Атырау, 29 қараша 02:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жоспар ма, жоғалу ма?

3 554 просмотра

17 қыркүйекте Қашаған кенішін игеру жөніндегі Солтүстік Каспий жобасының операторы - НКОК компаниясы 2012 жылдың табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.

 

СҰРАҚ ҚОЮДЫҢ МӘНІ ЖОҚ

Тыңдауда айтылған жоспар биыл жүргізіліп жатқан теңіз нысандарындағы құрылыс пен бұрғылау жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үндейді. Естеріңізге салсақ, бұрын мұнай пайдаланушылардың осындай жоспарлары аймақтық биліктер мен жұртшылықты айналып өтіп, Астанада Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде мақұлданатын еді. Алдыңғы жылдардың тәжірибелері мұндай жүйенің қаншалықты зиянды екенін көрсетті. Табиғат қорғау шаралары түрінде компаниялар көбінесе экологиялық қауіпсіздікті арттыруға емес, техникалық мұқтаждыққа бағытталған шаралар жоспарын енгізетін. Санаулы ҮЕҰ түріндегі Атырау жұртшылығы жоспарларды сол жерлерде қарау жөнінде мемлекеттік органдарға әлденеше рет талап қойған еді. Өйткені ластанған ауамен Астанадағы министрліктегілерге емес, Атырау тұрғындарына тыныстауға тура келеді.

Бұл жерде, шамасы, соңғы уақытта бас табиғатты қорғау ведомоствосын сілкінткен сыбайлас жемқорлық даулары да әжептәуір рөл ойнаған секілді. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпанында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Андрей ЛУКИН Қоршаған ортаны қорғау министрлігіндегі сыбайлас жемқорлық түрлі бөлімшелер мен аумақтық ведомостволар деңгейінде өркендеп жатқанын мәлімдеді. Ал таяуда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Сағынбек МҮТӘШОВҚА халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Бірінші боп НКОК-қа жергілікті деңгейде өзінің табиғат қорғау шараларының жоспарын қорғауға тура келді. Алайда бұл сәтсіз басталды. Шамасы, жеткіліксіз түрде хабардар болғандықтан шығар, негізінен кәсіби экологтар мен шенеуніктерден құралған жұртшылық аз болды. Ал сөз алған менеджерлердің өткір сұрақтарға дайын болмағаны анық. Дегенмен, жоспар бойынша тыңдауда мәлімделген жұмыстардың биылғы жылдың басында жүріп жатқанын және жылдық 2,5 млрд теңге бюджеттің 55 пайызы игерілгенін ескерсек, сұрақтар да көп болмады.

– Егер олар онсыз да жұмыс істеп тұрса, сұрақтар қоюдың қажеті қандай, - деп атап өтті танымал экологтардың бірі.

 

СЕЙСМОҚАУІПТІ ШЛАМ

2012 жылғы Теңіз кенішінде НКОК-тың және оның  агенттерінің табиғат қорғау шараларының жоспарымен жұртшылықты таныстырған НКОК  менеджері Роберт ХЕРСТ.

Мұнай өндіру процесінде шығарылған бұрғылау шламдарын жер қабатына кері айдау жөніндегі компания ұсынған жоба анағұрлым абыржытып тастады. Жобаны жүзеге асыруға шетелдік «Эмай Дриллинг Флюидз» компаниясы тартылып отыр екен.

Бір қызығы, бұл технологияны атыраулық экологтар сонау 2004 жылы Қашаған кенішін игерудің қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі жұртшылық тыңдауы кезінде сынға алған болатын.  Академик Мұфтах ДИАРОВ сол кезде жерасты қабатына бұрғылау шламын айдау сол кездегі оператор – Аджип ККО қаржысын үнемдеу мақсатында ғана таңдалғанын ескерткен еді. «Каспий геологиялық плиталардың шекараларымен бөлінген. Олар Каспий теңізінің түрлі бөліктерін бір-бірінен бөліп тұратын шектермен сәйкес келеді... Жер сілкінісінің көпшілігі тектоникалық күштер босап шығатын Орта және Оңтүстік Каспий арасындағы шекара жігінің бойынан байқалған. Осы жер сілкінісінің және Кавказ бен теңіздің оңтүстік бөлігінде орын алатын басқа да жер сілкінісінің жаңғырығы Солтүстік Каспийге 1-2 балл күшпен жетеді, - деп жазды Диаров. – Болашақта жер қойнауының тектоникалық қызметін жандандыру кезінде қазіргі кездегіге қарағанда анағұрлым күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл жағдайда жер қойнауына уытты заттарды көму кезінде әлсіреген аймақтарда олар теңіз түбінен жоғары қабатқа көтерілуі мүмкін.

