Академик Мұфтах Диаров дабыл қағады
Табиғи және антропогендік факторлардың әсерімен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, көлік шаруашылықтарының Жайық өзенін қорғауға салғырт қарауы, биліктің әрекетсіздігі салдарынан Жайық өзеніне болашақта апаттық ластану қаупі төніп тұр.
Бұлай болжам жасауға мынадай жағдайлар негіз болады:
1. Атырау қаласының жер қыртысы, топырағы - ежелгі теңіздердің түбі немесе қайта түзілген тау жыныстарының үйінділері, яғни, құмды-сазды шөгінділерден – құмайттан, саздақтан, саз қабаттары бар құмнан тұрады және бүкіл ылғалды өзіне сіңіріп алады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың ластанған апаттық-технологиялық сулары, сондай-ақ әкімшілік және басқа ғимараттардың кәріз сулары жер асты суларының деңгейін үнемі толықтырып тұрады.
Қазіргі кезде жерасты сулары 20-30 см тереңдікте және кей жерлерде жер бетіне шығып жатыр. Дина Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайы жанындағы ластанған жер асты сулары Жайыққа құйылады. Мұндай құбылыс Атырау қаласының кейбір шектеулі учаскелерінде байқалады. Жалпы алғанда, жер асты сулары ешқайда кетпейді, үнемі атмосфералық жауын-шашынмен, апатты кәріз суларымен және басқа да сулармен толығып отырады. Ғимараттар мен құрылыстар ұдайы шөгеді. Кеңес дәуіріндегі бір қабатты саман тастан салынған үйлер 1-1,5 метр төмен отырып кеткен.
2. «АМӨЗ» ЖШС-нің сұйық қалдықтарынан Жайықтың ықтимал апаттық ластану қаупі бар.
Атыраудағы экологиялық шиеленістің негізгі көзі - оның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары, олардың өндірістік қалдықтары, әсіресе, сарқынды лас сулар түріндегі сұйық қалдықтар. Шығыстан қаланың сол жағалауына қарай шектесіп жатқан «Сасықсай» («Квадрат») оңтүстік-шығыс тұндырғышы сонау 1945 жылы салынып, Атырау мұнай өңдеу зауытына тіркелді.
Бастапқыда бұл тәулігіне 24 мың текше метр сұйық жинауға және буландыруға арналды, алайда Атырау МӨЗ статистикасы бойынша, Атырау қаласының сол жағалауындағы барлық кәсіпорындардан күн сайын тұндырғышқа 60 мың текше метрден астам сарқынды су құйылады. Сұйық қалдықтарды сақтайтын «Сасықсай» полигоны – шын мәнінде, күшті улы заттар «қорымы». Бүгінде тұндырғышта көп мөлшерде қатты ластанған шамамен 50-70 миллион текше метр (200 ШРК-ға дейін мұнай өнімдері, 20-80 ШРК фенолдар, сондай-ақ, хлоридтер, аммоний тұздары, сульфаттар, ауыр металдар - мыс, мырыш, хром және т.б.) сұйық қалдықтар жинақталған.
1949 жылдан 1973 жылға дейін тұндырғыш аумағы 5 есеге, 1973 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - тағы 3-3,5 есеге өсті. Тұндырғыш-буландырғыш негізінен солтүстік, оңтүстік және шығыс бағытқа кеңейеді. Қазір оның аумағы 50 шаршы километрден асады. «Сасықсай» тұндырғышының беті біркелкі емес. Оның басым бөлігін оңтүстік бөлігінде шын мәнінде сүзгілеу қызметін атқаратын қалың қамыс қопасы басқан. Ашық су учаскелері де бар. АМӨЗ-ден келетін негізгі каналдың солтүстігіне қарай судың жиіркенішті өткір иісі бар, учаскелерді химиялық беттік-белсенді қосылыстардың ақ көбігі және кей жерлерін битум қабаты басқан. Каналдан оңтүстікке қарай қалыңдығы 0,3 метрге дейін тұтас битум қабатымен жабылған едәуір аумақ байқалады. Өсімдік жамылғысы жоқ шағын құрғақ аралдар да бар. Тұндырғыштың оңтүстік бөлігінде сай-жыралардың бойынан үйінділердің айқын бұзылған іздер байқалады. Мұндағы судың иісі іркілген батпақты судың иісіндей.
Жоғарыда айтылғандай, тұндырғыштың инфильтрация әсерінің зияны да аз емес. Үйіндінің бүкіл периметрінде қарқындылығы әртүрлі сүзу аймақтары айқын көрінеді. Үйіндінің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөліктерін бойлай инфильтрациялық әсердің тұтас алаңы «Котлован» каналының жүйесін құрайтын, әрі қарай «Гогольский» каналы арқылы Каспий теңізіне су ағызатын ағын су құрылысының алаңын қосқанда 3 шақырымға дейін созылып жатыр.
