы» қорының ресми парақшасына және Instagram-дағы парақшасына сілтеме келмеген соң Бақтиярға қоңырау шалып, өзімді жақында ғана қоңырау соққан әріптесімнің әріптесі ретінде таныстырып, тағы біраз ақпарат алдым:
- Жақында менің әріптесім сізге қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты хабарласты. Біз Whatsapp-қа сіздің қорыңыздың парақшалары туралы сілтемелер беруді өтінген едік, бірақ сіз ештеңе айтпадыңыз...
- Көрдім, иә. Бірақ қазір құжаттармен шауып жүрмін, қолым босамай жатыр еді.
- Бақтияр, білесіз бе? Сіздің қор туралы ақпарат іздеп жүріп, қордың Атырау облысындағы филиалына жетекшілік еткен қызметкеріңізге заңсыз іс-әрекеттері үшін айыппұл салғаны туралы және науқастарды емдеу үшін балалар жинаған қаражаттың барлығы шетелге кетіп жатқаны туралы жағымсыз ақпаратты көрдік…
- Жалпы, бұл дәлелденбеген жағдай. Мұндай іс болғандығы есімде жоқ. Біздің қор шынымен де сіздің қалаңызда жұмыс істеді, бірақ қыс жақындап қалғандықтан, сауда үйлерімен келіссөздер жасап үлгермегендіктен, филиалды жабуға тура келді.
- Аа, солай ма. Мен бұрын Никитамен сөйлесіп тұратын едім. Фамилиясы, Джаппаридзе болуы керек...
- Иә, иә, иә...
- Ал ол менің түсінуімше, сізбен енді жұмыс істемей ме?
- Ол қазір қателеспесем, басқа ұйымда, басқа жүйеде жұмыс істейді. Меніңше, қайырымдылыққа қатысты ұйым да емес. Жалпы, басқа жобада жұмыс жасап жатыр.
- Бақтияр, мен сіздің қорыңыздың сайтын тапқан сияқтымын. Негізгі бетінде бір қыздың суреті бейнеленген, «Үміт жарығы» қайырымдылық қоры деген жазуы бар.
- Біздің сайтымыз «Үміт жарығы» деп аталады, қателеспесем. Бір секунд күте тұрыңыз...
- Міне, қараңыз, мына жерде: «Біз не істейміз?»,«Біз кімге көмектесеміз?» деген айдарлар бар. Сіздің қорыңыз туралы ақпарат бар, сонымен қатар «Үміт жарығы» қорының миссиясы» деген айдар бар...
- Иә, иә, иә. Бәрі дұрыс! Біздің ақпарат, иә!
- Мұнда (сайтта) Виктор, Анастасия, Александр деген еріктілеріңіз бар екен...
- Сайттағы ақпарат та, біз көмектескен барлық бенефициарлар да ескі. Мен сізге сәл кейінірек біз шынымен көмек көрсеткен ата-аналардың және Қытайға емделуге жіберілген балалардың деректерін бере аламын.
- Жарайды, сізден қордың интернет-парақшасына сілтемелер күтемін.
- Жақсы, жіберемін, бірақ сайтпен уақытша айналыспаймыз. SMM-шілер жоқ еді...
Бірнеше минуттан кейін Бахтияр маған қордың интернеттегі ресми парақшасына, сондай-ақ қордың Instagram парақшасына сілтеме жіберді. Сайт парақшасы Бақтиярмен диалогта айтқан сол парақша екен. Мен оны зерттеп көруге бел будым, нәтижесі де қызықты болды.
ФЛОРЕНЦИЯДАН СӘЛЕМ
«Үміт жарығы» қорының сайты http://lychsveta.kz мекенжайында орналасқан.
Сайт парағын айналдыра отырып, Бахтиярмен диалогта әңгіме қылған осы қордың еріктілері әлдебір Анастасияның, Александрдың және Виктордың пікірлерін таптым (аты-жөні, өкінішке орай, көрсетілмеген).
Александрдан бастайық. Міне, ол сайтта былай деп пікір қалдырыпты (стилистикасы мен емлесі сақталған):
«Мен «Үміт жарығы» қорында жұмыс істеген кезде алған әсерлерімді айтып бергім келеді. Бұл - керемет адамдармен тамаша атмосфера. Айналаңда мұқтаж адамдардың өмірін жақсартуды қалайтын адамдар бар деген ойдан қуат аласың. Олар - бүгінде табысқа жеткен, өздерінің мақсаттарын нақты білетін және табысқа жетудің қиын және ұзақ жолымен қадам жасап келе жатқан көшбасшылар. Бұл дәл қазір және осы жерде кәсіби мамандар командасымен бірге жұмыс жасауға ынталандырады».
