Атырау, 2 желтоқсан 17:45
 ашық В Атырау -11
$ 425.05
€ 509.29
₽ 5.58

Канн кинофестивалі ме дерсің...

4 555 рет қаралды

9 қыркүйек күні киносүйер көрерменнің назарына «Еркебұлан production» кино орталығы түсіріп жатқан «Қыз жүрегі» фильмінің трейлері ұсынылды. Тұсаукесер рәсімі осы фильмге түскен актерлар мен өзге де шығармашылық топ мүшелерінің «Ақ Жайық» қонақ үйінің алдында төселген қызыл кілем үстімен жүріп өтуінен басталды. Бұл бір халықаралық кинофестивальдерді еске түсірді.

Жақында ғана ашылған «Еркебұлан production» кино орталығы қолға алып отырған «Қыз жүрегі» фильмінің түсірілімі әлі аяқталған жоқ. Директор, сценарист, сонымен қатаррежиссері ретінде де жұмысқа кірісіп кеткен Еркебұлан НҰРХАНҰЛЫ фильмнің режиссері ретінде белгіленген Карл ИСАБЕКОВТЫҢ қатты науқастанып, Мәскеуде ем алып жатқанын хабарлады. Бірақ, ол фильмнің режиссер-кеңесшісі ретінде Еркебұланға алыста болса да қойылым мәселелеріне байланысты құнды кеңестерін беріп келеді.

Фильм операторы, «Бәйтерек» бейнестудиясының директоры Қуаныш ТАҢАТАРОВ журналистермен былай деп ой бөлісті:

- Менің операторлық жұмыс саласында 8 жылдық тәжірибем бар. Одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясында 1 ай тәжірибеден өттім. Онда кранмен жұмыс істеуді үйрендім. Мен фильм түсіргесін сапалы шығаруды көздеймін. «Қыз жүрегі» фильмі мен үшін үлкен тәжірибе және үлкен жауапкершілік. Бұл фильмге монтаждаушы ретінде де қатысамын.

Біз көрген динамикалық трейлерден картинаның қызықты болып шығуы мүмкін екендігі байқалды. Экрандағы эпизодтардың бірінде басты рөлдегі Әсемнің рөлін сомдайтын Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының түлегі Айнұр СҰЛТАНОВА танымал ақын Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ «Көңілім бір құлазыған» деп басталатын өлеңін оқиды. Бір қызығы, Айнұр осы өлеңді 8-сыныптан бастап жаттап алып, түрлі ауқымдағы көптеген шараларда мәнерлеп оқып жүрген. Бұл өлең оған кастингтен өтуге көп жағынан көмектесті.   

Тұсаукесерге қатысушылардың арасында біз басты кейіпкерлердің бірін сомдайтын Нұрхан КӘРІМДІ кездестірдік. 17 жастағы колледж студенті оның экранға алғаш рет шығуы табыссыз болмайтынына сенгісі келеді және бәрі де сәтті шығады деп үміттенеді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

13 қыркүйек 2012, 00:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.