Олармен үлкендерше әңгімелесіп, келісімшарт жасап, жалақы төлейді, жұмыстан шығарады. Бәрі толық болу үшін сырқаттану парақшасы мен еңбек демалысы жетпей тұр. Мектепке баруға да уақыттары жетсе ғой... Бірақ оларға мектептің не қажеті бар, ол жерде ақша төлемейді ғой.
25 ақпанда осы тақырыпты көтерген «АЖ» тілшісі қалалық білім беру бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бас маманы Эльза ХАРИСОВАМЕН және Атырау әкімдігінің баспасөз хатшысы Әлия ЖАМИТОВАМЕН бірге «Үміт жарығы» қорының еріктілерін іздеуге шықты.
Бұған қорап ұстаған балалардың көшеде күшпен алғандай қылып ақша жинайтындарына наразы болған қала тұрғындарынан шағымдардың жиі түсуі түрткі болды.
ҚАШҚЫН БАЛА
Рейдімізді «Насиха» базарынан бастап, Авангард жаққа қарай қозғалдық. Алғашқы еріктілерді мешіт жанынан көрдік. Қолдарына жапсырмасы бар шыны жәшік ұстаған балалар жаяу жүргінші жолымен баяу адымдап барады. Бірінің бас киімі жоқ, екіншісінің күртесінің алды ашық, екеуі де аязға қызарып кеткен. Көлігімізді бір шетке қойып, олармен танысуға бет алдық. Алайда, қорап ұстаған бала тілдескісі келмеді, күрт бұрылып алып, алды-артына қарамай зыта жөнелді.
Екіншісі сабырлы екен. Есімін айтып, ата-анасының рұқсаты бар екенін айтты. Онымен қош айтысып, алысқа ұзап кеткен әріптесін бақылауды ұйғардық.
Оның артынан орталық көпірге дейін еріп отырдық. Жаяулатып, арасында ғана өтіп бара жатқандарға қорабын созып қояды. Көпірден түскен соң біздің «бақылау нысанамыз» мейрамхана фойесіне кірді. Біз соңынан ілестік. Фойенің есігін ашқанда, қорап ұстаған тағы бір баланы көрдік. Бізді көрген соң екеуі мысықтан қашқан тышқан секілді орынжай ішімен жүгіре жөнелді. Бірақ қашатын жерлері жоқ еді. Балалардың бірі құтылатын жер жоқ екенін түсінген соң бізге қорабын ұсынып, жаттанды сөздермен науқас баланы емдеуге ақша беруімізді сұрады.
Сөйтсек, бұл баланың есімі Нұрбейбіт (есімдері өзгертілген), ал оның әріптесінің есімі – Қанат екен. Біз қандай болса да құжаттар көрсетуін сұрадық. Нұрбейбіт келісімшарт, ата-анасының рұқсаты және жас еріктілер емдеуге ақша жинап жүрген баланың диагнозын растайтын басқа да қағаздар салынған файл папкасын ұсынды. Қанаттың құжаттары болмай шықты. Бізбен бірге «Үміт жарығы» Атырау филиалының кеңсесіне баруды өтіндік. Ол қорықпастан, біздің көлігімізге міне қойды.
КЕҢСЕДЕГІ ДИАЛОГ
Біз қор кеңсесіне келген кезде сұхбаттасу жүріп жатыр екен. Жаңадан келушілерге күте тұруды өтініп, Аэлина есімді «Үміт жарығы» Атырау филиалының жетекшісі түсіндірді:
- Әр баланы ресми түрде жұмысқа аламыз, барлық керекті құжаттарды толтырамыз, әрине, ата-ананың рұқсатын талап етеміз.
- Ал Қанаттың құжаттарын көруге бола ма? - деп сұрадым мен.
- Өзінің жанында жоқ па екен? – деп таң қалды Аэлина. Осы жерде әңгімеге Қанаттың өзі араласты:
- Апай, оны менен мейрамхана күзетшілері алып қойды! – деді айқайлап.
- Онымен бірге Нұрбейбіт деген бала болды, құжаттары өзімен бірге еді. Неге күзетші тек Қанаттың құжаттарын алып қойған?
- Нұрбейбіт? Сендер оны суретке түсіріп алмадыңдар ма? Көрсете аласыңдар ма? Ол бізде жұмыс жасамайды, - деп тағы да таң қалды Аэлина. Бірақ оған әріптесі Костя көмекке келді:
- Ой, ол жұмысқа тағы да өзі келген шығар. Біз оны шығарып жібердік, бірақ ол қайта келген ғой. Оның құжаттары басқа әріптестеріміздің компьютерінде, бірақ қазір ол мұнда жоқ.
- Ендеше ақша жинайтын қорапты қалай алған?
- Кейде еріктілер мұнда белгіленген уақыттан бұрын келеді, сондықтан кеңсені жаппаймыз, суықта тоңып қалады ғой. Осы жерден жүрек жалғап, ыстық шай ішуіне болады. Айтып отырмын ғой, шамасы, жұмысқа кері алып, сосын қорапты алған болар.
- Балалар ересектердің қарауынсыз қала ішінде ақшамен жүреді. Олардың қауіпсіздігі үшін қорықпайсыз ба?
- Менің полицияда танысым бар, бізге сол көмектеседі, оның үстіне әр екі сағат сайын оларға қоңырау шалып тұрамыз, - деп жауап берді Костя.
- Мәселен, Қанаттың телефоны жоқ. Қаскөйлер де сіздердің сағаттарыңызбен жұмыс істемейді ғой.
- Әр қалада да балалар осылай жүреді, ештеңе болып жатқан жоқ қой, - деді Аэлина.
- Ал сіз бірдеңе болуын күтесіз бе?
Осы кезде әңгімемізге қалалық білім беру бөлімінің маманы Эльза Харисова араласты:
- Нұрбейбіттің сабағына бармай жүргендігі анықталды. Сабағында отырудың орнына, ол ақша жинап жүр.
- Мен онымен бірнеше рет сөйлестім, олай жасамауын өтіндім, бірақ тыңдамайды. Міндетті түрде жеке бақылауыма аламын, - деп уәде берді Костя.
- Бұлай болмайды, сіздің қорыңыздағы жұмыс баланың сабағына кедергі келтірмеуі тиіс. Құжаттарға қатысты реттеңіздер, әйтпесе кімнің кеткені, кімнің жұмыс істейтіні белгісіз, - деп қоймады Эльза.
АҚША ТУРАЛЫ АЗҒАНА СӨЗ
Эльза мен Аэлина жас еріктілер тізімін талқылап жатқанда, мен Костядан орташа алғанда Атырауда күніне 60 мың теңге жиналатынын білдім.
- Олардың жартысын емге мұқтаж баланың есепшотына аударамыз, екінші жартысын балаларға таратамыз. Бір күн ішінде бір ерікті 5-6 мың теңге жинайды, осы соманың 20 пайызын өзіне алады, - дейді Костя.
- Ал сіз жалақыны қайдан аласыздар?
- Еріктілер жинаған ақшадан...
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор