АҚШ Конгресі Ресейге салынатын жаңа санкциялар жөніндегі заң жобасын жариялады.
Жаңа заң жобасын ақпан айының ортасында Демократтар мен Республикалықтар бірлесіп әзірлеген. Онда Ресей мемлекеттік қарызына, газ өндірісіне, кеме құрылысына, Ресей аумағында мұнай өндіруге, шетелдерде Ресейдің қатысуымен жүзеге асатын энергетикалық жобаларға және Владимир Путиннің жақындарына санкция салу жөнінде айтылған. S.482 нөмірін алған құжат бойынша, АҚШ президенті заң қабылданғаннан кейін 180 күннің ішінде төмендегі бағыттар бойынша Ресейге санкция салуға міндетті:
1) Заңды белінен басып, жемқорлықпен айналысып жүрген Ресей президенті Владимир Путинге тікелей немесе жанама қатысы бар олигархтар мен саяси тұлғаларға санкция салу.
2) Ресей президентінің атынан заңсыз жемқорлық опперацияларын жүзеге асырып жүрген жартылай мемлекеттік заңды тұлғаларға санкция салу.
3) Жоғарыда аталған категорияларға жататын тұлғалардың отбасына және туыстарына санкция салу.
4) Жемқорлықпен келген қаржыны өзге шоттарға аударған қаржы институттарына санкция салу.
Бұдан бөлек заң жобасы қабылданғаннан кейін 180 күннің ішінде АҚШ барлау қызметі Конгреске Ресей президенті Владимир Путиннің жеке байлығы жөніндегі барлау құжаттарын беруге міндетті.
Дереккөз: qazaqtimes.com