Биылғы оқу жылында Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатында «Ат спорты клубы» құрылып, жұмысын бастады. Оқушылар Ұлттық спорт федерациясының қолдауымен аптасына бір рет қала шетіндегі демалыс базаларына барып, атпен шауып үйренеді. Үйірменің басты мақсаты - оқушыларға ат үстінде елін, жерін қорғап, осынау ұланғайыр ұлы даланы сақтап қалған ата-бабаларының тарихымен таныстыру.
2018 жылғы 21 қарашада жарияланған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының «Атқа міну мәдениеті» бөлімінде көшпенді өмір салтымен тарих сахнасында үлен өркениет қалдырып кеткен ата-бабаларымыздың осы ат, жылқы арқылы тарихта қалдырған ізі баяндалады. Елбасы: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», - деп ерекше тоқталып өтті. Олай болса, әлем тарихында атқа міну мәдениетінің негізін қалаған бабалар мұрасы бүгінгі уақытта да ұмыт болмай, оны өскелең ұрпақ арасында насихаттау игі істердің бірі.
- Клуб оқушылардың ат спортына, атқа мінуге деген қызығушылықтарын арттыруға, қазақтың ұлттық спортын дамытуға, шәкірттеріміздің денсаулығын шыңдауға, оларды төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеуге көп көмегі тиеді деп сенемін,- дейді лицей директоры Исмаил ЭЛЬМА. - Үйірмеге лицейіміздің 25 шәкірті қатысуда. Оқу жылының аяғына қарай ат спорты клубының жаңа жұмыс жоспары құрып, үйірме жұмысын алға қарай дамыта береміз.
Бабаларымыз бұрын дүниеге ер бала келсе, «ат ұстарым келді» деп қуанған. Ал ол ержеткенде «ат жалын тартып мінді» деп бойын мақтаныш кернеген. Күні бүгінге дейін ұмытылмай келе жатқан баланы ашамайға отырғызу дейтін де салтымыз болған. Баланың өмірге келуін де, ер жетуін дана бабаларымыз атпен байланыстырып отырған. Әр қазақ үшін баласының атқа мінуі қуаныш, той болып саналған. Қазақтың эпостарында ел қорғаған батырмен бірге оның қанаты – аты үлкен мәртебиеге ие болып, дастанға айналған.
Интернет пен смартфонға күні-түні байланған балалар арасында түрлі аурулардың көбейіп келе жатқандығы жасырын емес. Көз ауруына ұшырап жатқан ұрпақтың көбі ұзақ уақыт бойы телефон мен түрлі компьютерлік ойындардан бас алмағандар десек, сөзіміз қате болмас. Бұл, әрине, олардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, пайдалы іспен айналысуына мүмкіндік туғызбағаннан болуы мүмкін. Ал баланың денсаулығы мен дене тәрбиесінде атқа мінудің көптеген пайдалары бар екені белгілі. Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке ауруларына да қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Сонымен қатар атқа міну баланың денесінің шымыр боп өсуіне, әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де өзіндік орны бар екенін ұмытпаған жөн.
Амандық БАҒЫТҰЛЫ