Атырау, 27 желтоқсан 00:33
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Атырау – суретшілер көзімен

11 084 просмотра

1 қыркүйек күні «Ақ желкен» шығармашылығы орталығында «Алтын қайық» номинациясының қала көріністері жанрындағы республикалық симпозиум өтті. Оған Алматыдан тәжірибелерімен бөлісуге келген үш суретшімен бірге, «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған «Алтын қайық» байқауына өз жұмыстарын алып келген Ақтөбе, Ақтау, Оралдан келген 16 суретші қатысты.

Қылқалам шеберлері 5 күн қатарынан Атырау қаласының көрнекті жерлерін аралап, сәулетті ғимараттар мен әсем көріністерді туындыларына арқау етті. Көрмеге 128 картина ілінді. Айтпақшы, жақында «Ақ желкен» шығармашылығы орталығында суреттер қоры ашылды. Аталмыш көрмеге қойылған 128 картинаның 90-ы осы қорға қалдырылады. Байқау талаптары бойынша әр суретші 3 картина салуы керек болатын. Ал мәселен, Ақтөбеден келген суретші Болат АТЫРАУБАЕВ (дәл солай!) 7 картина салған.

- Қала көріністерін салуға 30 минут, көп дегенде 1-2 сағат жұмсадық. Мұны аяқталмаған сурет деп атайды. Оған көп уақыт жұмсалмайды. Ал аяқталған суретке бір күн де аздық етуі мүмкін. Ол кейде бір ай бойы салынуы да мүмкін. Өздеріңіз де көріп тұрсыз, бір объектіні салған әрбір суретшінің жұмысы әр түрлі шыққан. Біреу майлы бояуды көп жағады, біреулер акрилді бояумен салады. Өзіндік қолтаңбалары көрініп тұр, - дейді Б.Атыраубаев.  

Ал Алматыдан құрметті қонақ ретінде шақырылған белгілі қылқалам шебері Рашид ҚҰЛБАТЫРОВ (суретте) бұл шараның алдымен позитивтік көңіл-күй сыйлағанын және мұндай басқосулардың шығармашылық адамға қанат бітіретінін айтты. Қарап тұрсақ, Р.Құлбатыровтың барлық туындысынан қала көріністерін фотосуретке түсіріп алғандай, дәл айнытпай салғанын байқаймыз.  

-Қаланың көркем жерлерін аралап, алған әсерлерімізді плакатқа түсірдік. Менің бағытым – реализм. Мен көз алдымдағыны сол күйінде бейнелегенді қалаймын. Әрбір суретшінің өз техникасы, өз стилі бар. Бірақ, олардың әрқайсысының өзіне тән шеберлігі болады, - дейді суретші Рашид Құлбатыров.     

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 қыркүйек 2012, 19:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.