Атырау, 25 қараша 01:00
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Балық хлордан қырылған. Бұл кімнің ісі?

Сурет
4 229 просмотра


Атырауға ҚР сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ бастаған түрлі ведомостволардың шенеуніктер делегациясы айта-айта жауыр болған тақырып - балықтың қырылу мәселесі бойынша  келді. Жергілікті жұртшылықпен кездесу кезінде ҚР ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар ҚОЖАЕВ 3 сәуірде сараптаманың алғашқы нәтижелері алынғанын, соған сәйкес, өткен жылдың желтоқсанында Жайықтағы балықтың хлормен уланғанын мәлімдеді.  Қазір тергеу ісі бұл химиялық затты қандай нысандар тастауы мүмкін екенін анықтап жатыр.

Әлібек Нәутиев, Мұхтар Қожаев (суретте оң жақта)
- 2018 жылдың 12 және 31 желтоқсанында екі қылмыстық істің қозғалғанын бәріңіз де білесіздер. Ол биылғы 29 қаңтарда тергеу департаментінің өндірісіне алынды. Жұмыс көп болғандықтан, сарапшылардың өтініші бойынша тергеу мерзімі ұзартылды, - деді Қожаев.

Наурызда мұз еріген кезде өзеннен тағы 10 тоннадан астам өлі балық жиналып, қосымша сараптама тағайындалған еді. Бұл да тергеу ісінің созылуына себеп болды. Сараптама мұның  желтоқсандағы оқиғамен байланысының бар-жоғын анықтауға тиіс.

Қожаевтың айтуынша, өлі балықтың жалпы салмағы 118,5 тонна болған.

- Перетаска каналы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша айтарым, ол АЖЭО тарапынан 1 млн 200 мың теңге сомадағы материалдық залалдың толық өтелуіне байланысты наурызда тоқтатылды. Каналдағы балықтың барлығы мехникалық түрде зақымданған, улану белгілері болған жоқ, - деп атап өтті ол.


ЖАЙЫҚТЫ КЕШІП ӨТУГЕ БОЛАДЫ

- Кейбір тұрғындарда Атырау облысының депутаттары осы мәселеден сырт қалды деген пікір қалыптасқанын білемін. Бірақ олай емес. Мен өзім 13 желтоқсанда Бас прокурордың атына ресми хат жолдап, толық ақпарат сұрадым. Бір аптадан кейін премьер-министрдің атына газхимия және мұнай ұйымдарын тексеруді; тергеу жұмысына шетелдік мамандарды тартуды; шаруашылық нысандарына өзенге техникалық мақсатта пайдаланылған суларды төгуге тыйым салу мүмкіндігін қарауды өтінген депутаттық сауал жолдадым, - деді Еңсегенов.

Жергілікті шенеуніктерден облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ сөз алып, Жайықтың тайыздану мәселесіне республикалық биліктің назарын аударуға шақырды:  

- Өзендегі су деңгейі, кей жерлерде, мәселен, Индер ауданының аумағында өте төмендеп кетті. Ол жерден кешіп өтуге болады. Ойыл өзенінде де солай. Егер өзен түбін табиғи тазарту үшін жоғарыдан су келмесе, мәселе шешілмейді.

Осы жерде Еңсегенов тағы бір проблеманы атады. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ақтөбе облысындағы Жем мен Ойыл өзендерінде су қоймаларын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен.

- Бұл өзендер Атырау облысы үшін де өте маңызды. Бірақ өкінішке орай, қолданыстағы заңнамада көрші өңірлер осындай нысандар салуда өзара келісетін нормалар жоқ. Сондықтан бұл мәселені қарау керек шығар. Олар қалайша Атырау облысының келісімінсіз екі өңір үшін ортақ су қоймаларына гидротехникалық құрылыс салады? Бұл жерде адамдар қалай тұрады? Олар суды қандай көлемде тұтынады? Егер өзен трансшекаралық болса, мемлекетаралық келісім әрекет етеді. Егер облысаралық өзен болса, ешқандай реттеудің жоқ болғаны.


