Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАН өткізген брифингте өңір экологиясына қатысты көптеген ақпарат ұсынылды. Негізгілерін назарларыңызға ұсынамыз.
АПАТТЫ ҰҢҒЫМАЛАР
Атырау облысының аумағында 90 апатты ұңғыма бар, оның 88-і жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық учаскелерінде және 2-уі мемлекеттік қорда. 13 ұңғымаға пломба салынған, 61-і қауіпсіз деп есептеледі. Сарышағылдағы екі мемлекеттік ұңғыманың бірі 2015 жылы пломбаланған. Екінші Прорва Теңіз Г-1 ұңғымасын пломбалауға 52,3 млн теңге бөлінді.
- Қалған 14 ұңғымаға келер болсақ, облыстық әкімдік Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК-на хат жолдады. ҚМГ жауабына сәйкес, 5 ұңғымаға 2019 жылдың аяғына дейін пломба салынады, ал 9-ына жүйелі мониторинг жүргізіліп отырады - деп хабарлады Қ.Арыстан.
АУА
Азғырдағы алаңы 300 га болатын бұрынғы ядролық полигонда 10 технологиялық алаң орналасқан. Оның 3-уі қоршауға алынған. Биыл жалпы сомасы 23,4 млн теңгеге тағы 4 алаңды қоршауға конкурс жарияланды. 2017 жылдан бастап Қазақстанға қайтарылған «Тайсойған» әскери полигонында кешенді экологиялық зерттеулер жүргізіледі. Оған облыстық бюджеттен 24 млн теңге бөлінді. Жоба 2 жылға есептелген, мердігер - «Экосервис-С» ЖШС, жұмыстар биыл аяқталуы тиіс.
- Атыраудағы ауа сапасы бойынша – иә, иіс бар. Бірақ ШРК нормалары аспаған, - деді Қ.Арыстан. – Қазір ҚР жаңа экологиялық кодексі қаралуда. Оған ұсыныс ретінде мұнай және газ кәсіпорындарының газ жіберетін құбырларына он-лайн режимінде бақыланатын арнайы датчиктер орнату енгізілді. Егер бұл ұсыныс өтсе, онда біз бүкіл көрсеткіштерді датчиктерден аламыз. Бұл анағұрлым нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Өйткені қазіргі уақытта газдың қайдан келетінін және қандай мөлшерде жүріп жатқанын анықтау өте қиын.
Өңірдегі тағы бір проблема – құм шағылдары. Исатай, Қызылқоға және Жылыой аудандарын құмнан қорғау үшін 304 млн теңге қажет. 2019-2020 жылдардың жоспары бойынша, Исатай ауданында қорғау жұмыстары толығымен аяқталады.
«Болашақ» зауытының жанында 4 елді мекен – Ескене, Қарабатан, №469 және 496 разъездер бар. Өткен жылы зауыттан келіп жатқан иіске қатысты тұрғындардың шағымын қарау үшін жұмыс комиссиясы құрылды.
- Бұдан басқа, тұрғындар инфрақұрылымның, балабақшалардың, мектептердің жоқтығына шағымданды. Комиссия бүкіл шығындарды есептеп шығарды: тұрғындарды көшіру үшін 1,5 млрд теңге, ал инфрақұрылым жүргізу үшін 8 млрд теңге қажет. Әрине, көшіру үнемді екенін бәрі түсінеді. Олар зауытқа жақын тұрады, тіпті, ШРК-ден аспаса да иіс бар. Бірақ санитарлық қорғаныс аймағының радиусы 7 шақырым, ал елді мекендер осы радиустан тыс орналасқан. Сондықтан бүгінде тұрғындарды экологиялық тұрғыда көшіруге негіз жоқ, - деді басқарма басшысы.
Алайда 2023 жылға қарай зауыт қуаты 16 млн тоннадан 24 млн тоннаға дейін көбейеді. Тиісінше, жаңа ЕЭА жобасы жасалады. Сол кезде радиус кеңейтіліп, осы 4 елді мекенді көшіру үшін заңды негіз пайда болады.
- Біз НКОК компаниясына осы жерлерді 1,5 млрд теңгеге сатып алуды ұсынып отырмыз. Өйткені болашақта, жоба жасалған кезде жер телімдері қымбаттайды. Олар осы мәселені қарауға уәде берді, - деді Қ.Арыстан.
ҚОҚЫС
Облыста 81 қоқыс полигоны бар. Қазіргі уақытта қоқыстың жалпы көлемі 2 млн 436 мың тонна болады.
- Махамбет ауданының Алмалы ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына арналған 50 га жер бөлінді. Жобаны «Poligram» ЖШС әзірледі. Қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Оның құны 4,2 млрд теңге, - деп хабарлады Қ.Арыстан. Ескі қалалық полигонды қалпына келтірудің жобалау-сметалық құжаттамасы (1,6 млрд теңге) да сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, облыстағы 10 елді мекендегі (аудан орталықтары мен Сүйіндік, Котяевка және Сағыз ауылдары) типтік полигондардың жобалау құжаттамасы әзірленуде.
Атыраудың сол жақ жағалау бөлігінде кәріздік-тазарту құрылғысын салу жұмыстары жалғасады. Нысанның жоспарлы қуаты – тәулігіне 70 мың текше метр. Тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы, мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ. Жобаның жалпы құны 9 млрд 927 млн теңге, 2018 жылы 1 млрд 592 млн теңге игерілді. Құрылыс 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, қаланың оң жақ жағалауындағы кәріздік-тазарту құрылғысын жаңғыртудың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Жоспарлы қуаты – тәулігіне 31 мың текше метр. Мердігері - «ҚұрылысЭкспертПроект» ЖШС, жұмыс құны – 139,4 млн теңге деп бағаланып отыр.
САСЫҚСАЙ
Қ. Арыстанның айтуынша, Атырау қаласының екі бөлігіндегі Сасықсай және Квадрат деп аталатын кәріз суларының булану алаңдарының топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жобасы әзірленуде. Екі нысан бойынша ЖСҚ-ны «ҚұрылысЭкспертПроект» ЖШС әзірлейді. Жұмыс құны – тиісінше, 193,264 млн және 75,486 млн теңге.
- Бұл жұмыстар орындалған кезде, қаладағы ауа тазара түседі, - деп сендірді Арыстан.
СУ
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол трансшекаралық өзендер бойынша ресейлік-қазақстандық комиссияның жұмысына тоқталды.
- Бұл саяси мәселе. Комиссия отырыстарына Орынбордан, Оралдан, Ақтөбеден мамандар қатысады. Бірақ Башқұртстаннан қатысушылар жоқ. Ал Жайық суының 60 пайызы осы республиканың аумағында орналасқан оның Сақмар сағасынан келеді.
Арыстанның айтуынша, Атырау облысының аумағында суды жинап, біртіндеп босату үшін су қоймасына лайық орын жоқ екен. Ал тегіс жерге су жинағыш салу қомақты қаржыны қажет етеді. Бұл жерде ғалымдар жұмыс істеуі тиіс. Комиссия құрамына біздегідей түрлі департамент басшылары емес, солар кіргені жөн.
- Жалпы, бұл мәселені оңтайландыру керек. Жайылымдық жерлердегі су ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі. Жерасты сулары – біздің құзырымызда, ал ауыз су – ұлттық экономика министрлігіне қарасты ТКШ мәселесі. Осының ортақ шешімі табылмай тұр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор