Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Хамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ жыл басынан бергі жұмыс нәтижелері туралы тұрғындарға есеп берді. Мұнайлы астананы дүр сілкіндірген Баймұхановтағы жол-көлік апаты туралы көптеген сұрақтар қойылды, 21 қыркүйекте рұқсат етілмеген митингті өткізуге жиналған бірнеше адамның ұсталғаны туралы сұрады. Толығырақ «АЖ» материалында.
Алдымен есептен үзінді келтірейік. Үмбетқалиевтің айтуынша, өңірдегі қылмыстық жағдай тұрақты, 8 ай ішінде қылмыс деңгейі 8,2%-ға төмендеді. Бүкіл қылмыстың жартысынан көбі - ұрлық, олардың алдын алу үшін шалғай ықшамаудандарда 18 учаскелік пункттер орнатылды, тағы 14-ін салу жоспарланып отыр. Пәтер ұрлығының алдын алу үшін көп қабатты 146 үйдің 717 подъезіне 1434 бақылау камерасы орнатылды, жыл соңына дейін 17 үйге тағы 140 камера орнату жоспарлануда.
Әр бесінші апат жаяу жүргіншілер өткелінде орын алады, осыған байланысты сәуір айынан бастап өткелдер термопластиктен және шағылысатын элементтерден жасалуда. 8 ай ішінде жол ережесін бұзу туралы 93868 әкімшілік хаттама жасалған, оның ішінде 38655-і – жылдамдықты асырғаны үшін, 919-ы - мас күйінде көлік жүргізгені үшін, 265-і – қарсы жолаққа шыққаны үшін.
Залдан қойылған бірінші сұрақ Баймұхановта жоғары жылдамдықпен келе жатқан «Тойотаның» жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кеткен жол-көлік апаты туралы болды.
- Осы оқиғаға қатысты түсініксіз ештеңе жоқ, - деді Үмбетқалиев. - Қылмыстық іс қозғалды, жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды. Апатқа қатысқан екінші көлік те анықталды, тергеу амалдары жүргізілуде. Әрине, қайғылы жағдай болды. Жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кету фактілері бойынша өткен жылы 19 қылмыстық, осы жыл басталғалы екі іс қозғалды. «Смарт-сити» жобасы аясында қала жылдамдық өлшегіштермен жабдықталады. Қазір олар 11 жол қиылысында бар, тағы 153 нүктеге орнатылады. Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Бұл жерде жүргізушілердің өздерінде де үлкен жауапкершілік бар екенін ұмытпауымыз керек.
- Жасөспірімді қағып кеткен қылмыскерлер осы күнге дейін көшелерде жарыстар ұйымдастырған - әлеуметтік желілерде бейнежазбалары бар. Жалпы, мұндай фактілер көп. «Жарысушыларда» мұндай жылдамдықта жүруге мүмкіндіктері болмайтындай шаралар неге алынбайды? Баймұханов көшесі күрделі жөндеуден өтті, қазір ол жерде жасанды кедергілер жоқ.
- Әр жолдың өз стандарттары бар - Баймұханов көшесіндегі қиылыста қозғалыс қарқынды, егер ол жерге жасанды кедергілер орнатылса, онда үлкен кептелістер пайда болады.
- Бірақ кедергілер қажет қой, әйтпесе не болып жатқанын көріп отырсыздар.
- Атырауда бүгінде 3400-ден астам жасанды кедергілер бар. Тағы 500 метрге тапсырыс бердік. Орнатпас бұрын көшелерді тексереміз - оларды кез-келген жерге орналастыра алмаймыз. Мысалы, мектептердің, балабақшалардың қасына сөзсіз орнатамыз, ал қарқынды қозғалыстағы қиылысы бар жолдарға орнатпаймыз.
«“ШЕТЕЛДІК НӨМІРЛІ КӨЛІКТЕР” ДЕ ЖАЗАЛАНАДЫ»
- Қалада шетелдік нөмірі бар көліктер көп - олардың иелерінде жол ережесін бұзамыз, ал бізге ештеңе болмайды деген жазасыз қалу психологиясы қалыптасқан. Бүгінгі ахуал қандай?
