Атырау, 23 желтоқсан 09:24
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ақбота КЕРІМБЕК: «Үмітімді ешқашан үзген емеспін»

6 632 просмотра

Ақпанның 11-сі күні Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында елімізге танымал эстрада әншісі Ақбота КЕРІМБЕК жеке шығармашылық концертін берген еді. «АЖ» тілшісі осы сәтті пайдаланып, ән әлемінде өзіндік орны бар өнер өкілін әңгімеге тартқан болатын. Олай болса, әуелі «Аппақ гүлдер», кейін «Қош, махаббат», қазір «Келем деші» дейтін хит әндерімен өз тыңдармандар аудиториясын қалыптастыра алған әншімен болған сыр-сұхбатқа үңіліңіз. 

- Ақбота, Атырауға қош келдіңіз! Бізге көптен бері келіп тұрғаныңыз-ау деймін. Шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр?

- Атырауға жаңа әндеріммен келдім. Өнерде болғаннан кейін ізденіс үстінде жүреміз ғой. Биылғы қоян жылындағы гастрольдік сапарды бірінші Атырау қаласынан бастап отырмын. Атырауға жеке концертпен де бірінші рет келіп отырмын. Былтыр жаз айында «Келем деші» әніне клип түсірдік. Құдай қаласа, «Іздеме» деген жаңа әніме клип түсірілмек. Негізі, шығармашылық жұмысымды қолға алып, қайта бастап жатырмын. Алматы қаласында үлкен концертімді берсем деген ойым бар. Концертті қай күні өткізетінім әзірге белгісіз. Сәуір немесе мамыр айларында болады. Оған дейінгі мақсатым елді аралап, халықпен қауышып, елдің алғысын алу. Батыс өңіріне келген себебім де сол.

- Сізді киноға түскелі жатыр деп естідік. Рас па сол?  

- Жоқ, ол өтірік. Бірақ, шақырып жатса, қарсылығым жоқ. Өйткені, менің өзімнің оқыған мамандығым – актер.

- Ал егер шақырып жатса, қандай рөл жаныңызға жақын деп айта аласыз?

- Мен негізі музыкалық комедия жанрын оқығанмын. Бірақ, комедиядан гөрі маған трагедия жанрындағы рөлдер табиғатыма жақсы келетін сияқты. Лирикалық әнші болғаннан кейін солай айтамын.

- Кез-келген адам өзінің өмір жолында тағдырына жақын дүниелерді таңдайды. Әншілер де солай. Сіздің репертуарыңызда «Келем деші», «Қош, махаббат» секілді әндер көп кездеседі. Мұны қалай деп түсіндірер едіңіз?

- Репертуарымдағы әндердің барлығы бірдей махаббатқа құрылған деп айта алмаймын. Бұл сезім әр адамның басында болады ғой. Сәтті-сәтсіз махаббат. Біз тек жеткізушіміз. Бірақ енді орындап жүрген әндеріміздің ішінде өміріме тағдырлас болып жатқаны кездеседі. Өмірдің өзі сезімнен құралған. Өміріме еш өкінбеймін, өзімді өте бақытты әйелдердің қатарындамын деп санаймын. Жай ғана бақыт емес, ең алдымен бақытты анамын, бақытты әншімін.Алла-тағала маған бір қайсарлық берген. Өмірдің салған сынағымен керісінше күресемін.

- Былтырғы жылы қазақстандық «Екі жұлдыз» жобасында сіздер тележүргізуші Қазбек Қасым екеуіңіз жеңімпаз атандыңыздар. Сізге бұл жоба не берді?

- Әншінің жан-жақты өнерін, әр қырын көрсетуге, ізденуге ықпалы зор болды. Халықтың алдында жүргеннен кейін өз деңгейіңді және жалпы халықтың сені қаншалықты бағалайтынын білуге мүмкіндік берді. Өзімді халықтың жақсы көретін әншілерінің бірімін деп есептеймін. Оны мәселен, «Екі жұлдыз» жобасы дәлелдеді. Мың да бір алғыс халқыма!

