- Күйеуімнің тағы да құйымшақ ісігі іріңдеп кетті. Салмақты операция жасату керек, бірақ Астраханға немесе Ақтөбеге бару үшін ақшамыз шамалы боп тұр. Бұл кеселді квота бойынша емдеуге бола ма?
Ирина
Сұраққа облыстың бас травматологы Руслан ҚАПАНОВ комментарий берді. «Бүгінде осы секілді операциялар бізде де жасалады. Қазір квота бойынша жолдамамен тек арқа-жұлын ауруларымен ауыратындар жіберілуде. Ең алдымен іріңдеу мөлшері қандай екенін анықтау үшін біздің хирургтарға қаралу керек. Егер қажет болса қосымша тексеру жүргізіледі. Оқырманның зайыбына облыстық аурухана жанындағы Консультациялық-диагностикалық орталықта күн сайын сағат 14.00-ден 16.00-ге дейін қабылдайтын травматологқа барған жөн. Онда дәрігер-травматолог Сырым Еділбаев қабылдайды. Егер пациент емханадан госпиталдау порталы арқылы жатқызылатын болса, онда оған операция тегін жасалады. Егер бұл жерде операция жасау мүмкін болмаса, онда пациент квота бойынша жолдамамен жіберіледі». Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мұндай науқастары бар пациенттер квота бойынша Астанаға, травматология және ортопедия институтына жіберілетіндігі туралы қосымша хабарлады.