«БҰЛ БАЛЫҚТЫ ЖЕУГЕ БОЛА МА?»


«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА мына сұрақты қойды:

- Балық бар, ол тірі, бірақ көп емес. Егер су түбінен кадмий, мырыш пен қорғасын табылса, балық құрамында не болуы мүмкін? Оны жеуге бола ма?.. Алдымен Жайыққа кез-келген төгінділер төгуді тоқтату керек. Қазір ресейлік тарап өткен жылдармен салыстырғанда суды көп жібереді. Бірақ бізде су жоқ, ал Батыс Қазақстан облысын су басып жатыр. Кім, қайда және қандай көлемде су алып жатқанын нақтылау керек. Балыққа келер болсақ, оның табиғи түйсігі бар, ол өзі өмірге келген жерге уылдырық шашу үшін оралады. Егер бұрын бізде уылдырық шашатын 60 шақты алаң болса, қазір – саусақпен санарлық. Уылдырық шашатын орынды қалпына келтіру керек.

«Атырау су Арнасы» КМК өкілі 2004 жылы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шара жоспарына шөгінділер станциясын салу енгізілгенін, тіпті, құрылысы басталып, аяқталмай қалғанын айтты:

- Егер ол жұмыс істесе, өзенге техникалық суды төгу тоқтатылар еді. Бізге осы проблеманы шешуге көмектесіп, қаржы бөлінсін.

Нәутиевтің комментарийі:

- Қазір облыстық әкімдік кезінде осы станцияны салудың қажеті жоқ деп құжат әзірлегендерді анықтауда. Бұл проблема балық қырылғаннан кейін ғана көтерілді.

Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты филиалының директоры Ерболат ҚАДИМОВ қатысушылардың назарын су қоймаларын төлқұжаттау проблемасына аударды:

- Барлық су қоймалары бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, төлқұжат әзірлеп, жойылуға қарсы шаралар алу керек.


ТЕРГЕУ ІСІ: «МАМЫРДА ҚОРЫТЫНДЫ ЖАСАЙМЫЗ»


Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Асхат ҚАСИМОВ Жайыққа мемлекеттік маңыздағы өзен мәртебесін беру туралы мәселені көтерді:

- 2004 жылы ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізбесі бекітілді. Оның ішінде Жайық жоқ. Бірақ бүгінде өзеніміз оған осындай мәртебе беру үшін барлық критерийлер бойынша сәйкес келеді деп есептеймін. Бұл не береді? Заңнама деңгейінде осы жерде айтылған бүкіл ұсыныстардың орындалуын мемлекеттік органдардан талап етуге болады. Су пайдаланудың ерекше режимі енгізіледі, республикалық деңгейде қаржы бөлінеді, жан-жақтан толық бақылау болады.

Кездесуді жүргізіп отырған Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТЕЛЕУОВА осы жерде айтылғандардың бәрі жаңа ҚР Экологиялық кодексін әзірлеу кезінде ескеріледі деп сенім білдірді.

- Мен АҚШ-тың Беркли қаласында, соның ішінде, балықты тағам ретінде тұтынғанда оның қаншалықты қауіпсіз екенін зерттейтін институтта болдым. Бір қызығы, олар өнеркәсіптік кәсіпорындарға жақын өзендердегі балықты жүкті әйелдерге, бала туатын жастағы әйелдерге және 13 жасқа дейінгі балаларға жемеуге кеңес береді. Егер біздегі балық институты осындай зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жабдықтармен қамтамсыз етілсе, жақсы болар еді.

Сенатор Еңсегенов барлық ұсыныстардың үкіметке жолдайтын депутаттық сауалында қамтылатындығына уәде берді.

Мен кездесуге қатысқан «балық» ісі жөніндегі тергеушіден нәтижелердің шамамен қашан дайын болатынын сұрап, «сәуірдің аяғында сараптаманың негізгі нәтижелері, содан соң күдікті тұлғалардан жауап алынады, мамырда тергеу ісі қорытынды жасайды» деген жауап алдым.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

16 сәуір 2019, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.