Жыл басында Атырауда салтанатты түрде ашылған үш ескерткішке (Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің композициялық мүсіні, Қаршыға Ахмедияров пен Әбу Сәрсенбаевтың ескерткіші) жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Алда тағы осындай бес мүсін орнату жоспарланған.
«Қазақстан» қонақ үйінің алдына қойылған белгілі күйші, композитор Қаршыға Ахмедияровтың ескерткішінің авторы - белгілі суретші, алматылық Едіге РАХМАДИЕВ. Ескерткіштің биіктігі 3,5 метр. Ал Алмагүл ықшамауданы аллеясындағы халық ақыны Әбу Сәрсенбаевтың ескерткішін Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі қарағандылық Айдархан ҚАЛМАХАНОВ мүсіндеген. Мұның да биіктігі 3,5 метр.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бұдан бөлек жыл соңынан дейін Ерғалиев жағалауына жерлес ақынымыз Хамит Ерғалиевтың, АМУ ғимаратының алдына Алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтың және облыстық әкімдіктің жаңа ғимаратының алдына кіші жүздің көсемі Әйтеке бидің ескерткіші орнатылатын болады. Сонымен бірге биыл аналарға арналған «Ана құдіреті» композициясы мен Абай Құнанбаевтың мүсіні де қала орталығынан бой көтеретін болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор