Атырау, 30 желтоқсан 01:09
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

«Сезімдер мен бояулар әлемі»

4 890 просмотра

Алматылық суретші Анар ӘБЖАНОВАНЫҢ 16 қазан күні «Ақ Желкен» шығармашылық орталығында ашылған жеке көрмесі осылай аталады.

Өзінің жастығына қарамастан (суретші 26 жаста) бұл – оның оныншы жеке көрмесі екен. Үш жасында анасы қызының нашар естіп, сөйлейтінін байқаған. Бірақ табиғат үйлесімсіздікті ұнатпайды ғой. Есту қабілетінің кемістігін толтырғандай, қызға біз байқамайтын жерден сұлулықты көруге мүмкіндік беретін ішкі көру қабілетін сыйлаған екен. Анар кез келген ашық жерге – тұсқағаздарға, еденге, қағаз парақтарына, тіпті киімге де сурет сала беріпті. Сәби суретінде бейнеленген әлемнің әдемілігі сондай, анасы оны көркем сурет мектебінің студиясына оқытуды ұйғарады. Анардың айтуынша, оның өзінде де кім болуды армандайтыны туралы басқа ой болмаған.

– Өте кішкентай кезімде өзімді ұлы суретшідей, кейде танымал киім дизайнері ретінде елестетіп армандайтынмын, -деп күледі Анар.

Ол нашар еститіндерге арналған бейнелеу өнерін оқыту орталығының студиясында алты жыл оқыған. Содан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының көркем сурет колледжінде білім алып, академияның өзіндегі «Станокты кескіндеме» факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған. Бүгінде Анар магистратурада оқуын жалғастыруда.

Жас суретші республикалық және халықаралық көрмелерге ерте қатыса бастады. Ол Нью-Йоркте өткен халықаралық Factors of Visual Art бейнелеу өнері конкурсында «реализм» санаты бойынша жетістікке жеткені үшін Бас жүлде мен «Алтын қыран» алтын медаліне, Мәскеуде өткен VI халықаралық «Традиции и Современность» атты өнер фестивалінде арнайы «Аплодисменты жюри» сыйлығына, Токиода өткен ParaArtTokio халықаралық көрмесінде сурет өнеріне қосқан үлесі үшін күміс алқаға және т.б. ие болған. Ірі көрмелерге қатысуы, түрлі елдерге сапары Анардың шабытын шалқытады. Әдемі қалаларға аяқ басқанда алған әсерлері оның қала пейзаждарында көрініс тапқан. Бұлар оның туындыларының негізгі бөлігін құрайды.

– Романтик жанның алғашқы әсерлері. - Анардың жұмыстарын танымал суретші Шаймардан САРИЕВТІҢ жесірі Күлпаш САРИЕВА осылай сипаттады. – Олар өзінің тазалығымен және айқындығымен тәнті қылады. Картиналардың атауы «Жаңа жауған қар», «Қысқы көл», «Күздің оянуы» оның көңіл күйін жеткізіп тұр. Біздің бәріміз пейзаждардан көктемнің оянуын көріп үйренгенбіз, ал бұл жерде күздің басталуы романтикалық торғынмен тұмшаланған.

Анардың еңбектері Қазақстанда, Түркияда, Украинада, Италияда, АҚШ-та және Жапонияда жеке топтамаларда сақтаулы. Ал суретші қыздың Атырауға келуіне оның талантына бас июші, жерлесіміз Гүлнар ТҰХВАТОВА себепші болған. Оның картиналарына әсерленген Гүлнар суретшіні біздің қаламызға шақырыпты. Оған «Ақ желкен» орталығы мен қалалық билік қолдау көрсеткен. Енді атыраулықтардың да Анардың туындыларын тамашалауға мүмкіндіктері бар. Көрме 7 қарашаға дейін созылады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

17 қазан 2012, 23:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.