Атырау облысында 2017 жылы 387 адамнан Кох таяқшасы табылса, 2018 жылы 469-ға жеткен. Сондай-ақ біздің өңіріміз ел бойынша туберкулезбен ауыратындар саны жағынан көш бастап тұр (бізден кейін Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысы). Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қуатжан ТҰРЫСБЕКОВ бұл жағдай көптеген себептермен қатар біздегі климаттық ерекшеліктермен де байланысты екенін айтады.
СЕБЕПТЕР САНЫ
- Бүгінгі күні есебімізде туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 1003 науқас бар, бұлардың 698-і жабық түрімен ауырып, үйлерінен амбулаториялық ем алады,- дейді Тұрысбеков. - Қазір облыстық диспансерде туберкулездің ашық түрімен ауыратын 200-ге жуық науқас жатыр, оларды ай сайын тексеріп отырамыз, жағдайлары оңалып келе жатқаны байқалса, диспансерден шығарып, амбулаториялық ем алуға жібереміз. Қазір бұрынғыша екі жыл ұстап емдеуге негіз жоқ.
- Облыста туберкулездің өсуінің басты себептері қандай?
- Бірнеше себептерді айтуға болады: бірінші, тұрғындарды флюрографиялық тексеруді көбейттік, яғни көбірек анықталып жатыр. Екінші себеп - әлеуметтік көрсеткіш. 2018 жылы жаңадан ауырғандардың 70%-ы жұмыссыз тұрғындар. Бұл адамдар дұрыс тамақтанбай, күтінбей, осы ауруға шалдығып отыр. Егер олар жұмыс жасап, үнемі қозғалыста болып, дұрыс тамақтанса – ауырмас еді. Үшіншіден, континентальдық ауа-райы. Атырауда жазда өте ыстық, қыста - өте суық. Жазда «күн ыссы» деп, қыста «күн аяз» деп далаға шықпай, ауруға жеңіліп қаламыз. Ауасы уақытында желдетілмейтін орынжай ішінде инфекцияның таралуына жақсы жағдай жасалады.
АУДАНДАРДАҒЫ ДИСПАНСЕРЛЕР ЖАБЫЛДЫ
«АЖ» аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлердің бірінен соң бірі жабылып жатқаны туралы жазды. Қазір тек облыс орталығындағы және мақаттағы мәжбүрлеп емдеу ауруханасы ған жұмыс істеп тұр. Бүгінде құрлысына 1 млрд 146 мың теңге кеткен Махамбет ауданындағы диспансер де бос тұр.
Тұрысбековтың айтуынша, аудандарда жабылған туберкулезге қарсы диспансерлерді басқа мақсаттарға пайдалану қауіпсіз. Тек бір жыл күту керек. Бұл уақытта өтті, кейбірі басқа мақсатта қолданылып жатыр. Қызылқоға ауданы Миялы селосында орналасқан аудандық туберкулезға қарсы диспансері жабылғаннан кейін, ғимараты облыстық Полиция департаментінің балансына берілген. Енді бұл жерде полиция бөлімшесі болады. Жылыой ауданындағы үш қабатты диспансер ғимаратында әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды. Мақат ауданында тек мәжбүрлеп емдеу диспансері ғана қалдырып, туберкулезбен ауыратын балаларға арналған санаториялық типтегі балабақша жәй балабақшаға айналған. Индер ауданындағы тубдиспансер жабылып, оның орнына псиxо-неврологиялық диспансер құрылған. Исатай ауданындағы аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің ғимараты 2011 жылы апатты деп танылып жабылды. Құрманғазы ауданындағы облыстық өкпе ауруларын емдеу-сауықтыру орталығы мен аудандық туберкулезге қарсы диспансер де жабылған. Әзірге бұл ғимараттардың не үшін пайдаға асатыны белгісіз.
...МҮМКІН ЖАППАУ КЕРЕК ПЕ ЕДІ?
Сартоғай ауылының тұрғыны Сұлухаш ҚАМАРОВА Махамбет аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде 1994 жылдан 2017 жылы жабылғанға дейін бас медбике болып жасаған. Диспансер жабылған кезде зейнеткерлікке шыққан:
- Мен 23 жыл жұмыс жасадым. Сол кезде науқастардың ем қабылдауын қатаң қадағалаушы едік,- дейді Сұлухаш апа.- Біздің диспансерде науқастар шұбат ішіп, жақсы тамақтанатын. Олар күніне 4000-4700 калория жинап, иммунитетін көтеретін. Қазір көбін амбулаториялық жолмен емдеп, диспансерлерді жауып тастады. Болашақта бұған өкінуіміз мүмкін. Кейбір адамдар үйде өзін күтпейді, керекті калория тамақ жемейді. Күтім болмаса, науқас толық жазылады деп айту қиын.
Дегенмен, туберкулезбен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмегі тегін, ай сайын 10 АЕК, яғни 24 500 теңге әлеуметтік көмек алады.
Фархат ӘБІЛОВ