Үкіметтік қолдау бағдарламасы аясында үлестіріліп жатқан макарон, күріш, қант және өсімдік майы шекараның арғы бетінде қаңтарылып тұрған гуманитарлық көмектің де тізімінде бар. Алайда оппозиция басшысы Хуан Гуаидо ұйымдастырған АҚШ-тың гуманитарлық жәрдемін Венесуэла әскері елге кіргізбей тұр.
Мұнай қоры бойынша әлемде жетекші орында болғанымен, Венесуэланың әл-ауқаты соңғы жылдары нашарлады. Күн көріс қиындай түскендіктен, миллионаған адам елден үдере көшкен.
Нелли Мендоза, жергілікті тұрғын:
- Бұл бір реттік акция ғана болмай, ары қарай жалғасын тапса деймін. Себебі, қазір халық қиын күндерді басынан кешуде. Сондай-ақ қажет заттардың жетіспеушілігі қатты байқалатын ауруханаларға да барғаны жақсы болар еді. Ондағы дәрі-дәрмек жоқтың қасы. Сырқаттанып жатқандар мен обыр дертіне шалдыққан балалар бар. Оларға көмек ауадай қажет. Сондықтан қажет заттарды бұл жерде ғана емес, өзге де жерлерге барып таратса деймін.
Дереккөз: 24.kz