Исатай ауданы Аққыстау ауылының ауылішілік жолдарының күйсіздігін тұрғындар кезіндегі «атақты» Гурьев балшығымен теңестіреді. Аудан орталығы топырағы тұзды, сортаң жерде орналасқан. Cәл жаңбыр жауса, ауыл іші ми батпаққа айналып, адамдардың аяғынан резеңке етік түспейді.
- Мұндай көрініс бұрындары облыс орталығында болатын еді ғой. Онда, әйтеуір, дренаж жасалып, біраз бөлігі асфальттанып, балшықтан құтқарылды, ал біздің жайымыз өте қиын күйде қалды. Тек орталықтағы санаулы көше болмаса, сырт жақтарында жол жоқ,- дейді аққыстаулықтар.
Аққыстауда жалпы ұзындығы 31 шақырым ауылішілік жол болса, соның 7 шақырымы ғана бұдан төрт жыл бұрын жөндеуден өткен. Күрделі жөндеуге құжаттамалар әзірленгенмен, жақын арада жол түзеледі деуге үміт жоқ.
- 2017 жылы 8 шақырымға, өткен жылы 16,3 шақырым жолға сметалық құжаттар сараптамадан өтті,- дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан АБИЛХАСИМОВ. - Алайда екі жыл бұрын Аққыстауда кәріз тазарту имараты мен кәріз желілерінің құрылысы басталды. Осыған байланысты кәріз жүргізу кезінде асфальт жолдарды бұзбас үшін күрделі жөндеуді кейінге қалдырдық. Бұл жұмыстар 2020 жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор