Бүгін, 10 қаңтарда Атырауда тұңғыш рет «ICE RACE 2019» қысқы марафоны өткізіліп, оған 500-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Негізі, марафон деген аты ғана болмаса, жүгіру облыстық әкімдік ғимаратынан басталып, жағалаумен АМУ-ге дейін барып, облыстық әкімдік алдына кері келіп, 4 шақырымға ғана созылды.
«Atyrau Marathon» ұйымдастыру комитетінің тете-президенті Юрий ПОНОМАРЕВТЫҢ айтуынша, бұл марафонды Жайықтағы мұз үстінде ұйымдастыру жоспарланған. Алайда күн райына байланысты төтенше жағдайлар департаменті рұқсат етпеген.
Марафон мәресіне ерлер арасында АМУ-дің спорт факультетінің 3 курс студенті Шалқар АЙДЫН бірінші болып жетсе, қыздар арасынан Әмина ЗИНОРОВА алғаш келді.
- Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін шет тілі мамандығы бойынша аяқтап, қазір Атырау қаласындағы №12 мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Понкратионнан әйелдер арасында Қазақстан чемпионымын. Сүйікті ісім, әрине – спорт,- деп өзі туралы айтып өтті Әмина.
Айта кетейік Әмина былтыр «Atyrau Marathon-2018» жарысында да 42 шақырым бойынша абсолюттік чемпион атанған еді.
Шара соңында ерлер және әйелдер арасында алғашқы үштікте келгендерге дипломдар мен естелік медальдар берілді. Қалған марафоншылар «Қатысқаны үшін» дипломдарына ие болды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор