Атырау, 25 қараша 01:05
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үйден қашқан бала, көпірден секірген қыздар

Сурет
3 430 просмотра


10 сәуірде Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ төрағалық етуімен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі мәселе – аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі.

ВИРТУАЛДЫҚ АЗҒЫРУШЫЛАР

Бірінші болып Атырау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат ӨТЕШОВ сөз алды. Ол адамдардың хабар-ошарсыз жоғалып кетуіне басты назар аударды.

- Жыл сайын облыста адамдардың жоғалып кетуіне байланысты елуден астам арыз тіркеледі. Статистикаға сәйкес, арызданушылардың көп бөлігі өз туысқандарының ақша табам деп кетіп, оралмағандығына шағымданған, - дейді Өтешов.

Ол өзінің сөзінде «тірі өлік» Айғали Сұпығалиевке қатысты шулы оқиғаны еске түсірді.   

Өтешов, сондай-ақ, ата-анасымен өзара түсініспеушіліктің салдарынан үйінен кетіп қалатын жасөспірімдерге қатысты мәселені қозғады. Оның пікірінше, мұндай әрекетке баруға әлеуметтік желілердегі виртуалдық «достарының» үлкен әсері бар.

Өтешовтің айтуынша, мұндай оқиғалардың көбі  қылмыстық сипатта емес, тұрмыстық жағдайларға қатысты туындап жатады.


Өз кезегінде Атырау облысы полиция департаментінің басшысы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ бүгінде із-түзсіз жоғалған 6 адамға іздеу жарияланғандығын хабарлады. 

ДӘСТҮРГЕ ЖАТ ҚҰБЫЛЫС

Нұрлан Ноғаев қарттар үйіне қатысты мәселені қозғады:

- Балалар қартайған ата-аналарын неге қарттар үйіне тастайды? Бұл үлкен әлеуметтік мәселе, оған  жайбарақат қарауымызға болмайды, жұртқа жария ете отырып шешетін мәселе. Мемлекет қалай болғанда да қарттарға көмек көрсетеді, бірақ, балаларға да  өз ата-аналары үшін жауапкершілік жүктелуі  тиіс. Біздің қоғамда мұндай ешқашан болған емес, тіпті, біздің дәстүрімізде жоқ. Қандай қиындықтар тумасын – бұлар сіздерді өсіріп, өндірген ата-аналарыңыз.

Облыс әкімінің сөзінен кейін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік ҚАМИДОЛЛАҒА қарт адамдардың туысқандары мен балаларын шақырып, ашық есік күнін өткізуді және онда түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды.

-Қарттар үйінде  балалары жетістікке жеткен, жағдайлары  жақсы қарттар да жоқ емес, - деп сөзін жалғады Ноғаев.  

– Қарттардың атында  кем дегенде бір жылжымайтын мүлік тіркелген болар. Алайда, олар өз үйінің емес, қазыналық үйдің қызығын көруде. 

Айта кету керек, бүгінде Атырау қарттар үйінде 104 адам тұрып жатыр. Олардың көбінің отбасы бар.

БЮДЖЕТ АЙТАРЛЫҚТАЙ ТОЛЫҚТЫ

Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Қайыровтың айтуына қарағанда, барлық қылмыс түрлері бойынша қылмыстың ашылу көрсеткіштері жоғары.

- Бүгінде құқық бұзушыларға салынған айыппұл мөлшері бір жарым  миллиард теңгені құрайды, оның ішінде 1 миллиард 134 миллионы жергілікті бюджетке түсті. 34 полиция бекетін орнату жоспарланған болатын, оның 22-сі жұмыс істеп тұр. Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Жергілікті полиция қызметінің қажеті үшін 98 бірлік көлік берілген.

ЖҮРГІЗУШІ, МӘДЕНИЕТТІЛІГІҢ ҚАЙДА?

Telegram акимат чат-каналында Атырау көшелерінде «жарыс» ұйымдастыратын автобус жүргізушілеріне тұрғындардан ондаған шағым түскен. Үнемі жарыс, түрлі маневрлар, «дойбы» ойыны – міне, олардың негізгі жұмыстары. Бұл жағдаймен өңір басшысы жақсы таныс болып шықты.

- Жолаушылар тасымалында қазір 90 жаңа автобус жүр, тағы 30-ы балансқа  алынғаннан соң қосылады. Жоспарда тағы да 100 автобус алу бар. Мұның бәрі жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту үшін жасалып жатыр. Бірақ бұл жерде жүргізу қауіпсіздігі туралы мәселе туындап отыр. Жолаушыларға таласқан жүргізушілер нағыз жарыс ұйымдастырады. Бұған кәсіпорын басшылары мен жол полициясы қызметкерлері тоқтау салуы керек, - деді Ноғаев. Ол өкілетті органдарға жолаушылар көлігіне жылдамдықты асыру трекерлерін орнатуды тапсырды.

- Біз қазір тасымалдаушы компанияларды субсидиялауды ойластырып жатырмыз, сондықтан да бұл жағдайды жіті бақылауға алу керек. Сағатына 60 шақырымнан асырмайтын жылдамдық белгілеуіміз керек,- деді әкім.

КӨПІРДЕН СЕКІРМЕУ ҮШІН

Жақында ғана өзін-өзі өлтірмек болған қызды құтқарамын деп, өз өмірін қиған полицей Шалхар АҚЫМҒАЛИЕВҚА  қатысты қайғылы оқиға ешкімді бей-жай қалдырған жоқ.

- Барлық патрулдерді құтқару жилеттерімен қамтып, полицейлер арасында суға батып бара жатқандарды құтқару бойынша курстар өткізіп, көпірлер маңына стационарлық қосындар орнату керек, - деп ұсыныс жасады «Келешек Атырау» бірлестігінің төрағасы Олжас СҰЛТАНОВ.

Полицейлер құтқару жилеттерін сатып алуға қаржы бөлінуін күтіп отыр. Ал, стационарлық қосындарды орнатудың қажеттілігі жоқ, өйткені қазір Атырау көпірлерінен секірудің алдын алатын арнайы кедергілерді орнату мәселесі қаралып жатыр екен.  

Анастасия АЛЮШИНА

Суретті түсірген автор

11 сәуір 2019, 20:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.