1 сәуірден бастап 31 мамырға дейін Атырау облысында дәстүрлі «Бекіре-2019» балық қорғау акциясы өтеді. Мұнай астанасына кіретін-шығатын жерлерде, сондай-ақ су айдындарына жақын жерлерде 16 күзет бекеті ұйымдастырылады. Бұл туралы Атырауда өткен брифингте ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға орынбасарының міндетін атқарушы Нариман ЖҮНІСОВ хабарлады.
- Бекеттер браконьерліктің анағұрлым ықтимал жерлерінде орналасады, оның ішінде 10-ы көшпелі және 6-уы стационарлы; 9-ы Жайық өзенінің бойында, 5-уі Құрманғазы ауданында және 2 бекет Каспий теңізінің жағалауында жұмыс істейді, - деп нақтылады Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ. – Бұдан басқа, теңіз бөлігінде екі мобильді топ жұмыс істейді. «Бекіре-2019» акциясына 73 балық қорғау инспекторы, 9 патрульдік өзен катері, 13 шағын кеме және 19 бірлік көлік құралы жұмылдырылған. Бірлескен бекеттер «Ақжайық» резерватының аумағында да бар.
«АЖ» сауалдары:
- Өткен жылғы «Бекіре-2018» акциясының нәтижелерін айтып жіберсеңіз.
Нариман Жүнісов:
- Ол кезде Атырау облысында 731, Маңғыстау облысында 405 заң бұзушылық анықталды. Сотқа 28 қылмыстық іс жолданды, 864 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 19,7 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық, оның ішінде 3,8 тонна бекіре тұқымдас, 11,4 келі қара уылдырық, 53 жүзу және көлік құралдары тәркіленді.
- Акция барысында Ресей Федерациясының шекарашыларымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жасау жоспарда бар ма?
2201«Г» әскери бөлімшесі (шекарашылар) командирінің міндетін атқарушы Әділ БҮРКІТБАЕВ:
- Ресейлік әріптестермен міндетті түрде бірлесе жұмыс істейміз. Өйткені жыл сайын суда да, құрлықта да шекараны кесіп өту, заң бұзушылықтар тоқтамай тұр. Бірлескен жұмыс жақсы нәтиже береді.
- Трассаларда тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі?
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ:
- Дамбы-Атырау (Зарослый), Атырау-Астрахан (Новобогат), Атырау-Орал (Бесікті), Атырау-Ақтөбе (Қарабатан), Атырау-Махамбет (Алмалы) және Құрманғазы ауданындағы (Шеп) трассалар мен жолдарда стационарлы бекеттер ашылады. Шекарашылар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде шектес елдердің браконьерлерін анықтайды. Бұдан басқа, акция кезінде Атырау, Ақтау және Орал қалаларында балық өнімдерін заңсыз сататын орындар туралы мониторинг жүргізіп, ақпарат жинайды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор