Осы мәселе бойынша түрлі отырыстар мен жиналыстар, тыңдаулар өткізіліп жатса да, әлі күнге дейін Жайықтағы балықтың жаппай қырылу себебі анықталмады. Атырауда «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі осындай шаралардың бірін - «Қоғамдық экологиялық бақылау – Жайық өзеніндегі балықтың қырылу себептерінің объективтілігін бағалау» деп аталатын пікірталас алаңын ұйымдастырған еді. Атауы айқайлап тұрғанымен, айтар түйіні бірдей: балықтың неден қырылғаны - белгісіз.
Баспасөз хабарламасында Қауымдастықтың ғалымдарды тарту арқылы қолда бар ресми деректердің негізінде ахуалға талдау жасап, басқа елдер мен өңірлердегі ұқсас экологиялық апаттарды салыстырып, тәуелсіз сараптамалық баға бергені көрсетілген. Біздегі ахуал бойынша ештеңе анықталмаған. Пікірталас алаңында сөз алған мемлекеттік органдардың өкілдері бұрыннан белгілі ақпаратты, соның ішінде қылмыстық іс қозғалып, зерттеулер жүргізілгенін, «күдікті» кәсіпорындар тексерілгенін және тағы басқаларды айтып шықты.
Экология департаменті басшысының орынбасары Қ. ХАЙРОЛЛА АМӨЗ-ді өнеркәсіптік сарқындылар төгу бойынша жоспардан тыс тексеру 4 сәуірде аяқталатынын, қорытындысы 5 сәуірде жарияланатынын хабарлады.
Мұның алдында «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» мен Атырау облысы әкімдігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Ал жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері осы бағытта жұмыс жасап, мәселенің қыр-сырын білетін болса да, бұл жерге шақырылмағандарына қатты таң қалды. Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар ІЗТЕЛЕУОВАНЫҢ айтуынша, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар балық қырылғаннан кейінгі 4 айда көп жұмыстар атқарған, алайда ол туралы пікірталас алаңында айтылмады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА