Атырау, 25 қараша 02:36
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ә. Қосанов: Билік сайлауды тез өткізуге мүдделі

7 536 просмотра

Фото: Zakon.kz

Бірінші президенттің өз билігін Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА тапсырғаннан кейінгі еліміздегі саяси ахуал, сайлаудың өту мерзімі, билік кандидатына бәсекелесе алатын оппозициялық күштердің ортақ кандидатын ұсыну және тағы басқа мәселелер туралы саясаткер және қоғам қайраткері Әміржан ҚОСАНОВПЕН болған сұхбатта. Алғашқы сұрағым -  президенттік сайлаудың өту мерзімі туралы.

- Меніңше, биліктің сайлауды тез өткізуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, мынадай қос өкімет жағдайы, мысалы, Ұлттық банк төрағасы алдымен президентке барып, содан кейін Елбасынан тапсырма алатын екілік жағдай көпке ұзамайтын сияқты. Өйткені Тоқаев сайланған президент емес, тағайындалған президент. Дегенмен, енді бар жауапкершілік, экономикалық, саяси шешімдер шығару Тоқаевқа ауысады. Ал мұны жүзеге асыру үшін оған өкілеттілік керек, ал оны беретін, заң бойынша, тек қана сайлау. Екіншіден, осы қос өкімет жағдайы және бұған сенат төрағасы болған Дариға Назарбаева факторын қоссаңыз, қазіргі еліміздегі ықпалды топтарға, кландарға, билік «элитасына» ыңғайсыз жағдай тудырып жатыр. Өйткені олар болашақта кіммен тағдырларын жалғастыратынын, кімге табынарын білмей отыр. Бұл да мемлекеттің тұрақтылығына жақсы әсер ете қоймас. Үшінші себеп, қазір әлеуметтік жағдай қатты ушығып тұр. Бірінші президент кетер алдында әлеуметтік салаға 2 миллиард доллар жұмсаймыз дегенмен, бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ, қайдан алатыны белгісіз, бюджетке мұндай ақша  түскен жоқ. Уақыт өткен сайын бұл мәселе қиындай түседі. Ал ол билік ұсынатын үміткердің өтуіне кедергі болуы мүмкін. Осындай объективті, субъективті басқа да себептермен сайлауды тез өткізу қазіргі билік үшін ұтымды.

- Билік кандидат ретінде кімді ұсынуы мүмкін?

- Бұл жерде сұрақ көп. Назарбаев пен Тоқаев арасында қандай уағдаластық, қандай келісімшарт болды, біз білмейміз. Көп нәрсе соған байланысты. Келесі фактор – бұл Тоқаев бола ма, әлде отбасы мүшесі бола ма? Иә, Әзербайжанда отбасылық ауысу болды, Гейдар Әлиевтің орнына баласы келді. Ал бізде бұл қалай болады, отбасылық ауысуға халық қалай қарайды? Оны билік қалай негіздейді? Менің ойымша, биліктегі осы өзгеріс аяқ астынан болды. Бұл алдын-ала барлық сценарийлері дайындалған, кландармен, «элитамен» келісіп-пішілген нәрсе деп ойламаймын. Асығыс болғандықтан ойластырылмаған жерлері өте көп.

«ХАЛЫҚҚА ЖАҢА КӨШБАСШЫЛАР КЕРЕК»

- Ал оппозиция тарапынан бәсекеге қабілетті ортақ күш, кандидат бар ма?

- Бізде саясаттанушылар мен журналистер арасында тіркелген партия жоқ, яғни оппозиция да жоқ деген бір қателік бар. Иә, билік оппозиялық партиялардың көзін құртты, ҚХРП, Алға партиялары жойылды, кезінде құрылуына мен қатысқан, тете басшысы болған ЖСДП, Азат партияларының қазіргі жағдайы белгісіз, белсенділік танытпай отыр. Дегенмен, қазіргі әлемдік саяси үрдіске қарасақ, бүгінгі оппозиция деген кім екенін түсінуге болады. Мәселен, Украинада қаншама жыл саясатта келе жатқан, үлкен саяси партияларға жетекшілік еткен Порошенко мен Тимошенко шоумен Зеленскийге сайлауда жеңіліп жатыр. Зеленский осыған дейін үлкен партия құрып, саясатпен айналысты ма? Жоқ! Қазір саясатта жаңа сұраныс бар. Яғни, халық жүйеден тыс, жаңашылдықты қалайтын, жаңа мұраттарға, жаңа идеяларға жетелейтін көшбасшы іздейді. Франциядағы Макрон, ол билікке келер алдында үлкен партияны, бүкіл елді қамтитын құрылымды басқарған жоқ. Тіпті, АҚШ-тағы Трамп, ол да бизнестен келді. Сондықтан, қазір Қазақстандағы оппозиция туралы айтқан кезде екі нәрсені ұғынуымыз керек. Бүгінде бізде оппозиция мен халық деген сөз бір ұғым болып кетті. Өйткені қазір кез-келген адам, мейлі ол бизнесмен болсын, орта-кіші буын шенеунік болсын, бүгінгі жағдайға риза емес.

Наразылық температурасы, формасы әр түрлі, сондықтан оппозиция бірегей, бірдей болуы шарт емес, тіпті, әр түрлі болу керек: солшыл мен оңшыл, центрист, интернационалист, жасыл және тағы басқаша. Бірақ бұл күштер екі жағдайда бірігуі керек: президенттік және парламент сайлауында. Неге мен президент сайлауын бірінші айтып отырмын? Өйткені бізде бәрін президент шешеді. Сондықтан постназарбаев кезеңінің негізгі формуласын, постулатын сол сайланған президент жазады. Біз қазір Назарбаевтың ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Бірінші президент сияқты лауазым-атақтарымен ықпалы жоғары деп есептегенімізбен, ол кісі биологиялық, физиологиялық, политологиялық жағынан да саясат базарынан кетіп бара жатқан адам. Яғни, алда сайланар президенттің еліміздің болашағына әсері зор болады. Сондықтан, жоғарыда айтқан түрлі оппозициялық күштер, тіркелген не тіркелмеген партия болсын, қазіргі режиммен келіспейтін қоғамдық ұйымдар, жеке тұлғалар бәрі бірігіп, бір кандидат ұсынуымыз керек. Бұл біздің саяси жауапкершілігіміз. Егер біз ортақ мақсатты ойламай, бір-бірімізді жамандап, жеке мүдде үшін бір-бірімізге кедергі келтірсек, билік бұған қуанады. Олар ертең «міне, бізде оппозиция жоқ» деп, сайлауды өздерінше өткізе салады. Сондықтан, бұл сайлау қай кезде болса да, бір тұлғаны ұсыну керек. 

- Сайлау уақыты белгіленді, уақыт аз. Өз тараптарыңыздан қандай әрекет жасап жатырсыздар?

- Қазіргі таңда өзін оппозиция санайтын күштер бірігіп, консультациялық жұмыстар істеп жатырмыз. Әрине, бәрі деп айта алмаймын, өзіндік амбициялары бар, президент болғысы келетін адамдар да болады. Бірақ біз бірігуге күш саламыз. Иә, біз не істеп жатырмыз? Біз формула ұсындық. Бүгінде экономикалық, саяси бағдарламалар жазудың керегі жоқ, халыққа маңызды бес-алты позицияны: президенттік билік, парламент, сот жүйесі, саяси-экономикалық бағыт қандай болуы керек, соны ұсынуымыз керек. Қазір халықтың 99 тараудан тұратын бағдарламаңызды оқитын уақыты жоқ. Олар осы билікке балама, қарсы күш бар ма деген сияқты нақты сұрақ қояды. Сондықтан біз 20 жыл ұстанған, ұсынып жүрген ұсыныстарымызды 20 бапқа сыйғызып, билік партиясына балама болатындай бағдарлама жасамақпыз.

«ӘБІЛЯЗОВТЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ АСТАРЫНДА ЖЕКЕ КЕКШІЛДІК БАР СИЯҚТЫ»

- Сайлау әділетті өтетініне негіздер бар ма?

- Сайлауға түсерде бізге, аз да болса, келесі себептер үміт сыйлайды. Назарбаевтан кейінгі сайланатын президент тек құқықтық ғана емес, моральдық легитимді болуы керек. Егер ол оппозицияның кандидатын түрлі қитұрқы әдістермен жібермей, қуыршақ кандидаттармен сайлауға түссе, ешқашан халық алдында, әлем алдында нағыз президентпін деп айта алмайды. Бұл біздің инвестициялық тартымдылығымызға зиянын тигізіп, экономикалық құлдырауға әкеледі. Сондай-ақ, тағы бір себеп - билік бұрынғыша қуыршақ кандидаттарды шығарып, өз адамын қойса, оған енді халық сенбейді. Қазіргі әлемдегі саяси ахуалды қарасаңыз, кейбір араб, Еуропа елдеріндегі режимдердің құлауы сайлаудан кейін орын алып отыр. Бұл елдерде сайлаудың әділетсіз болуы халықтың наразылығының нағыз катализаторы болды. Алысқа бармай-ақ, биліктің ауысуы Арменияда тап осындай жағдайда жүзеге асты. Сондықтан сайлауды әділ өткізу – биліктің мойнындағы жауапкершілік. Өз кандидатымызды ұсынуға тағы бір заңнамалық негізіміз бар. Қазір президенттікке үміткерді тек партиялар ғана емес, республикалық  ұйымдар да ұсына алады. Біз осыны пайдаланбақпыз.

- Оппозициялық күштер бірігуі керек дейсіз. Алайда елдегі және шетелде жүрген Әбілязов сияқты адамдар сізді және жақтастарыңызбен бірге құрған "Жаңа Қазақстан" форумын Ақорданың қалтасындағы қуыршақ оппозиция деп айыптап жатады. Осыдан кейін бірігу мүмкін бе? 