Пікірді оқып шыққаннан кейін мен қордың сайтында орналастырылған сурет бойынша Александрды тапқым келді. Яндекс: фотосурет бойынша іздеу функциясын пайдаланып, бірнеше сілтемелерді кездестірдім. Біріншісі мені Medium порталына бағыттады, онда біздің Александр Charles Burk деген атпен Interior Designer (интерьер дизайнері) деп көрсетілген. Бұдан басқа, бұл порталда оның авторлық құқығы бар «Why This Winter is the Best Time for That Interior Painting Job» - «Неліктен қыс мезгілі - интерьерді бояу жұмыстары үшін ең жақсы уақыт» деген материал орналастырылған.
Екінші сілтемеде The Paragraph magazine сайтынан біздің Александрдың фотосын таптым. Суреті бар материал «Өз түсіңізді» қалай табуға болады және оларды қалай үйлестіру керек» деген тақырыппен берілген. Айтпақшы, суретте Александр сары пиджак, қара көзілдірік және шляпа киген ер адаммен қатар тұр.
Сары пиджактағы бұл адам, «Үміт жарығы» сайтындағы ақпаратқа сүйенсек - негізін қалаушы және бас директор Андрей Смирнов. Тек ненің негізін қалаушы екені белгісіз.
Басқа сілтеме бойынша Wday.ru сайтында бұл сурет «Оңбаған еркектер бойынша гид: дұрыс еркекті қалай таңдауға болады» деген тақырыптағы материалға пайдаланылыпты. Фотосуретке белгі қойылған (оны қызыл түспен сыздым).
Photo Mariya Georgieva on Unsplash. Осы фотографтың парақшасына кіріп, портфолиосын парақтадым. Андрей мен Александр бейнеленген суретті тауып алдым. Геолокация белгісіне қарадым: Fortezzada Basso, Firenze, Italy (Фортецца да Бассо, Флоренция, Италия), сурет астында автордың мәтіні жазылған: I took this photo while on photography assignment at Pitti Uomo, the largest menswear fashion tradeshow in the world, in Florence, Italy. At Pitti there is a square where key players in mens fashion network with eachother and show their sartorial style - Мен бұл суретті Pitti Uomo кезінде, Флоренциядағы әлемдегі ерлер киімінің ең ірі көрмесінде түсірдім. Pitti-де ерлер сәнінің негізгі ойыншылары өздерінің сәнді стильдерін көрсететін алаң бар.
Әрі қарай ең қызықты нәрсе басталады. Александр мен Андрейдің бірге түскен суретін қайтадан Яндекс іздеу жүйесіне жүктеп, парапсихологиямен, биоэнергетикалық терапиямен, экстрасенсорикамен айналысатын және консультациялар мен жеке даму тренингтерін беретін Владимир Владимирович Гуляев дегеннің сайтына тап болдым.
Осы сайттың парақшасын шолып отырып, бізге таныс Андрей Смирновтың пікірін таптым. Енді ол Минеральные Воды тумасы Артур Кеосаян ретінде көрсетіліпті.
Осы парапсихологтың сайтында Андрей, яғни, Артур былай деп жазады: «Қымбатты да ардақты Владимир! Мен сізге, екеумізді таныстырған тағдырға және Құдайға үнемі алғыс айтамын! Маған және ата-анама көрсеткен көмегіңіз ұшан-теңіз».
Айтпақшы, Андрей-Артурдың пікірінің жанында тағы бір қызықты нәрсе бар. «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының сайтында берілген ақпаратқа сәйкес шыққан әлдебір Анна Котлярова – операциялық директор Елена Костыльчук деп көрсетілген.
Владимир Гуляевтың сайты
«Үміт жарығы» қорының сайты
«Үміт жарығы» қайырымдылық қорының сайтында Анна-Елена былай деп пікір жазған (стилистикасы мен емлесі сақталған):
«Үміт жарығы» қайырымдылық қорында жұмыс істеп жүргенде, ең басты нәрсе туралы жиі ойланып, бұл әлемді жақсарту үшін бізде 15-30 жыл қалғанын түсіндім. Бүгін – бұл БІЗДІҢ ӘЛЕМІМІЗ, ал 25 жылдан кейін ол біздің балаларымызға тиесілі болады, өйткені олар бізден жас, жылдам, белсенді және сау болады. Сіз бен бізге мақтан ететін нәрсе болғанын, 25-35 жылдан кейін сенімді түрде: «Иә, текке өмір сүрген жоқпыз, біз бұл әлемді мейірімдірек қылдық!» деп айта алғанымызды қалаймын. Зейнеткерлікке шығып алған соң, басқалар үшін ешкімге ештеңе жасамаған өміріңізге шағымданбай, өз жетістіктерімізбен мақтан тұтсақ деймін! Оян, бүгін сенің уақытың! Ертеңгі күн – ешқашан тумайды!!!».
