Кеше пәтерлердегі ыстық су есептегіштерін тексеретін «Атырау Жарық» бақылаушысы келіп, үйдегі ыстық су есептегішінің жай-күйін тексеру керек немесе оларды ауыстыру керек дейді. Бірақ ескі есептегіштер жақсы жұмыс істеп, көрсеткіштерді дұрыс есептеп тұр. Мынадай сұрағым бар: егер жақсы жұмыс істеп тұрса, «Атырау Жарық» бақылаушысының есептегішті ауыстыруды талап етуге құқығы бар ма және оны ауыстыру қажет пе?
Бұл сұраққа Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті департаментінің заңгері Алмагүл ЕРМҰРАТОВА жауап береді. Суды есептеу құралдарын «ГСИ Су есептегіш. Тексеру әдістемесі» 2.86-2005 ҚР СТ-на сәйкес мезгіл-мезгіл тексеріп отыру керек. Есептегішті тексеру немесе ауыстыру бойынша талаптарды міндетті түрде орындау қажет. Егер құрылғының өндіруші көрсеткен пайдалану мерзімі аяқталған болса, коммуналдық қызмет су тұтынуды көрсеткіштермен емес, норма бойынша және пәтердегі тұрғындар санына сәйкес есептеуге құқылы.
Есептегіштің пайдалану мерзімі құрал паспортында көрсетіледі. Егер паспорт жоғалған болса, тексеру мерзімін Google-дан есептегіштің маркасы арқылы тексеруге болады. Әдетте, тексеру аралығы - 5 жыл. Көрсетілген мерзімнен кейін есептегіш дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.
Тұтынушы есептегішті тексеруіне немесе ауыстыруына болады. Есептегішті тексеру немесе ауыстыру үшін есептегішті түсіруге міндетті түрде бақылаушыны шақыру керек. Ол пломбаны алып тастап, соңғы көрсеткіштерді белгілеп алады. Есептегішті тексергеннен кейін кері орнына қойған кезде бақылаушы қайтадан пломба орнатып, көрсеткішті белгілеуі тиіс. Есептегіш тексеріліп жатқан күндері коммуналдық қызмет су шығынын тұтыну нормасы бойынша есептейді. Бұл көп уақытты қажет ететін жолы. Егер тексеру жасағыңыз келмей, бірден жаңа есептегіш орнатқыңыз келсе, сізге бәрібір бақылаушыны шақыруға тура келеді. Ол пломбаны алып тастау және орнату фактісі туралы акт толтырады.