Қызылқоға өңірі шежіреге толы, тарихы бай. Cондай аңызға айналған адамдардың бірі, тірі кезінде әулие батыр атанған - Сақал ата. Ол тіпті Исатайдың сарбазы болып, көтеріліске қатысқан деген тарихи деректер де бар.
Осы өңірге барған кезекті іссапарым кезінде жергілікті адамдардың киелі орнына айналған Сақал ата кесенесін көргеннен кейін, бұл кісінің тарихына қызығушылығым оянды. Сұрастырып жүріп, 2005 жылы «Алматы» баспасынан шыққан «Қызылқоға – құт мекен» жинағынан біраз деректер таптым. Сақал Бадыраұлы 1810-1886 жылдар арасында өмір сүрген. Ол Миялы ауылының шығысындағы екі шақырымдай жердегі қорымда жерленген. Бүгінде бұл қорымның атауы Сақал ата атымен аталады. Бұрынғы зираты ескіріп, тозып, құлау қаупіне жеткесін 2001 жылы жаңа кесене тұрғызылыпты. Қасиетті, әулие атаның зиратының басында өз шырақшысы бар, өйткені оның басына түнекке түнеп, тәу еткендер саулығына шипа іздеп, арнайы келеді екен.
Бадыран ұрпағының жақсы мен жаманды ажыратуына жастайынан көңіл бөліп, өзімен бірге ерте жүріп үйреткен деседі. Азан шақырып қойған аты ұмытылып, Сақал деп атануының өзі жасында сауықшыл, жиын-тойдан қалмай, ел аралап, бар жақсыны үстіне ілген сырбаз жігіт болғанынан дейді. Жылқының көзге көріктісі мен жүйрігін, ер-тұрманның көңілге қонымдысын таңдап мінген деседі, содан «Сақал» деген аты қоса ілініп, ақыры тарихта сол атымен қалады. Сақал ата ат құлағында ойнайтын найзагер болған деседі.
Ел аузында Сақал ата туралы аңыз көп. Соның бірінде былай делінген: 15-16 жастағы бозбала кезі болса керек, Көкжар жәрмеңкесіне жолы түседі. Жәрмеңкені естуі болмаса, бұрын көрмегендіктен қатты қызығушылығы оянса керек-ті. Сөйтіп бір баймен келісіп, мал сатушылармен бірге сапарға шығады. Сақал жас болғанымен епті, ұрысқа бейім, шапшаң, батыл, найзаны ойыншықша ойнатып тұрған уағы. Жолда мал айдаушыларға тонаушылар кездеседі. Бірнеше жол торушы қарақшыдан қаймықпай, ат үстінде ойнаған жас бозбала оларды найзамен бірінен соң бірін түйреп өлтіреді. Мұнысы жалпақ елге аңыз болып тарайды.
Көнекөздердің айтуынша, Сақал ата Исатай-Махамбет көтерлісішілері сапында сарбаз болған деседі. Батыр бұл жорықта да талай ерлік көрсеткен екен. Исатай қолы жеңіліске ұшырап, ыдырағаннан кейін Сақал ата өз ауылын Тайсойған құмына көшіреді. Кейін өзі туып-өскен жері Кіндіксайға қоныс аударып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрақтап қалады. Ауылын дау-жанжалдан қорғап, еңбекке баулып, малын өсіріп, отырықшылыққа үйретеді. Сақал ата туралы, оның ерлігі, ерекше қасиеті туралы тарихшылар зерттейтін мәліметтер әлі мол.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор