Биылдан бастап Қытай экономикасы әлдеқайда құлдырайды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Morgan Stanley америкалық банк холдингінің мәліметінше, Қытайдағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші екінші тоқсанда бәсеңдейді.
Сонымен қатар, елдің сыртқы және ішкі нарықтағы қаржысы тұрақталмай тұрғандықтан, банктер арқылы келеді деген қыруар қаражаттың есебі теріс көрсеткішке жеткен. Ресми статистикалық мәліметтеріне қарағанда, қарашада сату мөлшері 8,1%-ға өскен. Ал бұл 2003 жылдан бергі ең төменгі өсім көрсеткіш. Шынтуайтына келгенде, Қытайдың қазіргі тап болып отырған басты проблемасы АҚШ-пен сауда соғысы ғана емес. Алдағы күндері ҚХР Құрама Штаттарымен ортақ сауда келісіміне келсе де, тұрмыстық борыштардың артуы мен жылжымайтын мүлік нарығының құлдырауы елдегі ішкі сұраныстың азаюына әсер етеді. Экономистердің айтуынша, Қытайда биыл 6,5% болған ЖІӨ 2019 жылы 6,1%-ға азаяды.
Яғни экономиканың өсу қарқыны жыл өткен сайын құлдырайды. Әр алты ай сайын АҚШ Қазына департаменті өзінің ең негізгі сауда серіктеріне «Әлемдік экономика және валюта бағамы саясаты туралы есеп» беріп, Конгреске ұсынады. 2018 жылғы сәуірдегі есеп бойынша, Қытай валюталық манипуляциялар тізіміне енгізілген жоқ. Сол себепті, Қазына департаменті Қытай үкіметін нақты шаралар қабылдауға шақырған.
Айталық, АҚШ өнімдері мен қызмет өтеуін ашық нарыққа шығару, мемлекет тарабынан араласуды қысқарту, шетелдік кәсіпорындарға нарықта үлкен рөл алуына жол беру, тыңшылық әрекет үшін пайдаланылатын құрылғыларды таратпау және тағы басқа. Былтыр АҚШ пен Қытай басшыларының Аргентинада өткен кездесуінен соң, қос тарап сауда соғысын келіссөз арқылы шешуге келіскен болатын. Дегенмен, келіссөз мерзімі шектеулі. Тараптар 1 наурызға дейін екіжақты тиімді келісімге келуі керек. Олай болмағанда қосымша кедендік салықтар іске қосылады.
Дереккөз: qazaqtimes.com