- Иә, біз билікпен диалог жасаймыз, мемлекеттік БАҚ бізден сұхбат алады. Әрине, цензура бар, бірақ біз халыққа құқық туралы, әділетсіздік туралы айтып, ағартушылықпен айналысамыз. Біле білсек, бұл да үлкен жұмыс. Ал Әбілязовқа келсек, мен онымен бірге үкіметте жұмыс істеген адаммын. Содан кейін ДВК ретінде Жақияновпен бірге Ақжолдан бөлек шығып, Назарбаев режиміне ашық қарсы шыққанда, оларды қолдадым. Оларды ұстап, түрмеге жапқан кезде оларды босатуды талап еттік. Абақтыда президенттен кешірім сұрап, бостандыққа шыққан кезде оны табалаған жоқпыз. БТА банкті басқарғанда да, біз оны сынамадық. Әркімнің өз тағдыры бар. Әбілязов Назарбаев режимін ішінен білетін адам, ол олармен бірге табақтас болды, бірігіп бизнес жасады, былықтардың бәрін көзімен көрді. Осыларды халыққа жеткізу үшін осындай 10 Әбілязов керек бізге. 

Бірақ екінші рет оппозицияға кеткенде, менің ойымша, ол дұрыс тактика ұстанбады. Оның шетелде отырып, мен ғана шынайы оппозиция, қалғандары жалған жұмыс істеп жатыр деп жариялауы дұрыс емес. Жұрттың бәрін сатқын деп қаралау артында саяси эгоизм жатыр ма, шетелдіктер алдында өз бағасын көтергісі келе ме, білмеймін. Оның әрекеттерінен кейде кекшілдікті, жеке мүддені байқаймын. Олай болмау керек. Оппозиция біріккенде ғана күш болады.

Қазір билік арасында да прогрессивтік ойдағы азаматтар жетерлік. Олар да еліміздің дамуын тілейді. Сондықтан бір-бірімізді қараламай, жүйені өзгертуге күш салып, алда келе жатқан сайлауға ортақ кандидат ұсынып, соны қолдауға жұмылуымыз керек.

«БАРЛЫҒЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА»

- «Жаңа Қазақстан» форумы туралы айтып өтсеңіз.

- Форумның пайда болуы себебі - бүгінгі қоғамда тек билік режимі ғана емес, оппозициялық күштер де өзгеріп, заман талабына сай модернизацияланып отыру керек. "Жаңа Қазақстан" форумы осы мақсатта дүниеге келді. Біздің құрамымызда Дос Көшім, Ермұрат Бапи, Айдос Сарым, Расул Жұмалы сияқты ел арасында өз айтар сөзі бар, білімді, беделді адамдар жиналған. Біз 33 баптан тұратын бағдарлама жасап, елге таратып, талқыладық. Біздің позициямыз айқын, анық, біз қазіргі билікке оппозиция бағытындамыз. Бірақ билікпен, билік ішіндегі оң күштермен диалог жүргізуден қашпаймыз. Бір мемлекетте өмір сүргендіктен, оппозициялық бағыт ұстанып, елдің тұтастығы, ұлттық мәселелерде бірлесіп жұмыс жасауға ынталымыз. Бірақ жұмысымызды бастағалы бір жыл болса да, бізді тіркеген жоқ. Содан кейін бұрын тіркелген, құрамында өзіміз бар, танымал республикалық бірлестік астына бірігіп, атауын өзгерткіміз келді. Билік бұған да қарсы болып, бізді сотқа тартып отыр. Сондықтан дәл қазір "Жаңа Қазақстан" өз атынан сайлауға ешкімді ұсына алмайды. Бірақ біз әріптестермен бірігіп, жұмысымызды жалғастыра береміз және сайлауға оппозиция атынан ортақ кандидат ұсынуға күш саламыз.

...Қазір билік үлкен таңдаудың алдында тұр. Әйтсе де, әлі де болса бұл таңдау Назарбаевтың шешіміне байланысты. Ол өз отбасының, дәулетінің қауіпсіздігін алға қойып, билікке отбасы мүшесін қалдыра ма, әлде Қазақстанның демократиялық дамуына жол ашатын адамның президент болуына мүмкіндік жасай ма, белгісіз. Дегенмен бізге қоғамдық санада өзгеріс керек, еліміздің әр түкпірінде тұратын азамат «қашанғы біз үшін басқалар шешім қабылдайды, неге өзімнің, балаларымның болашағын өзгертуге өзім атсалыспаймын» деп ойлану керек және билік осы қоғамның пікірімен санасуы қажет. Егер біз «жоқ, біз ештеңе шешпейміз, қолымыздан ештеңе келмейді» дейтін болсақ, еліміз 1995 жылы Конституцияның өзгеруінен басталған саяси тоқыраудан тағы да ұзақ уақыт шыға алмайды. Міне, қазір қазақстандықтар алдында үлкен мүмкіндік тұр. Барлық азамат сайлауға белсенді араласып, әр дауыстың дұрыс берілуін қадағаласа, саяси мәдениетіміз қалыптасып, түбінде лайықты президентке ие боламыз деп ойлаймын. 

Әңгімелескен Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

9 сәуір 2019, 13:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.