Атырау, 24 қараша 03:07
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үміт оты немесе қайырым жасаушы балалар

4 544 просмотра


Менің редакциялық поштама ауыр науқасқа шалдыққан балаларды емдеу үшін ақша жинап жүрген еріктілер туралы жарияланым шығару жөнінде өтініштер көп келеді. Соңғы кездері мұнайлы астанада көбейіп кеткен осындай балаларға қала тұрғындарының сауалдары бар екен. Тапсырманы орындау кезінде екіұдай жайтқа кезіктім, бәрін ретімен баяндайын.

«НАСИХАДАҒЫ» ӘҢГІМЕ, ҚАРАҒАНДЫҒА ҚОҢЫРАУ

Адамдар көп шоғырланатын жерлерде - сауда орталықтары, базарлар немесе автобус аялдамаларында жүрген 14-16 жасқа дейінгі балаларды жиі байқаймын. Қолдарына қайырымдылық қорының атауы және байланыс мәліметтері мен ауыр диагнозы бар баланың суреті жапсырылған мөлдір пластик қорап ұстаған албырт, белсенді балалар адамдарға жақындап, сөйлесіп жатады.

«Насиха» базарының жанынан осындай балаларды көрген соң, оңай тіл табысу үшін шәкірттерімді волонтерлар қатарына қосқым келетін педагог болып таныстым. Қорапқа төрт жүз теңге салып, әңгімені бастадым.

Кезектерін ауысымдағы жолдастарына тапсырып, бөлек ыстық шай ішкен балалар сұрақтарға еш мүдірместен жауап берді. Олар сабақтарынан бос кезде қорда жұмыс істеп, табыс табады екен. Ал волонтер жұмысы туралы әлеуметтік желілердегі хабарландырулар арқылы білген, содан соң достарын да тартқан. Күндізгі түскен ақшадан әрқайсысы жиырма пайыздан алады екен. Соған қарағанда, бұл қаржы олардың көңілінен шығатын сияқты. Күніне қанша ақша түсетінін айта алмады. Ақшаны санамайтындарын, негізгі мақсаттары - церебралды сал ауруымен ауыратын шымкенттік бүлдіршін Алан Алтыхановқа қол ұшын беру маңызды деп есептейтіндіктерін айтты. 

Олар «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының атынан әрекет етеді екен. Дегенмен, бұл туралы бұрыннан білетін едім, бірақ қорапта көрсетілген нөмірмен хабарласа алмадым. Қатарынан екі апта бойына, өкінішке орай, қордың инстаграм-парағынан да байланыса алмадым: телефон ажыратулы болды. Гуглдан іздеп көрдім. eKaraganda.kz сайтында «Үміт жарығы» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Татьяна КРАВЧЕНКО туралы материал жарияланыпты. Жарияланымға сүйенсек: Кравченко Қарағандыда жасөспірімдердің «Үміт жарығы» деген атауды пайдаланып, ақша жинайтындарына наразы екен.

Мен оған қоңырау шалдым.

- Біз олардың қорымен байланысуға тырыстық, бірақ ешкім байланысқа шықпады. Олардың кеңсесі де қай жерде екені белгісіз, олар үнемі мекен-жайларын өзгертіп отырады, - дейді Татьяна Кравченко. – Енді олар сіздің қалада да пайда болыпты. Біздің «Үміт жарығы» ұйымымыз 20 жылдан бері жұмыс жасайтынын айтқым келеді. Бізді кәсіпкерлер мен қала тұрғындарының көбі біледі. Ал олар біздің атымызды, біздің беделімізді пайдаланып жүр. Тіпті, біздің қорымызға бір әйел қоңырау шалып, «біздің емге арналған ақшамыз қайда?» деп сұраған жағдай да болды. Біз абдырап, бала емдеуге ешқандай ақша жинамағанымызды айттық. Оның айтуынша, біздің ұйымның еріктілері қорап ұстап, ақша жинап жүрген. Сіздің өз қалаңызда осы туралы жариялағаныңызды қалар едім, өйткені бұл ақшаның адресатқа жететініне сенімді емеспін. 

Жалпы ҚР заңнамасына сәйкес, волонтерлік қызметті атқаратын кәмелетке толмағандар қауіпсіздік үшін қолма-қол ақшамен айналысуға құқылы емес. Біз жергілікті полицияға хабардар еттік, олар осы балалардың ата-аналарына айыппұл салды, бірақ олардың орнына басқалары келеді.

Кравченконың айтуынша, оның қоры «Үміт жарығының» ақша жинау әдісін ешқашан қолданбаған. Ол басқаша әрекет етеді екен: сауда орталықтарында арнайы текшелер орнатылған, олардан ақша тек мүдделі адамдардың қатысуымен ғана алынады, содан кейін науқас баланың анасына аударылады. Анасы, өз кезегінде, ақшаны алғаны туралы қолхат береді екен.
 