Инфильтрацияның қарқындылығы мен салдары әртүрлі. Көп жағдайларда - бұлар максималдық ылғал, кейде өсімдіктер шықпайтын және ылғал сортаңдарға айналатын учаскелер.
Тұндырғыш үйіндісінің бойында қамыс қопасы, жыңғыл және сораңдар жамылған сүзгілеу аймақтары байқалады. Тұндырғыштың оңтүстігі мен солтүстігіне қарай аудандар салыстырмалы түрде ылғалды, бірақ өсімдіктері тозған аумақтар да бар. Осындай тозған жерлерді Перетаска өзеніне бағытталған жылу құбырынан шығатын екі каналдың арасынан байқауға болады.
Бұл жерлер -, көбіне суландырылған алаңдар мен тұзды жерлер. Батысқа қарай Тасқала ауылының бағытында әртүрлі дәрежеде тозығы жеткен: су басқан, тұзды, өсімдік шықпаған аудандар байқалады; тек суармалы жерлерде қалыпты топырақты - өсімдік жамылғысы бар жекелеген алаңдар бар. Мелиорацияланған жерлердің басым бөлігінде ішінара немесе толық тозу - қарқынды тұздану байқалады. Жайық өзені мен Перетаска өзенінің арасынан да түрлі ылғалдылық дәрежесіндегі және ішінара тозған жерлер көруге болады. Аумақта тіршілік үшін жарамды учаскелер де бар.
1993 жылдан бастап Атырау гидрогеология экспедициясы «АМӨЗ» АҚ-пен жасалған келісімшарт бойынша сарқынды сулардың жер асты суларына әсерін анықтау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Жер асты суларында негізгі ластауыштардың: мұнайдың, фенолдың, күкіртсутегінің болуына қатысты бақылау жүргізілді. Нәтижелер солтүстік-батыс бағытта үйіндіге тікелей жақын орналасқан ұңғымаларда, яғни, мұнай өнімдерінің концентрациясы 0,24 мг/дм3 дейін жеткен төгу каналында мұнай өнімдері құрамының асып кеткенін көрсетті. Үйіндінің солтүстік-батыс жағындағы анағұрлым қарқынды сүзгілеу орындарында жер асты суларының сынамаларынан күкіртсутегі құрамының шамадан асқаны (4,08 мг/дм3) тіркелді.
Бұл жерде «Сасықсайдың» өткен ғасырдың соңындағы ахуалын келтірдік. 2000 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Сасықсайға» сұйық қалдықтарды шығару үнемі өсіп отырды. Сайды пайдаланған 74 жыл ішінде 50 ш.м. құрайтын үлкен ауданда бақыланбайтын, реттелмейтін улы заттардың (сұйық және қатты қалдықтар) ошағы түзілді.
«Сасықсай» қоршалмаған және еш нәрсемен шектеу қойылмаған. Бұл жерде жер асты суларына жекелеген химиялық қосылыстардың инфильтрациясы жүреді.
«Сасықсайдан» Жайық өзеніне дейін, «АМӨЗ» ЖШС аумағын қоса алғандағы қашықтық 3 шақырымға жуық. Айтып өткеніміздей, «Сасықсайдың» сұйық қалдықтары көптеген жылдар бойы жер қойнауының жекелеген әлсіреген аймақтарының бойымен, өзеннің ескі арналарының бойымен, тау жыныстарының (шөгінділердің) жылжыған жекелеген аудандарының бойымен көшіп, тереңге сіңді. Инфильтрациялық, көшу жолдары Рихтер шкаласы бойынша 1-2 баллдық әлсіз жер сілкінісінің нәтижесінде кеңеюі мүмкін.
Шектеулі учаскелерде көшу жолдары ағысының бойымен улы жауын-шашындар мұнай өңдеу зауытының аумағындағы жер асты суларына түсуі мүмкін.
Бізде химия зауытының сұйық қалдықтарының айтарлықтай қашықтыққа (40-45 км) көшу фактілері бар.
Ақтөбеден 40-45 км оңтүстік-батыс бағытында, Алға ауылында орналасқан бор өнімдерін өндіретін химия зауыты 20-30 жыл жұмыс жасағаннан кейін Ақтөбенің жер асты сулары мен Елек өзенін бор уыттарымен ластады.
Бәлкім, Атырауда да ұқсас фактілер бар шығар.