 

«БАСТАЙЫҚ, КЕЙІН КӨРЕРМІЗ»

Ал қазіргі тыңдаудағы НКОК өкілінің сөзіне қарағанда, бұрғылау қалдықтарын жер қабатына айдау жобасын жергілікті және республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдар мақұлдаған. Ал биылғы жылдың мамырында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің оң қорытындысы алынған. Технологияны таңдау туралы сұраққа жауап берген компания өкілі жер қабатына айдау технологиясының бұрғылау шламын құрлыққа тасымалдауға қатысты компания күшін жеңілдетуге мүмкіндік беретінін жасырмады. Бұл менеджердің айтуынша, «қаржылық пайда әкеледі» екен.

Тыңдау барысында белгілі болғандай, компания жыл аяғына дейін жерасты қабатына азғана мөлшерден (36 тоннадан) тәжірибелік 164 мың тонна шламды айдап, осы технологияны байқап көрмекші.

Облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ жоспарда жер қабатын зерттеу шығындарының неліктен қарастырылмағанын сұрады. Жер қабатына айдау процесінде ол қандай әсерде болады, жерасты қабаты бұрғылау шламын қабылдай ма? Жауап орнына НКОК қызметкерлері процесс технологиясын толық сипаттай бастап, зерттеу жұмыстарының тікелей тәжірибелік жер қабатына айдау кезінде жүргізілетіндігін мәлімдеді.

 

ЖОҒАЛҒАН  НӘТИЖЕЛЕР

Кез-келген мұнай және газ (барлау және пайдалану) ұңғымаларын бұрғылау барысында орташа алғанда әр ұңғымаға 1,5-2,5 мың текше метр бұрғылау қалдықтары түзіледі. Олар негізгі екі компоненттен тұрады: 1) платформада дайындалған және бұрғылау процесін қамтамасыз ету үшін қажетті бұрғылау ерітінділері; 2) бұрғылау шламы – жер қойнауынан бұрғыланып алынған ұсақталған тау жыныстары. Бұрғылау қалдықтарының құрамында ауыр металдар (сынап, қорғасын, кадмий, мыс, мырыш, темір, никель), өте зиянды күшәла, ойып түсіретін өткір сода, сондай-ақ, күрделі органикалық қосылыстар бар. Бұрғылау қалдықтарында ұңғыманы зарарсыздандырып, барлық тірі организмді өлтіретін арнайы у болады. Ал кейбір компоненттер шамадан тыс радиоактивті болып келеді. Экологиялық ҮЕҰ Каспий итбалықтарының тағдыры туралы өз сұрақтарына жауап ала алмады. Олар консорциумның тапсырысы бойынша британдық мамандар жүргізетін зерттеу нәтижелерінің құпия екендігіне шағымданды. Сондай-ақ, тапсырыс берушінің жұртшылыққа әлсін-әлі ұсынып отыратын мардымсыз ақпаратының дұрыстығына күмән келтірді.

Компания менеджерлерінің айтуынша, олар әлі күнге дейін Каспий итбалықтарының негізгі өлу себебін анықтай алмай келеді екен.

Әрине, біз тапсырыс беріп отырған зерттеулер қаржылық тұрғыда мердігермен өзара қатынасқа ие, бірақ біз нәтижелер анағұрлым объективті болсын деп тырысамыз, - деп сендірді НКОК қызметкерлері. Олардың айтуынша, зерттеу нәтижелерін компания Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, экология департаментіне, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, Орхусс орталығына және т.б. жолдайды екен. Бірақ Орхусс орталығының қызметкерлері оларға бұл материалдардың түспегенін растап отыр.

Итбалықтардың санына келер болсақ, бір кездері миллиондап саналған олар қазіргі кезде, зерттеу мәліметтері бойынша, 100 мыңға дейін азайған.

 

ЖОСПАРЛАР КӨП

Жұртшылық тыңдауында Аджип ККО-ның бұрынғы мердігерлерінің бірі – «Бонатти» компаниясы отынының төгілуі салдарынан топырақтың ластанғаны туралы ақпараттың экологиялық ҮЕҰ-дарға белгілі болғаны айтылды. НКОК-тың бас экологы Руслан АДИЕВ ластану фактісін растап, осыған қатысты таяу уақыттарда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қайтадан тексеру жүргізетіндігін хабарлады.

21 қыркүйекте сағат 11.00-де «Ренессанс» қонақ үйінде НКОК келесі 2013 жылға Табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша жұртшылық тыңдауын өткізеді. Ал қазан айында «ТШО» ЖШС-нің осындай жоспары тыңдалатын болады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

20 қыркүйек 2012, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.