Атырау, 25 қараша 06:49
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қылмыс жасаған шетелдік жазасын елімізде өтейді

2 603 просмотра


Жыл басынан бері Атырау облысында елімізде болу қағидаларын бұзған 26 шетелдік Қазақстаннан шығарылған, олардың 22-сі Өзбекстан азаматы, 4-уі қытайлық.

Соңғы рет Қазақстаннан мұнайлы астанадағы компаниялардың бірінде қаржы директоры болып жұмыс істейтін 53 жастағы ҚХР азаматы шығарылды. Ол елімізге тұрақты еңбек етуге мүмкіндік бермейтін іскерлік визасымен келген. Мұндай қызмет атқару үшін шетелдік ҚР ресми жұмыс істеуге құқық беретін жұмыс визасын реттеуі керек еді.

Көптеген оқырмандарымыз қаңтар айында Атырау әуежайында мас күйінде ерегес шығарған екі қытайлық азамат неге тек айыппұлмен жазаланды, елден неге шығарылмады деген пікірлер білдірген еді. Тағы бір жағдай, өткен жылдың желтоқсанында Өзбекстан азаматы Вокзал маңы ықшамауданында «Тойота» көлігімен жүргіншілер өткелінде адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жүргінші көп зардап шеккен жоқ, сондықтан әкімшілік сот оны ӘҚтК-тің 611-бабымен ("ЖКО кезінде жүргізушінің өз міндеттерін орындамауы") айыптап, 30 тәулік әкімшілік қамаққа алған еді. Елден шығару туралы әңгіме де болған жоқ. Бұл сұрақтарға Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік соттың төрағасы Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ жауап берді:

- Депортация – бұл тек Қазақстанда болу қағидаларын бұзу кезінде ғана қолданылатын жаза. Ал қалған жағдайларда елімізде әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзған шетелдіктер қазақстандықтармен бірдей жазаланады.

Бұл тақырыпты, айтпақшы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек СМАҒҰЛОВ Көші-қон қызметі орталығында болған кезінде көтерген еді:

- Елімізде қылмыс жасаған мигранттарды жіті бақылауға алуымыз керек. Заңнамаларда жазасын өтеген шетелдіктерді бірден елден шығаруға мүмкіндік беретін баптар жоқ, олар елде болып, тағы да қылмыс жасауы мүмкін. Сонымен қатар, депутаттар қылмыс жасаған шетелдіктер Қазақстанға кері кіре алмауы үшін бұларды тіркейтін арнайы ақпараттық база жасау керектігін ұсынып отыр. 

Фархат ӘБІЛОВ

15 ақпан 2019, 12:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.