Қайырымдылық қорының ресми сайтындағы орфографиялық және пунктуациялық қателер бар екендігі мені ғана емес, басқаларды да қынжылтады деп ойлаймын. Айтпақшы, оларды еріктілер ретінде таныстырылған барлық белгісіз адамдардың пікірлерінен ғана емес, айдарлар тізімінен де байқауға болады.
«Үміт жарығы» қорының сайты
Айтпақшы, мен «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының сайтында өз пікірін қалдырған тағы бір ерікті, куратор Виктор Бойко дегенді іздестірдім.
Оның фотосуретін де алдыңғы суреттердегідей жасадым. Бірінші сілтеме мені американдық Efree NEWS басылымына бағыттады. Ол жерде «Men With Beards Have ‘Significantly’ More Bacteria Than Dogs, Study Finds» - «Сақалы бар еркектерде иттерге қарағанда бактерия едәуір көп екенін зерттеулер көрсетіп отыр» деген тақырыптағы материалда біздің Виктордың суретінің жанында ит бейнеленген.
Демек, алматылық «Үміт жарығы» қоры бірнеше ай бойы сайтқа кірушілерді алдап келген ғой. Егер қор шынымен емделуге мұқтаж балаларға көмектессе, ресми сайтқа неге жалған ақпараттар салған?
Жалпы, кейбір интернет-ресурстарда клиенттер, негізін салушылар, кураторлар мен еріктілер ретінде өзіңіздің сайтыңызға сала беруге болатын фотосуреттер дерекқоры бар секілді ойда қаласың.
СІЗГЕ АТЫРАУДАН ХАБАРЛАСАДЫ
Жоғарыда баяндалған барлық ақпаратты жинап болғаннан кейін мен тағы да «Үміт жарығы» қорының басшылығына қоңырау шалдым. Тұтқаны Бақтияр көтерді.
- Менің аты-жөнім Анастасия Алюшина, «Ақ Жайық» басылымының тілшісімін. Бізге сіздердің өкіліңіздің еріктілік қызметімен заңсыз айналысқаны туралы ақпарат келіп түсті және оған қатысты әкімшілік іс қозғалыпты.
- Әкімшілік іс қозғалған ба? Егер іс қозғалса, біз бұл туралы білер едік. Кем дегенде, біздің ұйым хабардар болуы керек еді.
- Демек, ол сіздің қорыңыздың атынан мүлдем жұмыс жасамағаны ма?
- Демек, біз ол жерде мүлдем жұмыс жасамайтын болғанымыз.
- Біздің қаламызда еріктілік қызметті жүзеге асыратын және науқас балаларға қаражат жинаумен айналысқан сіздің «Үміт жарығы» қорының филиалы болды. «Үміт жарығы» қорының Атырау облысындағы филиалының өкілі болған Айлин барлық жиналған ақшаны Никита Джаппаридзеге аударған. Бұл қыздың сізге жұмыс жасағанын білдіңіз бе?
- Иә, бізде мұндай ерікті болды. Айлин біздің ұйымның қызметін атқарды, ол Атырау қаласында қайырымдылық филиалында жұмыс істеді.
- Бақтияр, сіздің филиал Атырау облысының әділет органдарында тіркелген бе?
- Қараңыз, Анастасия, біз қалаларда филиал ретінде жұмыс істемейміз, біз өкілдік ретінде жұмыс істейміз.
- Яғни, сізге ешқандай құқық белгілеуші құжаттар қажет емес пе?
- Біз тек Алматы қаласында тіркелген бас кеңсе арқылы жұмыс жасаймыз.
Бұдан бұрын жазғанымдай, «Үміт жарығы» қорының ашықтығын тексеру менің құзырыма кірмейді. Менің тарапымнан сайттың фактчегі жеткілікті деп ойлаймын. Ал, сіздерге, достарым, ақшаңызды мөлдір жәшікке салмай тұрып, аздап ойлануға кеңес беремін.
Анастасия АЛЮШИНА
Автор жасаған скриндер