Бәріміз де (немесе бәріміз дерлік) банктен несие алып көрдік немесе несие алуды жоспарлаймыз. Несие алу шартын жасау кезінде қарызды қиналмай өтеу үшін қаржылық мүмкіндігіңізді қалай дұрыс есептеу керек екенін ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Асланбек ҚАБЕСОВ түсіндірді.
- Азаматтар көбінесе несие алар кезде ақшаны тезірек алуға асығып, несиелеу шарттарына назар аудармайды. Бұл олар үшін шешілмейтін проблемаға айналуы мүмкін. Шешім қабылдау кезінде қарыз алушы отбасының кірісін несиелік қызмет көрсету шығындарымен салыстыруы тиіс, - дейді Қабесов.
Нені ескеруі керек:
Банктер клиенттерден түрлі ілеспе қызметтер үшін қосымша төлемдер алады. Мәселен:
- несиелік өтінімді қарау,
- несие беру,
- несие қаржысын қолма-қол ақшаға айналдыру,
- кепілзат құнын бағалау,
- мүлікті, мәселен, ипотекалық несиелеу кезінде баспананы сақтандыру және т.б. қызметтерді төлеу кезінде несие құны едәуір артуы мүмкін.
Бұл несиені рәсімдеу бойынша қарыз алушының алдағы шығындар мөлшерін бұрмалап, оларды жаңылыстырады.
- Осыған байланысты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер несиені беру кезінде өз клиенттері үшін банк қызметінің түрлі төлемдеріне байланысты клиенттің барлық шығындары қамтылатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ашып көрсетуге міндеттелді. Бұл тұтынушыға түрлі банктердегі несие құнын объективті бағалауға және салыстыруға мүмкіндік береді, - дейді Қабесов.
Қиындықсыз өтеудің 6 қадамы:
- Шарт жасамас бұрын бірнеше банктердің осындай қарыз алу шарттарымен танысқан жөн;
- Банктерден жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің көлемі туралы ақпаратты сұрау керек - шарттары бірдей болған жағдайда, жылдық шынайы сыйақы мөлшерлемесі төмен несие тиімді болады.
- Шарт жасамас бұрын банк сізге 2 өтеу әдісін (2 кесте) - дифференциалды және аннуитеттік төлемдер кестесін таңдауға ұсынуы тиіс.
- Егер несиені өтеуге қатысты проблема туындаса, дереу банкпен кеңесіңіз, банк жағдайыңызды түсініп, жәрдем көрсетуі мүмкін.
- Банктердің серіктестері бар. Олар – сақтандыру және бағалау компаниялары. Банктер көбінесе қарыз алушыдан солардың қызметтерін пайдалануды талап етеді. Алайда ҚР Азаматтық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Банк ұсынысымен келісе аласыз, бірақ келісімшартты зейін салып оқыңыз.
- Несие алған соң, несиені уақытымен өтеуге тырысыңыз. Міндеттемелерді бұзғаны үшін банк тұрақсыздық айыбын төлетеді және несие тарихыңыз бүлінеді. Мерзімі өткен жағдайда банк оның салдары туралы ескертуге міндетті.
Бұл ретте:
Айыппұл мөлшері мерзімі өткен 90 күн ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімі өткен 90 күннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға тиіс.
*Мәселен, сіздің несие бойынша ай сайынғы төлеміңіз 70 000 теңге. Егер мерзімін өткізіп алсаңыз, күн сайын сізге 0,5% мөлшерінде өсім есептеледі. Бұл 350 теңге, осылай 90 күнге дейін жалғасады. 90 күннен кейін және 180 күнге дейін мерзімі өткен әр күн үшін 0,03% көлемінде - 21 теңге өсім есептеледі. Алайда айыппұл сомасы әр жыл сайын берілген несиенің 10%-ынан аспауы тиіс.
Егер банк талабын орындамасаңыз:
- -жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді,
- -алименттерді,
- -тұрғын үй төлемдерін,
- -тұрғын үй құрылыс жинақ банктерінде банк шоттарындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары түріндегі ақшаларды,
- -инвестициялық шығындар өтемақысын есептеуге арналған банк шоттарындағы ақшаларды,
- -нотариустың депозит шартына салынған ақшаны,
- -білім беру жинақтау салымы туралы келісімшарт бойынша банк шоттарына салынған ақшаны қоспағанда, ол сіздің кез-келген шотыңыздан ақша өндіруге құқылы.
2018 жылы Атырау облысында жеке тұлғаларға жалпы сомасы 188,8 млрд теңгеде несие берілді. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша олардың бережағы 228,4 млрд теңге болды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА