Атырау, 28 наурыз 14:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Сот хроникасы

3 358 просмотра


Атырау қалалық №2 сотында ҚР ҚК-нің 345-бабының 1-тармағы бойынша (Адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзуы) А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, 2018 жылдың қарашасында А. мас күйде BMW 530i маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатып, Құрманғазы мен Луговая көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл шамына тоқтаған Т. жүргізіп келе жатқан Kia sportage маркалы көлігін соғады. Нәтижесінде зардап шегуші Т.-ның денсаулығына орташа ауырлықта залал келтірілді.

Айыпталушы 2 жылға жүргізуші куәлігінен айырылумен қатар 100 сағаттық қоғамдық жұмыс жасау жазасына кесілді.

***

Исатай аудандық соты ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-тармағы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша  Б.-ға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында оның Тұшықұдық ауылының көшелерін мас күйде аралап жүргені анықталды, оның үстіне ол бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған екен.

Айыпталушы өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Оған 101 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, көлік құралын 3 жыл мерзімге басқару құқығынан айырылды.

***

Құрманғазы аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша М.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Сотта анықталғандай, биылғы наурыз айында М. Шағырлы ауылындағы өз үйінде мас күйде төбелес шығарып, әйелін балағаттаған. Оған 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу түрінде жаза тағайындалды.

***

Исатай аудандық соты Өзбекстан азаматы Ш.-ға қатысты 517-баптың 5-тармағы бойынша (Шетелдiктiң жұмысқа орналасуға рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асыру тұрғысында ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) әкімшілік істі қарады. Биылғы жылдың наурызында оның Қазақстанға жеке визамен келіп, рұқсат құжатсыз Тұщықұдық ауылында жұмыс істегені анықталды.

Сот Ш.-ны 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу түрінде жаза тағайындады.  

***

Ш. Жылыой аудандық сотына жауапкер С.-ны сатып алған жылқыны ауыстыруға немесе 300 мың теңге көлеміндегі ақшасын қайтаруға міндеттеу талап арызымен шағымданды. Талап-арызға сәйкес, жауапкер жақын арада құлындауы тиіс жас биенің орнына әйелге 300 мың теңгеге көтерем кәрі жылқыны сатқан. Ветеринар актісіне сәйкес, көп кешікпей жылқы кәріліктен өліп қалған.

Талап-арыз түскен уақыттан бастап 5 күн ішінде судья әңгімелесіп, тараптар татуласып, медиациялық келісім жасады. Жауапкер талапкерге лайықты жануарды ұсынуға міндеттелді. Ал талапкер талап арызынан бас тартты.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

12 сәуір 2019, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.