- Сіздің мүмкіншілігіңіз көп. Мысалы басқа әншілер халықаралық байқауларға қатысып, бағын сынап жатады. Сіздің «Екі жұлдыздан» басқа ірі жобаларда  байқамаған сияқтымыз. Әлде ірі ән додаларына енді ғана қатысайын деп жүрсіз бе?

- Додаға қатысуға анам бұрыннан қарсы. Бізде бұрыннан да әділеттік жоқ қой. Мәселе онда да емес. Менде додаға қатыссам дейтін мақсат та, арман да жоқ. Маған Алланың берген үні халыққа ұнап жатса, сол өзімнің жеткен жетістігім деп ойлаймын. Додаға қатысу – шарт емес. Шынайы әнші – жақсы әнші. Оны халық бағаласа, ол қашан да өз деңгейінде тұрады деп ойлаймын. Өз басым «Екі жұлдыз» жобасы әділ өтті деп ойлаймын.

- Танымал адамдардың көпшілігі пластикалық операция жасатуға әуес. Кейбірі семіріп кетуден қорқады. Сіз ондай адамдардың қатарында емессіз бе?

- Жалпы, эстрадада бізде көбіне түрге, «фигураға» қарап жатады. Көптеген әншілеріміздің құлақтарына алтын сырға. Олар ән айтып тұрғанын ойлап тұрмайды, «фигурам» қалай болып тұр, болмаса таққан алтыным қандай болып тұр, ел көріп тұр ма деген ойда тұратын сияқты меніңше. Ол өте қате ұғым. Өнер – түрмен, «фигурамен», дүниемен шектелмейді. Қандай өнер болса да, оны Алла тағала қалай жаратады, сол қарапайым күйінде қалады деп ойлаймын. Әрине, әдемі болып жүрген дұрыс. Бірақ, әншінің бірінші міндеті - әнін халыққа жақсылап жеткізу. Қалғаны екінші кезекте тұратын нәрсе.

Маған пластикалық ота жасау туралы көптеген ұсыныс болды. Бірақ мен оған қарсымын. Халық менің көзімде қалымның бар екенін біледі. Алланың бергеніне қарсы шыға алмаймын. Марқұм әжем де «қалыңа тиіспе» деп айтты. Әрине, қолдан келгенше күтінуге тырысамын. Бірақ, жасанды нәрсені қаламаймын.

- Әнді қалай таңдайсыз?

- Әннің әуені мен сөзіне қатты мән беремін. Менің түсінігімде әншінің репертуары әншінің деңгейін көрсетеді. Репертуары жақсы әншінің талғамы жақсы деп есептеймін өз басым. Өзім де ән таңдауға келгенде орыстар айтпақшы, «капризныймын».

- Елге танылған бірқатар әншілердің өздері қазір әнші тәрбиелеп, продюсер болып жүр. Сізде де болашақта продюсер болам деген ой жоқ па?

- Продюсер болам деген ой жоқ. Бірақ, өмір сүргеннен кейін сауапты іс жасаған жақсы ғой. Қазір, бір-екі шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Шәкірт болғанда, өзім секілді ән айтқызу емес. Жалпы, бағыт беріп, дұрыс жол сілтеу. Құдай қаласа, оларды да халық көре жатар.

- Сахналық киімдеріңізді кімдерге тіктіресіз, арнаулы модельеріңіз бар ма?

- Концерттерде қыздармен кездесіп, тігіншілер жайлы білісіп тұрамыз. Соңғы киімдерімді модельер Оксана Корби тігіп жүр.

- Жеке басыңызға қатысты сұрақтарға қалай қарайсыз? Әріптестерімнің көбі Ақботаның жолдасын сұрасақ деп қызығушылық білдіріп жатады...

- Оның айтатын-айтпайтын жері болады. Жалпы мен қарсы емеспін. Құдайдан жасырғанды адамнан жасыра алмайсың ғой. Қазір басым бос. Әлі жаспын. Үмітімді ешқашан үзбеймін, үзген де емеспін. Ертеңгі күні не болатынын бір Алла біледі. Сол себептен де мен әлі өз бақытымды табамын деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!    

Сұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.