Ресей үкіметі "өтірік ақпарат" және билік органдары мен мемлекетке құрмет көрсетпеу туралы төрт заң жобасына оң пікір білдірді. "Интерфакс" агенттігінің Ресей мелмектетік думасы мемлекет құрылымы және заңнама комитетінің төрағасы Павел Крашенинниковке сілтеме жасап хабарлауынша, екі заң жобасына қатысты пікір 24 қаңтарға қараған түні ғана түскен.
Заң жобаларын былтыр желтоқсанда федерация кеңесі конституциялық заңнама комитетінің жетекшісі Андрей Клишас пен оның бірнеше әріптестері ұсынған. Депутаттар "анық ақпар сияқты көрінетін расталмаған қоғамдық маңызы бар ақпаратты" егер оның салдары ауыр болса БАҚ пен интернетте жариялауға тыйым салуды ұсынады. Бұдан өзге, құжаттарда қоғамға, мемлекетке, мемлекеттік символдар мен билік органдарына "әбестік танытып, құрмет көрсетпеу" сипатындағы материалдарға да тыйым салуды ұсынады. Жоба авторлары тыйымды бұзғандарға айыппұл салуды немесе әкімшілік қамауға алуды ұсынады. Сонымен қатар, интернеттегі мұндай ақпараттар бұғатталып отырмақ.
Бұған дейін Ресей бас прокуратурасы, коммуникация және ақпарат министрлігі мен Роскомнадзор мекемесінің өкілдері заң жобаларын сынаған. Алайда, кейін бас прокуратура пікірін өзгерткен.
24 қаңтарда заң жобалары алғашқы оқылымда қаралады. Кеше мемлекеттік дума кеңесі егер үкімет бүгін таңертеңге дейін заң жобаларына қатысты ресми пікірін жолдамаса, онда құжататрды бірінші оқылымда қарауды кейінге қалдыратынын ескерткен.
Дереккөз: azattyq.org