Атырау, 24 қараша 22:11
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Домбыраның дүлдүлі

11 574 просмотра

Осындай атаумен өткен аптада Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде күй қағаны Рыспай Ғабдиевтің 75 жас мерейтойына арналған концерт өтті. Кезінде өзі жетекшілік еткен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі ҚР мәдениет қайраткері Талғат Қамалиденовтың дирижерлығымен «Тойбастар» шығармасын орындап, кештің шымылдығын ашты.

Шынайы музыкаға үнемі шөліркеп жүретін өнерсүйер көрермен де көп жиналыпты. Тікесінен тұрып тамашалағандар да болды. Тіпті, оркестрдің орындауындағы Штраустың «У прекрасного голубого Дуная» композициясына теңселе билегендер де кездесті. Оркестрдің репертуары халық әндерімен бірге, қазақ және шетел композиторларының шығармаларымен толығып отырады. Концертте күй анасы Динаның «Науаи» шығармасы, күй атасы Құрманғазының «Балқаймағы» мен «Байжұмасы» және «Адай» күйі төгілтілді. Ал халықаралық байқаулардың бас жүлдегері Қайрат Кәкімов оркестрдің сүйемелдеуімен халық әні «Шымырды» шырқап, жиылған өнер жұртшылығының бойын шымырлатты, рухына үн қосты. Шабыттандырды, шаттыққа бөледі.

Шәкірттері үшін үлгілі ұстаз бола білген Рыспай ағаның ізін жалғастырушы ұлдары Мұқадес пен Арыстанбек Ғабдиевтер де қазір оркестрдің мерейін өсіріп жүр. Мұқадес аға оркестрдің көркемдік жетекшісі болса, Арыстанбек - жеке домбырашысы. Ғабдиевтердің өнерлі отбасында жалғыз домбырашылар ғана емес, скрипкашы да бар. Ол – Рыспай Ғабдиевтің жиен-немересі Бибіфатима Азиева. Атасының еске алу кешінде Бибіфатима көңілдерге мөлдір сезім ұялатып, қиялдарға қанат қақтырған «Күзгі әуен» шығармасын орындап берді.

Жуырда Рыспай Ғабдиевке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Өкініштісі, көзі жұмылған соң. Ал өзі барда тигені -  «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағы.

ЗАМАНДАС ЕСТЕЛІГІ

Рыспай Ғабдиев туралы белгілі режиссер Шапай ЗҰЛҚАШ ағамыз былай деп ой бөлісті:

- Екеуміздің әзіліміз қатты жарасқан замандастар едік. Талай жерде бірге жүрген ең жақын досым болатын. «Шапай менің қоңырауым ғой, қозғалып кетсем шылдырлайды, сосын іздеймін ғой» дейтін. Рыспайдың орындаған әрбір күйін құмарта тыңдайтынмын. Ол маған 60 жылдық мерейтойымда домбыра сыйлады. Сонда «Мен домбыраны кез-келген адамға сыйламаймын. Бұл аса қасиетті нәрсе. Өзімнің туған қайын ағама сыйлап едім. Мынау екінші рет тек қана саған сыйлап тұрмын, көзіңнің қарашығындай сақта» деді. Қазір менің төрімде сол домбыра ілулі тұр. Мен Еспайдың күйі «Ел айырғанды» өте жақсы көретінмін. Сол күйді үйге кірген бойда «әкел домбыраны!» деп, шерте түсетін. Сонда Рзекең өзінің де айырылатынын түйсініп жүрді ме екен? Рзекеңді еске түсірсем, сол есіме түсіп, көңілімде өксік пайда болады. Рзекеңнің орындауындағы күйлерді жиі-жиі жіберіп қойып, рахаттанып отырып тыңдаймын.

КҮЙ ШЕБЕРІ ТУРАЛЫ

Шебер домбырашы, талантты музыкант Рыспай Хисметұлы Ғабдиев Астрахан губерниясының Красный Яр селосында 1936 жылы туылған. Кезінде аталары Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Мыңтөбе ауылының бай, молдасы болған соң, Кеңес үкіметінен кашып, Ресей жеріне ел ауып кеткен.

Бала кезінен домбыраның құлағында жатық ойнаған жас дарын 1953 жылы Алматы қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, 1-орын алды. Келесі жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесіне арнайы шақырылып, оқуға қабылданады. 1960 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында өнерпаз жастардан құралған ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастырып, сол жылы республикалық байқауда 1-орынға ие болды. Оқуды бітіріп, туған жеріне қайта оралған соң, сол кезде Балықшы ауданына қарасты Еркінқала селосында ұлт-аспаптар оркестрін құрды. Бұл оркестр 1967 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық халық көрмесінде өнер көрсетіп, алтын медальмен марапатталды. Доссор мұнай кәсіпшілігінде ашылған музыка мектебін 18 жыл басқарған Рыспай аға осы мектептің негізінде Мақат ұлт-аспаптар оркестрін құрып, оның шеберлігін кәсіби деңгейге көтерді. 1977 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық оркестр дирижерларының байқауында 1-орынды жеңіп алып, лауреат атанса, Болгарияның София қаласында өткен халықаралық фестивальде 1-орын алып, алтын медаль иеленді. 1994 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен «Жерорта теңізінің қиялы» атты халықаралық фестивалінің гран-при иегері, 1998 жылы халықаралық «Құрманғазы және Ұлы дала музыкасның» гран-при иегері.

Рыспай  Ғабдиевке 1996 жылы халық әртісі атағы берілді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.