3. Жайықтың ықтимал апаттық ластануының тағы бір нұсқасы жер шарындағы климаттың өзгеруімен байланысты. Ең алдымен, Атырау топырағы өте осал екенін атап өтейін. Су жерге тереңдеп сіңбейді. Жер асты суларының деңгейі үнемі өсіп отырады. Қазіргі кезде Еуразияның және басқа континенттердің климаттық жағдайы көз алдымызда айтарлықтай өзгеруде.
2018-2019 жж. Ресейде Сочи, Краснодар, Волгоград, Ростов-на-Дону, Саратов, Орынбор қалаларында және Сібірде жаңбыр түрінде аномалдық жауын-шашын болды. Жаңбыр шелектеп жауды, тәулік ішінде бір айлық және екі айлық норма түсті. Жаңбыр бірнеше күн, апта бойы жауып, қоршаған ортаны су басуы мүмкін еді. Аталмыш қалаларда сел жауып, айналаны су басып, қирады.
Қазір Саратов пен орталық Ресейде айлап қар жауып жатыр. Сондай-ақ, Сочиде, Краснодарда, Волгоградта, Мәскеуде және басқа да жерлерде осындай жағдайлар байқалып отыр. Бұл жақта аномалдық құбылыстармен күресу үшін әскери техникалар жұмылдырылуда.
Біздің өлкемізде мұндай құбылыстар әзір болып жатқан жоқ, бірақ бізде де аномалдық жауын-шашындар мен қар жауады. Бұл жағдайда бұрынғы битум зауытының мазутталған топырағы, ластанған топырақтар, көмір қалдықтары - бәрі жаңбырмен шайылып, Жайыққа құйылады. Өзен суының сапасы күрт нашарлайды, бәлкім, «Сасықсайды» да шаюы мүмкін.
Қала бұл құбылысқа мүлдем дайын емес. Одан құтылатын жалғыз жол - жер асты суларының деңгейін төмендету үшін дренаж жұмыстарын жүргізу, бірақ бұл жұмыстар жүргізілмейді.
«Сасықсай» мен «АМӨЗ» ЖШС зауытының аумағына, соның ішінде жыраларға, уақытша ағындардың арналарына, атмосфералық жауын-шашынның көшу жолдарына шұғыл арада егжей-тегжейлі, кешенді зерттеу жүргізген жөн.
Болашақта, ерте ме, кеш пе, «Сасықсайдың» ластанған сарқынды суларының Жайық пен Каспий теңізінің жағалауына құйылуын жоққа шығаруға болмайды. Жағдайды нақтылау үшін «Сасықсайдың» батыс жағалауы мен Жайыққа дейінгі аралықтағы бірнеше ұңғымалардың гидрогеологиялық профильдерін бұрғылау қажет. Басқа гидрогеологиялық профиль Каспий теңізінің оңтүстік жағалауы мен солтүстік жағалауы арасына салынуы тиіс.
Гидрогеологиялық ұңғымалардың негізгі міндеті - «Сасықсай» мен Жайықтың сарқынды суларының ықтимал гидрогеологиялық өзара байланысын анықтау, сондай-ақ «Сасықсайдың» сарқынды сулары мен Каспий теңізі суларының арасындағы өзара байланысты орнату.
Бүкіл қаланы әлденеше рет су басатындай жауатын жауын-шашындар, қар секілді табиғи аномалдық жоғары атмосфералық құбылыстар болған жағдайда Жайықты қорғаудың кешенді шараларын әзірлеу қажет.
Қаланың жағалау бөлігіндегі жер асты суларының деңгейін төмендетуге арналған барлық шараларды жасау қажет. Жер асты суларының Жайыққа құйылатын жерін, оның ішінде бетон плиталармен жабылған жағалау бөлігін толық зерттеу керек. Атыраудың барлық бөліктерінде дренаж жұмыстарын дереу жалғастыру қажет.
Сондай-ақ, 7 қабаттан жоғары жаңа ғимараттар мен құрылыстар салуға тыйым салу керек. Кеңес дәуірінде Гурьевке Кеңес одағының көптеген мамандары жиналып, құмды-сазды топырақты жағдайда тиімді қала құрылысын жоспарлау мәселесін талқылады. 7 қабаттан жоғары ғимараттар салуға болмайды, ал іргетас арнайы қадалар үстінде болуы керек деген шешім қабылданды. КСРО ыдырағаннан кейін жаңа билік, тіпті, Жайықтың жағалауынан 22 қабатты биік ғимараттар сала бастады. Іргетасын да ауыстырды. Үлкен шұңқыр қазылып, үлкен бетон төсемелер салынып, топырақпен жабылады да, оған ғимараттың өзі орнатылады. Бұдан жерге көп күш түседі де, нәтижесінде жер асты сулары тереңнен жер бетіне сығылып шығады.
Мұфтах ДИАРОВ, ҚР ҰҒА академигі