
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстаннан шикі мұнайды шетелге заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Ауқымды схема арқылы мемлекетке миллиардтаған залал келтірген бес күдікті 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикі мұнай сатып алып, оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеген. Одан кейін өнімге жалған сапа паспорттарын жасап, пеш отыны ретінде көрсетіп, Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарып отырған.
Атап айтқанда, 2019–2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі шетелге заңсыз әкетілген. Жалпы қылмыстық операциялардың көлемі 45 миллиард теңгеге бағаланды.
Биыл жүргізілген ауқымды операция кезінде күдіктілердің активтері, соның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар есебінен 2 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді.
Ақтау қалалық сотының үкімімен қылмыстық топтың 5 қатысушысы – шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қылмыстық кодекстің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша 8 жылға сотталды.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырған негізгі күдіктіге қазір халықаралық іздеу салынды.
В Атырау +10.7