- Коммуналдық (арендалық) пәтерлерді жекешелендірудің негізгі ережелері қандай?
Қайырбек, Атырау қ.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИН жауап береді.
- Коммуналдық (арендалық) баспананы жекешелендіру 1997 жылғы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына және 2013 жылғы үкімет қаулысымен бекітілген «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 101-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерi, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, өздерi тұратын қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
Сонымен қатар, осы Заңның 98-бабының 1-тармағына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына берiлетiн тұрғынжайды жалдаушы осы Заңда көзделген шарттармен және ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
Аталмыш Заңның 13-бабының 10-тармағына сәйкес, егер ҚР азаматтары: 1) ҚР аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжайы болса, бұл ретте тұрғынжайда 50 пайыздан кем үлесінің болуы есепке алынбайды; 2) ҚР аумағында ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша міндеттемесі болса; 3) жекешелендіруге өтініш берген кезге дейін соңғы 5 жыл ішінде өздеріне меншік құқығында тиесілі болған тұрғынжайды иеліктен шығарса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды.
- Соңғы жылдары Атырауда қанша коммуналдық пәтер жекешелендірілді?
- 2018 жылы және 2019 жылдың басында Атырауда 200 коммуналдық пәтер жекешелендірілді, оның 55-і Нұрсая ықшам ауданында.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