Атырау, 16 қазан 10:50
 дождьВ Атырау +14.6
$ 454.14
€ 509.23
₽ 5.41

Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылуы: себептер мен салдары

73 рет қаралды
фото: Assel Baimukanova
фото: Assel Baimukanova

2024 жылдың көктемінен 2026 жылдың көктеміне дейін Каспий теңізінің жағалауында 3 082 каспий итбалығының қырылғаны тіркелген. Олардың басым бөлігі жас кезінде қырылып, зерттелген жануарлардың ішкі мүшелерінен патологиялық өзгерістер анықталған.

Сирек кездесетін эндемик түрдің популяциясын зерттеу бойынша жаңа мәліметтерді Әсел Баймұқанова жариялады.

Көбею жасына жете алмай қырылып жатыр

Мамандарды қырылған сүтқоректілердің жас ерекшеліктеріне қатысты деректер ерекше алаңдатады. Әсел Баймұқанованың мәліметінше, табылған өлекселердің 38–55 пайызы бір жасқа толмаған итбалықтарға тиесілі.

Жануарлардың басым бөлігі алты жасқа да жетпей қырылады. Ал бұл — итбалықтардың алғаш рет ұрпақ әкелуге қабілетті болатын жасы. Сонымен қатар соңғы уақытта каспий итбалығының ең ұзақ өмір сүру көрсеткіші 50 жылдан 30 жылға дейін қысқарған.

Барлық ішкі мүшелерінен патологиялық өзгерістер анықталған

Ғылыми зерттеу аясында мамандар қырылған 21 итбалықтың тіндеріне гистологиялық талдау жүргізген. Зерттелген барлық мүшелерден: бауыр, өкпе, бүйрек, жүрек және иммундық жүйе мүшелерінен патологиялық өзгерістер анықталған.

Зерттеушінің айтуынша, бұл зақымданулардың өзі жануарлардың өлімінің нақты себебін біржақты анықтауға мүмкіндік бермейді. Олар жұқпалы аурулардан да, сыртқы ортадағы улы заттардың әсерінен де туындауы мүмкін.

Тіндердің табиғи ыдырау процесі — аутолиз де нақты қорытынды жасауға кедергі келтіреді. Бұл құбылыс зерттеуге алынған сынамалардың 50–60 пайызында тіркелген.

Жарақаттар, кеме қатынасы және теңіздің таяздануы

Жарияланған материалдарға сәйкес, қырылған итбалықтардың 3–12 пайызында механикалық зақымданулар болған. Олардың қатарында бас жарақаттары, терең жаралар, балық аулау торларынан қалған іздер және дене бөліктерінің кесіліп қалған жағдайлары бар. Дегенмен мұндай зақымдардың кейбірін жануарлар өлгеннен кейін де алуы мүмкін.

Ғалымдар жануарларға қауіп төндіретін антропогендік және табиғи факторлардың бірнеше негізгі түрін атап көрсетеді.

- Қысқы кеме қатынасы. Солтүстік Каспийде мұзжарғыш кемелердің қозғалысы итбалықтар қыста көбейетін мұз үстіндегі мекендеу орындарын бұзады. Айта кетейік, 2025 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторында қысқы кеме қатынасына шектеулер енгізген.

- Каспий теңізінің таяздануы. Су деңгейінің төмендеуіне байланысты итбалықтар мекендейтін аралдар құрлықпен жалғасып, жануарлар қауіпсіз демалатын орындарынан айырылады.

- Браконьерлік торлар. Жануарлар балық аулау құралдарына жиі шырмалып, соның салдарынан қырылады.

Ластану және экологиялық қауіптер

Каспий итбалықтарының тіндерінде ауыр металдар, соның ішінде сынап, сондай-ақ ДДТ пестициді жиналады. Бұл олардың иммунитетін әлсіретеді. Бұдан бөлек, сүтқоректілердің ас қорыту жүйесінен микропластик те анықталады.

Итбалықтардың қырылуына ықпал етуі мүмкін басқа да факторлар қарастырылуда. Олардың қатарында су астындағы сейсмикалық белсенділік кезінде газдардың бөлінуі, қыстың жылынуы мен мұз жамылғысының азаюы, сондай-ақ бұрын болған ит обасының өршуі бар. Жыртқыш жануарлардың обасы деп те аталатын бұл ауру 2000 жылы 10 мыңнан 30 мыңға дейін итбалықтың өліміне себеп болған.

«Теңіз сүтқоректілерінің қырылуының бірыңғай себебін анықтау мүмкін емес — бұл кешенді ғылыми міндет. Итбалықтарға бір мезгілде көптеген жағымсыз фактор әсер етеді», — делінген зерттеушінің материалдарында.

Тарихи деректерге сәйкес, XIX–XX ғасырларда бақылаусыз аулаудың салдарынан бұл түрдің популяциясы 90 пайызға қысқарған. 1935 жылы, аулау көлемі шарықтау шегіне жеткен кезде, 227,6 мың итбалық ауланған.

Бүгінде каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және Каспий теңізімен шектесетін бес мемлекеттің барлығының қорғауында.

Бүгін, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.