«БІЗДЕ БӘРІ АДАЛ»

Атыраудағы волонтерлардан біздің қалада филиалы орналасқан алматылық «Үміт жарығы» қорының жетекшісі Никита деген жігіт екенін, ал оларды оның орынбасары Аэлинаның жұмысқа алғанын білдім. Мен сұхбаттасушыларым берген нөмір бойынша Аэлинаға қоңырау шалдым, арамызда мынадай әңгіме болды.

- Аэлина, біздің оқырмандарыңыз сіздің ұйымыңыз туралы жақынырақ білгісі келеді. Сіз кімсіз, қай жақтансыз және біздің қаламызға қалай келдіңіз?

- «Үміт жарығы» қайырымдылық қоры 5 жылдан бері жұмыс жасап келеді, ал биылғы қыркүйек айында Атырауда филиалы ашылып, оған мен жетекшілік етемін. Қор жетекшісі -  Никита Джапаридзе. Біздің шынымен де қайырымдылық қоры екенімізді растайтын барлық құжаттарымыз бар.

- Филиал тек Атырауда ма, әлде басқа қалаларда да бар ма?

- Қазақстан бойынша барлығында дерлік. Жақын арада Ақтау қаласынан ашуды жоспарлап отырмыз.

- Ал балаларды қалай табасыз?

- Біз OLX немесе әлеуметтік желілерге хабарландыру береміз.

- Сіздерге жұмыс істейтін балалар кәмелеттік жасқа жетпеген, ҚР волонтерлық қызмет туралы заңы бойынша олардың ата-аналарының жазбаша рұқсаты болуы керек. Сізде ондай рұқсат бар ма?

- Қордың әр қызметкерінде барлық қажетті құжаттар жинақталған жеке папка бар. Соның ішінде, ата-аналардан алынған қолхаттар, келісімшарттар бар.

- Ақша ұстаған балалар көшеде қылмыскерлерден зардап шегуі мүмкін деп қорықпайсыздар ма?

- Мен әр екі сағат сайын балалардың барлығына қоңырау соғып, не істеп жүргендерін сұраймын. Кейде олардың қастарында қордың ересек менеджерлері болады.

- Атырау облыстық әкімдігімен бірлесе жұмыс жасайсыздар ма?

- Біз жеке ұйымбыз, жергілікті билік органдарымен жұмыс істемейміз. Біздің жарғымызға сәйкес, қаланың кез келген жерінде, тіпті, автобустарда жұмыс істеуге құқығымыз бар.

- Сіз Қарағандыда «Үміт жарығы» деген ұйым бар екенін білесіз бе?

- Иә, бұл мемлекеттік ұйым, біз бұл туралы естідік.

- Өздеріңізді сол ұйыммен аттас етіп атап, көп адамды жаңылыстырып жүргендеріңізді түсінетін шығарсыз.

- «Үміт жарығына» жұмысқа кірген кезде менде де сол сұрақ және сенімсіздік болды. Бірақ  бастығым мені тыныштандырып, керісінше, атаудағы плагиат олардың тарапынан келгенін айтты. Бізде бәрі адал.

- Яғни, олар сіздерден көшірген ғой? Бірақ бұл мүмкін емес, олардың атауы 20 жылдан астам уақыттан бері танымал, ал сіздің қорға бар болғаны 5 жыл болған. 

- 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасаймыз деп өздері сондай құжаттар жасап алған.

- Бірақ бұл Қарағанды мәслихатының сайтында көрсетілген - ресми ақпараттың қате болуы неғайбыл.

- Біз Татьяна Кравченконың ұйымымен соттастық - ол біздің қорымызды жабуды қалады. Бірақ онысынан ештеңе шықпады, біз осы қызметпен айналысу құқығымызды қорғап қалдық.



ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ

Әрі қарай, «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының шынымен де Алматы қаласының Әділет басқармасында тіркелгені, ал жарғыға сәйкес Қазақстанның бүкіл аумағында волонтерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы екені анықталды. Жақында оңтүстік астана полициясы қорды тексеріп, балаларын емдеу үшін қаржылай көмекке мұқтаж ата-аналармен жасалған барлық шарттардың жарамды екенін анықтаған. 

Мен қораптағы нөмірге қоңырау шалдым. Тұтқаны әйел адам көтеріп, өзінің Алан Алтыханов деген науқас баланың анасы екенін растады. Оның «Үміт жарығы» қорының Атырау филиалымен келісімшарты бар екен, оның жарамдылық мерзімі биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Жергілікті полиция тарапынан осындай қорлардың көшедегі қызметі бақылана ма? Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА өздерінің еріктілер ұйымдарының істеріне араласпайтынын түсіндірді. Полиция волонтерлар адамдардың берекетін алса, яғни, жүргіншілерге жармасып қалмайды деген сияқты шағым түссе ғана әрекет ете алады екен.

Анастасия АЛЮШИНА

Суретті түсірген автор

20 желтоқсан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.