Атырау, 16 қазан 10:27
 дождьВ Атырау +14.6
$ 454.14
€ 509.23
₽ 5.41

Қостанайда 46 адамды алдап соққан қаржылық аферисттің ісі аяқталды

65 рет қаралды
фото ng.kz
фото ng.kz

Қостанай облысында заңсыз микроқаржылық қызметпен айналысқан 58 жастағы Серік Қалиевке қатысты резонанс тудырған сот процесі аяқталды. Ол жылдық 120 пайызбен қарыз беріп, жылжымайтын мүлікті кепілге қою арқылы борышкерлерді тығырыққа тірейтін схемаларды қолданған. Осылайша, ол бір миллиард теңгеден астам табыс тапқан, деп жазады Kozachkov offside.

Ескі әдет, жаңа ауқым

Серік Қалиевтің есімі қостанайлықтарға жақсы таныс. Осыдан 17 жыл бұрын ол алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол кезде оның «қолтаңбасына» айналған әдістердің қатарында жылжымайтын мүлікті кепілге қою мақсатында сатып алу-сату шарттарын жасау, сотқа беремін деп қорқыту, тіпті мәмілеге келмеген клиентке травматикалық тапаншадан оқ ату да болған.

Шартты жаза алғанымен, ер адам одан сабақ алмаған. 2018 жылдан бастап ол әлеуметтік желілер арқылы клиенттерді тартып, қылмыстық бизнесін қайта жандандырған.

Схема алдау мен қарыз алушыны тығырыққа тірейтін шарттарға негізделген.

Қарыз алушыға қолма-қол ақшаның аз мөлшері беріліп, ал нотариалды түрде куәландырылған шартқа нақты қарыз сомасынан әлдеқайда көп сома жазылған. Мысалы, ол 10 миллион теңге беріп, құжаттарға 15 миллион теңге деп көрсетіп, қарызды небәрі төрт ай ішінде қайтаруды талап еткен.

Көтере алмайтын қаржылық міндеттемелердің салдарынан борышкерлер ескі қарыздарын жабу үшін қайтадан қарыз алуға мәжбүр болған. Жәбірленушілердің бірі шамамен 13 миллион теңге алып, пайыздарын төлегенімен, ақырында өсімқорға тағы 26 миллион теңге қарыз болып қалған.

Миллиардтаған табыс және тәркілеу

Өсімқордың әрекетінен 46 адам зардап шеккен. Оның көлеңкелі бизнесінің жалпы айналымы бір миллиард теңгеден асқан. Қалиев осы қаражатқа төрт пәтер, үш жер учаскесін, зәулім үй және үш автокөлік сатып алған. Олардың бір бөлігін өзге адамдардың атына рәсімдеу арқылы жасыруға тырысқан.

Күдіктінің заңсыз әрекетіне Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тосқауыл қойған. Оның әрекеттері заңсыз микроқаржылық қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру ретінде сараланған.

Сотталушы өз кінәсін мойындамағанымен, сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Рақымшылықты ескере отырып, жаза мерзімі екі жыл сегіз айға дейін қысқартылған.

Заңсыз жолмен алынған барлық жылжымайтын мүлік пен автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұдан бөлек, сот құқық қорғау органдарына жеке қаулы шығарып, борышкерлерді тығырыққа тірейтін мәмілелерді рәсімдеуге көмектескен төрт нотариустың қызметін тексеруді талап еткен.

Үкім 15 қазанда заңды күшіне енді.

Бүгін, 09:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.