Атырау, 22 қараша 13:49
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

#10yearschallengе: Атырау 2009-2019

Сурет
3 857 просмотра

Биылғы қаңтар айының басында американдық журналист Деймон ЛЕЙН өзінің Фейсбуктағы парақшасында How Hard Did Aging Hit You Challenge - сізді жасыңыз қаншалықты өзгертті деген тақырыппен 2009 және 2019 жылдардағы фотосуреттерін қызықты түрде салыстырып, жариялаған еді. Әлеуметтік желілерде бұл идея тез тарала бастады. Тек бір аптаның ішінде #10yearschallengе хэштегіндегі жарияланымдар саны 2 миллионнан асып кетті. Пайдаланушылар өздерінің фотосуреттерімен қатар қалаларды, валюталарды, азық-түлік бағалары мен басқаларын салыстыра бастады. «AЖ» да осы үрдістен қалыс қалмай, соңғы 10 жылда Атырауда болған кейбір өзгерістерді бақылауды ұйғарды.


Орталық айналма жол – енді субұрқақ емес

Ұзақ уақыт бойына мұнайлы астананың келбетіне айналған сол жақ жағалауға шығатын орталық айналма жол едәуір өзгерді. Күні кешеге дейін айналма жол қала тұрғындары мен қонақтарының көзайымы болып қана қоймай, үздіксіз көлік ағымымен көтерілетін шаңды басып тұрған субұрқақтармен ажарландырып тұрған еді. Біз үшін, бәлкім, субұрқақтарды «торт» деп аталатын жалт-жұлт еткен керемет қондырғымен алмастырған кезде шенеуніктердің нені басшылыққа алғаны құпия болып қала беретін шығар.


Қос тербелме

Ал орталық көпірден оң жақ жағалауға түскен кезде бізді мұнай тербелмесі бар «алтын» қабырға қарсы алады. Жақын жерде қалаға «Ембімұнайгаздың» 2016 жылы тарту еткен шынайы мұнай тербелмесі бейбіт тербеліп тұр. Оны күні, уақыты және ауа температурасы жазылған электронды таблоның орнына орнатқан еді.



Бос жерге салынған ретро-парк

Егер он жыл бұрынғы Жилгородоктың суретіне қарасаңыз, Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінің жанынан үлкен бос алаңқайды көресіз. 2015 жылы өзен жағасындағы бұл алаңды болашақ ретро паркіне беру туралы шешім қабылданды.

Атауынан көрініп тұрғандай, ол амфитеатр, тоғандар мен музыкалық субұрқақтары бар классикалық рухта жасалуы тиіс болатын. ТШО қаржысына «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған парк құрылысы ұзаққа созылды, бірақ 2017 жылдың қазан айында Атырау тұрғындары жаңа демалыс орнына ие болды.

Алайда, саябақ пайдалануға берілгеннен кейін суару жүйесінде проблемалар пайда болды. Соның салдарынан газон мен қылқан жапырақты ағаштар қурап қалды. Жасанды тоғандағы су қарайып, лайланып қалды. Алайда бастапқыда оған тұқыларды ұстау жоспарланған болатын. Қала тұрғындары да шет қалмады: ашылғаннан кейінгі алғашқы күндерде келушілер жаңадан салынған газонды таптап, субұрқақтарға аяқ киімдерін жуып, қоғамдық дәретхананы сындырып, тіпті, аты аңызға айналған «Дос Мұқасан» ансамблінің құрметіне қойылған мүсіндік композицияның барабан таяқшасын сындырып тастады.



Жалғаманың орнына ғимарат

Азаматтарға «аппендикс» деген атаумен көбірек таныс облыстық әкімдіктің артында тұрған «Атырау» мәдени орталығы 2017 жылы апатты және бұзылуға тиесілі деп танылды. Өткен жылы «аппендиксті» бетон тіректермен бірге бұзып, қазір оның орнына алты қабатты ғимарат салынуда. Оған өңіріміздің атқарушы және заңнамалық органдарының өкілдері орналаспақ.



Қаланың басты қонақ үйі болған еді 

Ең қайғылы өзгеріс«Ақ Жайық» қонақ үйінде болды. Өткен жылдың шілдесінде мұнда үлкен өрт шықты. Айтпақшы, оның себептері әлі анықталмады. Бұл оқиғаның қанша уақыт ақ кенептермен «жамалып» тұратыны белгісіз.



Жеңіс және Естелік саябағы

Соңғы 10 жыл ішінде Жеңіс саябағында да өзгерістер болды. Мұнда 2015 жылы «Естелік қабырғасы» мемориалдық кешені пайда болды. Оның басты элементі - ақ травертиннен жасалған және сегіз тік гранит плиталарымен қоршалған триумфальдық арка. Онда ұрыс даласынан оралмаған атыраулықтардың есімі алтын әріптермен ойылып жазылған. Ансамбльдің ортасында -  майдангерлердің суреті бейнеленген қара граниттен жасалған екі барельеф, олардың айналасында – гүлдермен көмкерілген газондар мен орындықтар бар. Ал жалпы «Жеңіс саябағы» - қаладағы жасыл және жақсы демалыс аймағының бірі.



«Евразияның» оралуы

Жеңіс саябағы туралы айтқан соң іргелес жатқан «Евразия» ойын-сауық саябағы туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол ұзақ уақыт қараусыз қалып, өткен жазда қайта жанданды. Рас, бұрынғыға қарағанда аттракциондар әлдеқайда аз, бірақ қала тұрғындары үшін бұл жоқтан жақсы. Саябақтың қалған бөлігі де назардан тыс қалмайды деп үміттенеміз. Оған қоршау жүргізген жақсы болар еді.

Анастасия АЛЮШИНА

Суретті түсірген автор және «АЖ» мұрағатынан алынды

24 қаңтар 2019, 19:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.