- Әрине, біз шетелден арзан көлік сатып алатын адамдардың құқығын шектей алмаймыз. Бұл тек Атырауда ғана емес, бүкіл еліміздегі проблема екенін білесіздер. Біз мұндай машиналарды уақытша тіркеуге қоймаймыз, бірақ бұл олардың жазасыз қалатынын білдірмейді - құқық бұзушының аты құқық бұзушы, барлық тиісті шараларды қолданамыз. Атырау облысында шетелдік нөмірі бар 2700-ге жуық көлік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі отырыста президент қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін олардың басшылығы да жауап беруі тиіс деді. Жақында ғана пара алды деген күдікпен Атырау облыстық полиция департаментінің тылдық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлері ұсталды. Осыған қатысты не айтасыз, басшылық бұл қылмыстар үшін қалай жауап береді?
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл - біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен екіжақты келісім бар, біз бірге жұмыс істеп жатырмыз. Иә, біздің қатарымызда жосықсыз қызметкерлер бар, біз олардан арыламыз. Өткен жылы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлыққа байланысты 11, осы жыл басынан бастап - 6 қылмыстық іс қозғалды. Тылдық қамтамасыз ету басқармасында ұсталғандарға келсек, қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, түпкілікті шешімді сот шығарады.
- Жақында БАҚ-та өгей әкесі жарты жыл бойы өзінің 13 жасар өгей қызын зорлағандығы туралы хабарланды. Осыған ұқсас қанша қылмыстық іс бар?
- Жыл басынан бері «зорлау» бабы бойынша 51 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде, 19 қылмыс - кәмелетке толмағандарға қатысты. Барлығы тергеліп жатыр.
«ОНДАЙ ДЕРЕК ЖОҚ»
- 21 қыркүйекте Исатай және Махамбет алаңында және «Байзаар» сауда орталығының жанында 4 адам ұсталды. Оларға қандай айып тағылған?
- Алаңда мас күйдегі адам ұсталды, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік жаза алды. «Байзаар» сауда-ойын-сауық орталығының аумағындағы ұстау бойынша - бізде ондай дерек жоқ.
- Адамдар пәтерлерді ұзақ уақытқа жалға алып, тәулікке қайта жалдайды. Мұндай пәтерлерде жанжал, төбелес болады, көршілер айқай-шуды жиі естиді. ПИК-тегілер сағат 23.00-ден кейін полицияға хабарлау керек екенін түсіндірді. Бірақ бұл күндіз де болады, мұндай жағдайда не істеу керек?
- Сіз кез-келген уақытта полиция шақыра аласыз. Жақында облыс әкімінің төрағалығымен тұрғын үйді жалға беру мәселесі бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Иә, көп адам пәтерлерді тәулікке заңсыз жалдайды, жалған құжаттарды көрсетеді, олар учаскелік полицияға олардың үй иелерінің таныстары екенін айтады. Мұндайда әкімшілік іс жүргізу үшін материал жинау оңай емес, бірақ бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
«ЕНДЕШЕ ЖОЛДАР САЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?»
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік ШАПКЕНОВ қатысты. Оған Атырау қаласының ең қозғалысы көп көшелерінің жүктемесін айтарлықтай жеңілдететін 5 эстакаданың тағдыры туралы сұрақ қойылды. Олардың салынатындығы туралы төрт жыл бұрын жарияланған еді, бірақ құрылыс әлі басталған жоқ.
- 2015 жылы 5 эстакаданы салу туралы бастама көтерілді, бірақ жобадан орындаушылар кетіп қалды. Енді жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілуде, орындаушы компания да белгіленді. Эстакадалар міндетті түрде салынады, - деп сендірді әкімнің орынбасары. Содан соң Баймұхановтағы апат тақырыбына қайта оралды:
- Жергілікті билік тұрғындарға жағдай жасайды, өткен жылы бірнеше көше жөнделді, тағы 11-і кеңейтіледі. Ұлынан айрылған отбасына көңіл айтамыз. Егер біз санамызды дұрыстамасақ, мұндай жағдайлар қайталана беретін болады. Сіздер жасанды кедергілер неге орнатылмайды деп сұрайсыздар? Олай болса көшелердің жолын түзеп, кеңейтудің мәні жоқ. Жастардың жарыстар ұйымдастыратынын бәрі айтып жүр, біз мұны білеміз, күресіп жатырмыз. Қазір заң күшейтілуде, осындай жағдайлардан кейін күшейетін болады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген Анастасия АЛЮШИНА