Атырау, 25 қараша 01:56
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Жергілікті қамтудың 50 реңі

3 348 просмотра


Елімізде, ең алдымен Атырау облысында ірі мұнайгаз жобаларындағы жергілікті/қазақстандық қамту мәселесі қызу талқыға түсуде. Бәрі де, соның ішінде, осы көрсеткіш туралы үнемі есеп беруге міндетті оператор-компаниялардың өздері де мұны «қолдайтын» секілді. Алайда әлі де мәселелер қалып отыр және мұнымен өте тығыз жұмыс жасайтын адамдар бар.

Жақында Атырауда өңірлік мұнайгаз көрмесі аясында «Казэнерджи» қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Арман САТИМОВ «Казэнерджи» және «Атамекен» ҰКП жанындағы «Petrocouncil» Стратегиялық серіктестікті дамыту жөніндегі кеңесі ұйымдастырған «Жергілікті қамтуды дамытудың 50 реңі» деген ойнақы атауда дәріс оқыды.

Алғысөз ретінде ол дәрістің мазмұны мұнай-газ бизнесіне кірмеген, бірақ кіргісі келетін компанияларға немесе осы салада жұмыс істейтін, бірақ әлдебір себептермен тоқтап, әрі қарай даму бағытын таба алмай жүрген компаниялар үшін қызықты болуы мүмкін екенін айтты. Сатимов бұл материалдарды түрлі форумдардан, жұмыс топтарының отырыстарынан, сонымен қатар, мемлекеттік ұйымдардың өкілдерімен, сарапшылармен, кәсіпорын иелерімен, дипломаттармен  әңгіме барысында ұзақ уақыт жинаған.


«БҰРЫНҒЫ ЖЕТКІЗУШІЛЕР»

Оның айтуынша, ол әзірге жергілікті қамтудың «50 реңін» емес, 30-ға жуығын сәйкестендірген, бірақ іздеу жұмыстары жалғасуда. Сөйтіп бірнеше кейстерді таныстырды. 

Олардың бірі «Бұрынғы жеткізушілер / Former Suppliers» деп аталады.

- Біз көбінесе компанияларды Италияның, Голландияның, Ұлыбританияның, Норвегияның және басқалардың шетелдік форумдарынан іздейміз. Оларды өзімізге тартуға жұмыстанамыз. Қазақстанда компаниялардың, негізінен бір кездері қызметтер мен тауарлар жеткізген шетелдік компаниялардың көп екенін естен шығарамыз. Олар Қазақстанды, жұмыс шарттарын, өз тапсырыс берушілерінің менталитетін біледі. Олардың логистика базасы, инфрақұрылымы, жергілікті персоналы бар. Бұл компаниялар қайтадан қанатын жайып, өз айналымын көбейткісі келер еді. Мәселен, ұзақ уақыт бойына Қазақстанның мұнай-газ жобасында құбыр өнімдерін жеткізген «Тенарис» компаниясы бар. Қазір «Тенарис» 40 миллион долларды инвестициялап, Ақтау теңіз портының еркін экономикалық аймағында зауыт салды. Бұл зауыт Теңіз бен басқа мұнайгаз жобалары үшін құбырлар шығара бастайды. Кәсіпорын жергілікті деп есептелетіндіктен, компания ұзақ мерзімді келісімшартқа автоматты түрде құқық алып, осындай өнімнің шетелдік жеткізушілері алдында бәсекелік артықшылықтарға ие болды. Қазір ол жерде 60 адам жұмыс жасап жатыр, оның 95 %-ы - қазақстандықтар.

Осы сызба бойынша, Сатимовтың сендіруінше, елімізде шетелдік жеткізушілерді жергілікті өндірушілерге айналдырып, 30-дан 70-ке дейін жаңа кәсіпорын құруға болады екен.

 

«ЕРТЕ ТЕНДЕРЛЕР»

«Ерте тендерлер» / Early Tenders – Сатимовтың пікірінше, қазақстандық қамтуға оң ықпал ететін тағы бір кейс. Бұл белсенді түрде қолданылуда.

- Ірі жоба басталғанға дейін 2-3 жыл ішінде Оператор конкурс өткізіп, оған алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Өнім түрі, көлемі, орындау ұзақтығы - компаниялар операторға не керек екенін түсінеді. Қазақстандық зауыт немесе жергілікті инвестор шетелдік инвесторды таба алады, бірлескен кәсіпорын құра алады. Бұл сызба 2015 жылдан бері Қарашығанақта қолданылып келеді, қазір Қашағанда да қолданылуда. Бұл сызба қолайлы: бәрін ұйымдастырып, зауыт, цех салып, адамдарды оқытып, сертификаттауды реттеп, өнімдерді шығара бастауға уақыт бар. Мұнайгаз компанияларының сатып алынатын бұйымдар тізімін кеңейтіп, ерте тендерлерге жіберуі маңызды. Бұл көлемді іс жүзінде жергілікті компанияның немесе жергілікті серіктестің қатысуымен бірлескен кәсіпорынның игеретінін білдіреді.


«ШАҒЫН ТІГІНШІЛЕР»

«Шағын тігіншілер» / Small Tailors кейсі шағын компания басшыларымен байланысу нәтижесінде пайда болды:

- Мен көрмелерден шағын кәсіпорын өкілдерін жиі кездестіремін, олардың не өндіретіндерін және бұған қалай келгендерін сұраймын. Ірі бірлескен кәсіпорын құруға қомақты ақшалары жоқ, бірақ 1 немесе 2 миллион доллар қаржысы бар жас бизнесмендер болады. Олар әлемнің түрлі елдерінде жұмыс жасайтын технология иелерін табады. Оларға Қазақстанда ма, әлде басқа жерде ме, бастысы оның технологиясын сатып алатын, франшизасын алып, осы жерден өнім: сомын, бұрандамалар, фитингтер, ернемек және басқаларын шығара бастайтын серіктес керек. Технологиямен қатар мамандар оқытылып, жаңа тәжірибе жинақталады. Біз франшизаның қарапайым нарықта, мәселен, желілік тамақтану жүйесінде немесе халық тұтынатын тауарлар саудасында дамығанына үйреніп қалдық. Алайда мұнайгаз саласында да мұны қолдануға болады. Қазір e-licence, e-patenting, white label, subscription секілді жаңа тарату моделдері пайда болуда. Бұл жас фирмалар тендерлерге қатыса бастайды. Ал мұнайгаз компаниялары жақсы өнімдерді көрген соң одан да көбірек сатып алады. Біртіндеп көлем көбейіп, басқа түрлері шығарыла бастайды. Шағын кәсіпорындар цехтарға, зауыттарға айналады. Қазақстанда осындай 18-ге жуық компания бар. Олар алуан түрлі. Бұл кейс шағын бизнес үшін қызықты болуы мүмкін.

2015 жылы «PSA» ЖШС, «Казэнерджи» және Ұлыбританияның сыртқы сауда департаменті арасында Қазақстанға британ компанияларын ұсыну жөнінде жұмыс тобы құрылған екен. Бастапқыда ниет білдірушілер 400-дей болған.

- Жаңа елде табысты болу үшін жай ғана келіп, «міне менің вебсайтым, міне менің өнімім, осыны сатып алыңыздар» деу жеткіліксіз. Сол елге келген кезде инвестиция салып немесе өкілдік ашуға тиіссің, содан кейін ғана бірлескен кәсіпорын құру керек. Осы қағида бойынша екі жыл ішінде біздің елімізге шынымен де инвестиция салып, өздеріне жергілікті нарықта көмектесетін қазақстандық серіктес тауып, өндіріс ашқысы келетін британдық 20 компанияның тізімі жасалды. 20 компания – жаңа 20 зауыт, цех деген сөз. Осындай сызба бойынша Қазақстанмен тығыз сауда және технологиялық қарым-қатынасты жолға қойған тағы бірнеше елмен жұмыс жасауға болады.


«ЕЛДЕ ЖАСАЛҒАН»

Сатимовтың айтуынша, қазір бізде «in-country value» – «елде жасалған» деп аталатын тағы бір қызықты нәрсе талқылана бастаған. Ол нақты өңірде өндірілетін жергілікті қызметкерлерді, тауарлар мен қызметтерді дамытуды қамтиды.

Қазақстан өзінің тәуелсіз мұнайгаз қызметін 1991 жылдан бастады. Мұнай туралы, салық туралы алғашқы заңдар сәл кейінірек, 90-жылдардың ортасында пайда болды.

- Жергілікті қамту нормасының сол кезде шартты болғаны түсінікті - бұл компаниялар жергілікті қамтуды дамытумен айналысуы тиіс деген азғантай тармақ болатын. 2000 жылдардың басында осы мәселемен толыққанды айналысты. Алайда қолданыстағы формада қазақстандық қамту тақырыбы жалықтыра бастады, сондықтан in-country value тәсілі жаңа серпін беруі мүмкін. Тіпті, келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін де кәсіпорын қалады және басқа тендерлерге қатысуды жалғастырады.

Қазір Қазақстанда мұнай өндірісі артуда және жақсы мүмкіндікке ие, ірі жобалар да дамып келеді.

- Бұл тренд кем дегенде 2040 жылға дейін сақталады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның мұнай саласы, сарапшылардың бағалауынша, шамамен 1,5-2 трлн доллар кіріс әкелуі мүмкін. Бұл – мемлекет пен ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, сонымен қатар, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуші компаниялардың кірістері. Сондықтан жергілікті қамту әлі де ұзақ уақыт өте өзекті болмақ.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

23 сәуір 2019, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.